Мәдениет • Кеше

Амстердамда Алматы музейінің көрмесі ашылды

20 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Нидерланд Корольдігінің астанасында Алматы қаласы музейлер бірлестігінің «Дәстүр сабақтастығы: ата-баба мұрасы» атты көрмесі ашылды. Іс-шараға дипломатиялық корпус өкілдері, халықаралық және қоғамдық ұйымдардың басшылары, мәдениет және өнер қайраткерлері, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты, деп жазады Egemen.kz.

Амстердамда Алматы музейінің көрмесі ашылды

Көрме Алматы қаласы әкімдігінің, Қазақстан Республикасының Нидерланд Корольдігіндегі Елшілігінің, Түркия Республикасының Нидерланд Корольдігіндегі Елшілігінің және Юнус Эмре институтының қолдауымен ұйымдастырылған. Бұл қазақ халқының бай мәдени мұрасын паш ететін маңызды мәдени оқиға.

Бес тақырыптық бөлімнен тұратын экспозиция Алматы қаласы музейлер бірлестігінің қорынан алынған 70-тен астам бірегей жәдігерді ұсынады. Олардың қатарында қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі мен дәстүрлерінен сыр шертетін этнографиялық артефактілер, сәндік-қолданбалы өнер туындылары, сондай-ақ қазақ және түркі халықтарының музыкалық аспаптары бар.ф

«Алматы қаласы музейлер бірлестігі соңғы 3 жылда, Оңтүстік Корея Австрия,Франция, Италия, Чехия, Сербия, Мажарстан , Түркия мемлекеттерінде 11 халықаралық көрме ұйымдастырып, қазақ халқының тарихы мен мәдениетін әлемдік деңгейде таныстырып келеді. Бүгінгі Амстердамдағы көрме де – музейдің халықаралық бағыттағы жүйелі түрде жүргізілген жұмысының жалғасы, қазақ мәдениетінің Еуропа кеңістігіндегі жаңа бір көрінісі», – дейді Алматы қаласы музейлер бірлестігінің директоры Ләззат Құдайбергенқызы.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасы мен Нидерланд Корольдігі арасындағы дипломатиялық қатынас 1992 жылы 10 қыркүйекте орнаған.

Юнус Эмре институтындағы бұл көрме 2025 жылы 14 қарашаға дейін жалғасады.