Басылым • 24 Қазан, 2025

Елорда эпопеясын қаттаған қос газет

50 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бейбітшілік және келісім сарайында «Елорда-ақпарат» медиахолдингіне қарасты «Аста­на ақшамы» және «Вечерняя Астана» газеттерінің шыға бастағанына 35 жыл толуына орай мерекелік іс-шара өтті.

Елорда эпопеясын қаттаған қос газет

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Тәуелсіздік таңы атар алдын­да жа­рық көрген қос басылым көп кешікпей-ақ еліміз­дің ақпарат кеңістігінен ойып отырып өз орындарын алды. Кеңестік сола­қай саясаттың кесірінен ұлт ұпайы түген­делмей тұрған Целиноград қала­сында қазақтың қалғып кеткен санасын қайта ояту, әрине оңай емес еді. «Ақ­мо­ла ақи­қатының» (газет әу баста осы­лай атал­ған) елін сүйген елгезек журна­листері бұл міндетті ойдағыдай орындады.

Ал Қазақстан егемендікке қол жет­кізіп, Ақмола астанаға айналған шалқымалы-тол­қымалы шақтарда егіз қозыдай екі үнжария еңсесін түзеп, елдік мәселелерді екшей білді. Алаштың алтын алқасындай ару Астананың мерейін өсіріп, мәртебесін биіктетуге қомақты үлес қосты. Бағаналы басты ордамыздың қалыптасу, даму, өркендеу кезеңдері туралы деректер мен дәйектерді астаналық әріптестеріміздің әр жылдары жазған мәйекті мақалаларынан молынан табуға болады. Елорда эпопея­сы әлі жазылып жатыр...

Мерейтойлық салтанатта Мемле­кеттік кеңесші Ерлан Қариннің, Пре­зидент көмекшісі-баспасөз хатшысы Руслан Желдібайдың, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның, Астана әкімі Жеңіс Қасым­бектің құттық­тау хаттары оқылды.

Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айзада Құрманова торқалы тойдың жоралғысын жасап, «Астана ақшамы» мен «Вечерняя Астананың» Ғалым Қожабек, Айгүл Уайсова, Шынар Жа­қыпова, Василий Крась, Юлия Мен­децкая, Максим Удод секілді маңдай­алды қызметкерлеріне түрлі марапат белгілерін тапсырды.

Әсерлі кеш Қазақстанның халық әртісі Айгүл Қосанова бастаған, Қай­рат Баекенов, Маржан Арапбаева, Құрмаш Маханов, Өзгеріс Шерікбай, Рухия Байдүкенова және басқа сахна саңлақтары қостаған әдемі ән-бимен әдіптеліп, көпшілік көңілін көншітті.

Ең бастысы, екі газеттің елорда ендіктері мен бой­лықтарындағы еңку-еңку жолдары ерекше декорациялармен айшықталып, көркем бейнекөріністер арқылы берілгенін атап өткеніміз жөн.

Мерейтойлық кеште сондай-ақ елордалық фото­тілшілер Сұлтан Сейіт, Василий Крась, Оңалхан Өнерханның суреттерінен құрастырылған «Объек­тивте – Астана айшықтары» атты көрме ұйымдастырылды. Көрменің ашылуында сөз сөйлеген Сенат депутаты (газеттің 2006–2008 жылдардағы бас редакторы) Нұртөре Жү­сіп пен Астана қа­лалық мәсли­хатының төрағасы Табиғат Зейнұлқабден қарасы қалың оқырман қауым мен қуаныш құшағындағы ұжым мүшелеріне жылы лебізін айтып, толағай табыс тіледі.

Мерейтойлық іс-шара­ға қос басы­лымның әр жыл­дардағы бас редакторлары мен ардагерлері, зиялы қауым өкілдері қатысты.

P.S. Көзіқарақты көпшілік «Астана ақшамы» елордалық мәртебе алған тұста белгілі журналист, БАҚ саласы бойынша Президент грантының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жұмагүл Берденқызы Саухат басқарғанын біледі. Ол сон­дай-ақ, елордалық «Астана» журналының негізін қалаған еді. Басылым­ның мерей­тойлық бағдарламасы аясында мар­құмның тұрған үйіне мемориалдық тақта қойылса, Астананың екі бірдей басылымына бас редакторлық еткен аяулы апамыздың рухына бағышталған сауапты істің бірі болары талас тудырмаса керек.