Еске сала кетейік, жаңа 2025-2026 оқу жылында 83 оқу ордасы жаңадан ашылды, оның 57-сі «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған мектептер. Осы оқу ордаларының әрбірінде негізгі мақсатты жүзеге асыруға атсалысатын мықты мамандар жұмыс істеуі қажет. Сондықтан «Келешек мектептерінің» мамандарына да көптеп мән беріліп жатыр.
ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында мұғалімдердің кәсіби құзыреттілігін арттыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізді. Қазіргі таңда «Келешек мектептерінің» 7 мыңнан астам мұғалімі LMS платформасы арқылы біліктілікті арттыру курстарынан өтуде. Онда базалық деңгейдегі 11 пән қамтылған: бастауыш сынып, қазақ, орыс және ағылшын тілдері, математика, информатика, физика, химия, биология, география және тарих.
Бағдарлама пәндік білімді негізгі жұмысынан қол үзбей жаңарту, кәсіби құзыреттілікті арттыру және мұғалімдерге әдістемелік қолдау көрсетуге бағытталған. Соның ішінде, пәндік білімді тереңдету, оқыту сапасын арттыру, оқушылармен тиімді қарым-қатынас орнату сынды бағыттарға назар аударылды. Алдағы уақытта да педагогтер басым бағыттар бойынша оқытумен қамтылатын болады.
«Келешек мектептерін» басқару да тиімділік принціптері бойынша ұйымдастырылады. Директорларды тағайындау кезінде басымдық «Білім беру саласындағы 1000 өзгеріс көшбасшысы» жобасына қатысқан үміткерлерге берілетін болады. Бұл жоба президенттік жастар кадр резервінің үлгісінде жасалған. Онда болашақ басшыларды қызметке тағайындалмай тұрып дайындауды міндеттейтін халықаралық тәжірибе негізге алынған. Үміткерлер бес кезеңнен тұратын іріктеуден өтіп, кешенді түрде оқытылады. Оған қоса, тәлімгерлермен жұмыс істеп, тағылымдамадан өтеді. Мұндай тәсіл сыни ойлайтын әрі өзгерістерге дайын басқарушыларды қалыптастыруға мүмкіндік береді.
2023-2024 жылы кадрлық ревервке енген 583 педагогтің 70 пайыздан астамы конкурссыз басшылық қызметке тағайындалды. 2025 жылы тағы 403 директор орынбасары резервке қабылданды. Соның нәтижесінде, мектеп директорларының тапшылығы үш есеге қысқарды. Әсіресе, жаңа форматтағы «Келешек мектептеріне» баса назар аударылып отыр. Бүгінде Қазақстан бойынша ұлттық жоба аясында ашылған 151 мектеп жұмыс істейді. Оның ішінде 40 мектепті «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасының резервистері басқарады. Осылайша, бұл білім ордалары жаңа стандарттарды, цифрлық технологияларды және тәрбиелік бағыттағы тәжірибелерді енгізетін алаңға айналуда.
Зейнеп Махсұтова, ҚР ОАМ Орта білім беру комитеті төрағасының орынбасары