Қоғам • 24 Қазан, 2025

Өмірге ғашық әнші

30 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кеше елорда төріндегі Бейбітшілік және келісім сарайында белгілі опера және эстрада әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Толқын Забирова «Өмірге ғашықпын» атты мерейтойлық концертін көрерменіне тарту етті. Республика күні қарсаңында талғампаз тыңдарман назарына ұсынылған керемет кештің мәнді мазмұнымен қатар тосынсыйлары да мол болды.

Өмірге ғашық әнші

Салтанатты кешке Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қатысты.

Министр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын жеткізді.

Президент құттықтауында әншіні отандық өнердің ең жарқын өкілдерінің бірі, ерекше дауыс иесі ретінде атап өтті.

«Сіз әйгілі отандық және әлемдік опералық туындылар мен лирикалық әндерді шебер орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп жүрсіз. Ерекше табиғи дарыныңыз және тынымсыз еңбегіңіз ар­қылы еліміздің мәдени-рухани байлығының өрісін кеңей­ту­ге қосқан үлесіңіз өте мол. Кемел біліміңіз бен бойы­ңыз­дағы асыл қасиеттеріңіз­­бен замандастарыңыздың ортасында сый-құрметке бөле­­­ніп жүрсіз», делінген Мем­­ле­кет басшысының құттықтау ха­тында.

Иә, талантты адамдарды өзгелерден даралап тұратын өзіндік ерекшелігі болады. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші, профессор Толқын Забированың да ән әлемінде өзіндік қолтаңбасы бар. Ол – еліміздің үлкен сахналарына эстрада мен опера жанрының коллаборациясын алып шыққан алғашқы әнші. Өнер иесінің орындауындағы «Егіз лебіз», «Өмірге ғашықпын», «Қара маған», «Мәңгілік махаббат», «Сен үшін», «Сағындым сені»  сынды әндері әлі күнге дейін көрерменнің құлағында.

Қазақтың бұлбұл әншісі, ҚСРО халық әртісі Бибігүл Төлегеновадан кәсіби тәлім алып, үлкен сахналарды бағындыр­ған әншінің тума таланты қай кезде де ішкі тереңдік һәм биік талғаммен дараланады. Оның ерекше дауысы Шығыс нәзіктігі мен дала үнінің даралығын бір арнада тоғыстырып, әр әні жүректерге шексіз махаббат пен рухани кемелдікті паш ететіндей. Әншінің орындауындағы туындыларда өмірге, махаббатқа, туған жерге, адамгершілік пен рухани тазалыққа деген сүйіспеншілік айқын көрініс табады. Бір сөзбен айтқанда, Толқын Забирова – қазақ музыка мәдениеті үшін көпқырлы тұлға. Ол өнерде, сахнада ғана емес, ғылыми-педа­гоги­калық салада да табыс­ты қыз­мет етіп келеді.  Оның дауы­­сы мен ән стилі халықтық дәс­түр­мен, классикалық вокал­дық тәсілдермен әрі заманауи эстрадамен шебер үндеседі. Соны­мен қатар ол – жас таланттарды қолдау арқылы өнер әлемінде өзін ұстаз ретінде дәлелдеген дара дарын иесі. Бұл әншінің кәсіби біліктілігін әрі кеңейтіп, әрі нығайтады.

«Көзінің тірісінде анам осы концертті көруді армандады. Бірақ, өкінішке қарай, бұл күнге жете алмады. Бүгін анамның арманы орындалған күн. Анама деген махаббат мәңгілік жүрегімде өмір сүреді. Биігіне қондырса да, аязына тоңдырса да, мен өмірге ғашықпын! Өмірдің мәні – махаббат! Жүректің әні – махаббат! Ал мен шексіз махаббатты анам­ның мейірімінен сіңірдім. Сол шуақты бүгін сіздерге арнаймын», деп ағынан ақтарылып, сахнада жан сырымен бөліскен әнші Астана төрінде өткен керемет кешін­де ел құлағында жатталған ескі ән­дермен қатар, жанға жағып, жүрек­ке жеткен жаңа туындыларын да тарту етті. Осылайша, өнер иесі тыңдарманын сахнадағы 35 жылдық мерейлі белесінің құндылығына бойлатты.

2024 жылы Толқын Забирова «Парасат» орденімен марапатталды.