 
                                        Фото: gov.kz
3 қарашадан бастап «Наурыз» және «Наурыз жұмыскер» жеңілдетілген ипотекалық бағдарламаларына өтінім қабылданады.
«Наурыз» бағдарламасымен баспаналы болуға үміттілер өтінімді 3 қараша – 1 желтоқсан аралығында беруі тиіс.
Бағдарламаға «Отбасы банкінің» салымшылары, депозиті және шотында кемі 2 миллион жинағы бар азаматтар қатыса алады. Үміткердің және отбасы мүшелерінің атына кейінгі 5 жылда үй ресімделмеген болуы шарт.
Таза әрленген жаңа тұрғын үй үшін бастапқы жарна – 10 пайыз, әрленбеген бастапқы немесе қайталама тұрғын үй үшін – 20 пайыз белгіленген.
Өңірдегі азаматтар үшін баспана бағасының ең жоғарғы сомасы – 30 миллион болса, Астана мен Алматы қалаларынынан баспана сатып алушылар үшін - 36 миллион теңге.
Өтінімді Baspana Market порталы арқылы беруге болады. Несиені өтеу мерзімі – 19 жыл.
Өнеркәсіп және құрылыс, энергетика, ауыл шаруашылығы мен су ресурстары және ирригация мамандары «Наурыз жұмыскер» бағдарламасына өтінімді 3 қарашадан бастап бере алады. Бағдарлама аясында биыл 50 млрд. көлемінде 2000 несие беру жоспарланған.
Өтінім берушінің кейінгі 6 айдағы ресми табысы, өзі мен отбасы мүшелерінің (зайыбы, кәмелетке толмаған балалары) атында кейінгі 5 жылда баспана бар-жоғы тексеріледі. Сондай-ақ үміткердің «Отбасы банкінде» шоты ашылып, онда 2 миллион теңге болуы тиіс.
Несие шарттары мен бастапқы жарна мөлшері мен несие мерзімі «Наурыз» бағдарламасымен бірдей.
Мигранттарды тіркеу тәртібі жеңілдетіледі
2025 жылдың 1 қарашасына дейін көші – қон процестерін есепке алудың бірыңғай цифрлық платформасы іске қосылады. Ол қарашадан бастап барлық рәсімді бір сервисте біріктіріп, мемлекеттік органдар мен келушілер арасындағы өзара іс-қимылды жеңілдетеді.
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, жаңа модель мигрант сапарының мақсатын алдын ала білуге, тексерулерді автоматтандыруға және көші – қон ағындарын болжауға мүмкіндік береді.
Субсидияланатын жұмыс орындарына өтінімдерді қабылдау басталады
Осы жылдың 1 – қарашасынан 31 – желтоқсанына дейін жұмыс берушілер 2026 жылға субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыруға өтінім бере алады. Өтінімдер Enbek.kz арқылы электрондық форматта қабылданады.
Магистратура мен докторантураға түсуге ынталы білім алушылар үшін 28 – қазан басталған құжат қабылдау рәсімі қараша айында да жалғасады.
Магистратура үшін –14 қараша;
Докторантура үшін – 27 қараша.
Тестілеу құны:
Магистратура –14 693 теңге;
Докторантура – 21 072 теңге.
Ал өтініш Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты Ұлттық тестілеу орталығының app.testcenter.kz сайтында толтырылады.
 
                             
                                 
                             
                                             
             
             
             
             
             
             
                                                 
                                                 
                                                 
                                                 
                                                 
                                                 
                                                 
                                                 
             
                 
                 
                 
                 
                 
                 
                