Биыл жер емшегін емген диқандар 4,68 миллион гектар егістік алқабынан ел ырыздығын шашпай-төкпей жинап алды. Гектар берекесі орташа есеппен 16,3 центнерден айналды. Бір қуанарлығы, жиналған астықтың 75%-ы жоғары сапалы. Күзгі жиын-терін уақытында жанқиярлықпен жұмыс істеген ауыл шаруашылығы еңбеккерлері ала жаздай күтіп-баптаған алқаптардан 650 мың тонна майлы дақылдарды жинады. Бұл тараптағы өнім де рекордтық нәтиже.
Түнді күнге, күнді түнге ұластырып, еселі еңбек еткен диқандар мұндай толымды табысқа ең алдымен ауа райының қолайлығы себеп болғандығын айтып отыр. Сан жылдар бойы бай тәжірибе жинақтаған дала ерлері заманауи агротехникалық шараларды тиімді пайдаланып, жердің тілін таба білгендігі де бар. Шаруаның тиянақты атқарылуына «Кең дала-2» бағдарламасы арқылы берілген қаржылық демеу де септігін тигізді. 930 ауыл шаруашылығы құрылымы 118,5 млрд теңге болатын жеңілдетілген несиеге ие болды. Егістік алқаптары 336 мың тонна минералды тыңайтқыштармен байытылды. Ауыл шаруашылығы құрылымдары 1,5 мың дана ауыл шаруашылығы техникаларымен жарақтандырылды.
Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәлімдеуінше, құт қамбасына құйылған астықтың сапалы болуы сұраныс көлемін ұлғайтады. Ішкі қажеттілікті өтеумен қатар, экспортқа шығаруға да жағдай бар. Облыстың астық қоймаларына 7,2 млн тонна өнім сияды. Бұл жай астықтың бағасы өскенге дейін сақтауға мүмкіндік береді.
Толағай табысқа қол жеткізудің сыры туралы бірауыз сөз айта кетелік. Ол ең алдымен ауыл шаруашылығы құрылымдарының материалдық-техникалық базасының көп-көрім жақсаруына байланысты. Онсыз көктемгі, күзгі дала жұмыстарын тыңғылықты жүргізу қиынға соғады. Жыл басынан бері өңірдің ауыл шаруашылығы құрылымдары жалпы құны 57,1 млрд теңге болатын 1 562 ауыл шаруашылығы техникасын сатып алды. Оның ішінде 159 астық комбайны, 319 трактор, 53 егіс кешені, өзге де техникалар бар. Фермерлерге әр литрі 254 теңге болатын 84,4 мың тонна дизель отыны жеңілдетілген бағамен бөлінді. Үкіметтің астық және майлы дақылдарды кептіруге 11 мың тонна дизель отынын бөлгені де дер кезінде көрсетілген көмек болды.
Астықтың бойындағы ылғалды кептіруге де бар күш-жігер жұмсалды. 264 астық кептіретін құрылғы кідіріссіз жұмыс істеп тұрды. Келер жылдың қамын ойлаған диқандар 539,8 мың тонна сапалы тұқымды қамбаларына құйып алды. Сапалы тұқым келесі жылғы ырыздықтың кепілі. 2025 жылдың қорытындысында өңір еңбеккерлері 1,2 трлн теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірді.
Береке ынтымағы ұйыған, ойға алған ісін тап-тұйнақтай етіп атқаратын жерге бітеді. Бітік егін өсіру жолында диқандар маңдай терін моншақтатып жүріп еңбек етті. 4,2 млн га алқаптың арамшөбін жою мақсатында химиялық өңдеу жүргізілді. Бұл көрсеткіш көзделген жоспардан 6%-ға артық. Шегірткеге қарсы 328 мың га алқап қорғалды. Көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 1,8 есе көп. Егістік алқаптарды зиянкестер мен аурулардан сақтау мақсатында 2 млн га егістік алқабы өңделді. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп. Минералды тыңайтқыштармен алқаптарды байыту көлемі де үш есе артты. Міне, осындай ілкімді істердің арқасында ақық дән аялаған өңір диқандары тамаша табысқа кенеліп, ел ырыздығын молайтуға үлес қосты.
Өңірдегі егіншілік мәдениетін жетілдіру арқасында мол өнім алған шаруашылықтарды ерекше атап өткен жөн. Сандықтау ауданындағы «Свободное» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 13 993,5 га алқапқа дәнді дақылдар тұқымын сіңіріп, гектар берекесін 37,4 центерден айналдырды. Осы аудандағы «Белгородское» серіктестігі 11 991 га алқапқа егін еккен болатын. Әр гектардан 32,5 центнерден астық жинады. Бұланды ауданындағы жыл сайын жоғары көрсеткішке қол жеткізіп жүрген «Журавлевка-1» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі әр гектардан 32,2 центнерден өнім жинады. Өңірде мұндай өнімді жұмыс істеген серіктестіктер жетерлік. Жоғары өнім ерен еңбектің нәтижесі, диқандар қауымының қажырлы қимылының өтеуі.
Ақмола облысы