
Фестиваль заманауи қуыршақ театрының сан алуан қырын көрсеткен, мәдениет пен өнерді тоғыстырған ерекше алаң болды. Биылғы өнер думанына Италия, Испания, Иран, Үндістан, Ресей, Болгария, Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстаннан келген он бес театр ұжымы мен жүз елуге жуық кәсіби қуыршақ шебері қатысып, көрермен қауымды түрлі стильдегі қойылымдарымен тәнті етті.
Фестиваль барысында үздік қатысушыларға қаржылай жүлделер мен арнайы номинациялар табысталды. Барлық ұжымдарға дипломдар мен естелік сыйлықтар үлестіріліп, еңбектері жоғары бағаланды.
Қойылымдармен қатар, қуыршақ театрының теориясы мен тәжірибесі тоғысқан шеберлік сабақтары мен дәрістер ұйымдастырылды. «Қуыршақ театрының өнер тарихындағы орны», «Қуыршақ шеберлерінің қол энергиясы», «XXI ғасырдағы қуыршақ театрының жаңа кеңістіктері» секілді өзекті тақырыптарды қамтыған бұл кездесулер халықаралық мамандар үшін кәсіби өсу мен өзара тәжірибе алмасудың тиімді алаңына айналды.
Мемлекеттік қуыршақ театрының директоры Алмат Амангелді қуыршақ театрының жемісі жетістігіне тоқталды:
«Бес күн бойы қуыршақ театрының әлемі жаңа бояуларға, жаңа есімдерге және жаңа идеяларға толы болды. Көрермендер мен қатысушылар түрлі елдің мәдениетін жақыннан танып, бір сахнада тоғысқан шығармашылық қуатты сезінді. Бұл фестивальдің шынайы табысы – барша әріптестердің еңбегінің жемісі. Келешекте де осындай игі бастамалар жалғасын тауып, қуыршақ театрының өнері өрлей берсін», деді.
Айта кету керек, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қуыршақ театры биыл 90 жылдық мерейтойын атап өтті. Темірбек Жүргеновтің бастамасымен 1935 жылы құрылған бұл театр – еліміздегі қуыршақ өнерінің қара шаңырағы саналады. Тоқсан жылдық тарихында ол бірнеше буын көрерменнің жүрегінен орын алып, ұлт мәдениетінің алтын қорына енді.