Заң • Кеше

Мыңнан астам тұрғын отбасы, еңбек, жер салалары бойынша заңгерлерден тегін кеңес алды

40 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Шымкент қаласында халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және азаматтарға тегін заң көмегін көрсету мақсатында «Халық заңгері» республикалық акциясы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мыңнан астам тұрғын отбасы, еңбек, жер салалары бойынша заңгерлерден тегін кеңес алды

Іс-шараға Шымкент қаласының прокуроры Ғабит Мұқанов, қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек, қырық екі мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өкілдері, сондай-ақ жеке сот орындаушылар, нотариустар, адвокаттар мен коммуналдық мекемелердің өкілдері қатысты. Бұған қоса, қала жастарының қатысуымен еріктілер ұйымы да өз қызметін көрсетті.

Келушілер жетекші мамандардан тегін құқықтық кеңес алып, өздерін толғандырған мәселелерге нақты жауап алды.

«Халық заңгері» жобасы бүгінде халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру мен азаматтарды құқықтық қолдаудың сұранысқа ие және тиімді алаңына айналды. 2016 жылдан бастап республика көлемінде өткізіліп келе жатқан бұл акция аясында азаматтарға білікті заңгерлер мен мемлекеттік органдардың басшылары тегін кеңес береді.

Шымкент қаласының прокуроры Ғабит Мұқанов өз сөзінде атап өтті.

«Ежелгі грек философы Платон айтқандай: «Күшті мемлекет – қорғалған азаматтан басталады! Сондықтан бүгін осында барлық мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өкілдері әр азаматқа тегін әрі қолжетімді заң көмегін көрсету үшін бір алаңда жиналып отыр» – деді қала прокуроры.

Акция барысында 1000-нан астам қала тұрғыны отбасылық, еңбек, жер, азаматтық және әкімшілік заңнама салалары бойынша білікті заңгерлерден тегін кеңес алды.

Сонымен қатар, тұрғындарға құқықтарын қорғау жолдары, мемлекеттік органдарға жүгіну тәртібі және тегін заң көмегін алу тетіктері түсіндірілді.

«Халық заңгері» республикалық акциясы өз жұмысын жалғастырып, әрбір азаматтың құқықтық сауатын арттыруға, әділдік пен заң үстемдігін нығайтуға бағытталған бастамаларды жүзеге асыра бермек.