Аймақтар • 24 Қазан, 2025

Көнеккеткенде мәдениет үйі ашылды

10 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауданына қарасты Көнеккеткен ауылында жаңадан салынған мәдениет үйі халық игілігіне берілді.

Көнеккеткенде мәдениет үйі ашылды

Шалғай ауылдағы мәдениет үйінің құрылысы 2023 жылдың қазан айында басталған еді. Міне, ауыл тұрғындары асыға күткен отаудың құрылысы биыл толық аяқталып, пайдалануға берілді. Жалпы аумағы 560 шаршы метр болатын ғимаратта 100 орындық көрермен залы, кең фойе, қызметкерлерге арналған бөлмелер, би залы, гардероб және гримдеу бөлмелері орналасқан.

Мәдениет ошағының ашылуына облыс әкімі Нариман Төреғалиев қатысып, ауыл тұрғындарын айтулы күнмен құттықтады.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мәдениет саласына ерекше назар аударып, ауылдық жерлердегі әлеу­меттік нысан­дардың жа­ңаруына айрықша көңіл бө­ліп келеді. Бұл ғимарат – сол бастамалардың нақты жемісі, мемлекет қолдауымен жергілікті халықтың бірлігі­нің көрінісі. Жаңа мәдениет үйі – ауылдың мәдени және қоғамдық өмірінің орталығына айналады деп сенемін», деді өңір басшысы.

Облыста мәдениет саласына жүйелі қолдау көрсетіліп келеді. Кейінгі екі жылда осын­дай алты мәдениет үйі мен мәдени-спорт кешені пайдалануға берілген.

Сондай-ақ республика бойынша алғаш рет мәдениет саласында «Қа­зақстан хал­қына» қорының қолдауы­мен 25 ауылдық кітапхана жаң­ғыртылып, заманауи талаптарға сай жаңарды.

«Самұрық-Қазына» қо­рының қолдауымен Орал қаласындағы Жастар мәдениет сарайында «Креативті хаб» ашылып, шығармашыл жас­тарға арналған жаңа орта қалыптасты.

Айта кетейік, Батыс Қа­зақстан облысында биыл тағы 12 мәдени нысан салынып жатыр. Жақын күндері Жәнібек ауданының Жақсыбай ауылында мәдени-спорт кешені ашылмақ.

 

Батыс Қазақстан облысы