Өнер • Бүгін, 08:10

Кино әуендері ойналды

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Республика күні мерекесінде «Астана Опера» театрының К.Байсейітова атындағы Камералық залы сахнасында «Қазақ киносының музыкасы» атты тамаша концерт өтті. Оған өнер ордасының Камералық оркестрі мен опера труппасының солистері қатысты.

Кино әуендері ойналды

Бұл жобаның авторы – танымал музыкант, дирижер Әлихан Ыдырысов. Оған бұл идея Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында оқып жүргенде келіпті. Өнерпаздың алғашқы жобасы 2014 жылы «Астана Опера» театрында жол тартты. Содан бері дарынды музыканттың әр концерті жұртшылықтың үлкен қолдауына ие болып келеді.

Ал өнер кешінде қазақ киносының алтын қорына кірген «Гауһартас», «Тақиялы періште» секілді көркем фильмдердегі әуендер ойналды. Бұл туындылар тыңдармен жүрегінен жол тапқалы қашан! Сонда да оны әр тыңдаған сайын керемет әсер аласың. Кинодағы кейіпкерлер көз алдыңызға келеді. Олардың әр образы көңілге сондай ыстық. Сонымен қатар «Ағам немесе неке», «Тоқта, түн», «Рэкетир», т.б. заманауи фильмдердің музыкалары да кеш көрігін қыздырды. Барлық әсем әуенді камералық оркестрдің сүйемелдеуімен опера труппасының солистері нақышына келтіре шырқады. Оркестрге Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айдар Әбжаханов жетекшілік етті.

Осы фильмдер музыкасын оркестрге Әлиханның өзі өңдеген. Бұл шығармалар кавер нұсқада орындалды. Сондықтан жұртшылық оны жаңа қырынан тыңдады.

«Идея адамға әрқалай ке­леді. Кейде кино көріп отыр­ғанда «осы музыканы сахнаға шығарсам қалай болады?» немесе «Мына әнді оркестрлік өңдеуде жаңаша естуге болатын еді» деген ойлар туады. Бастысы, тың­дармандар риза болса деймін. Кон­церт бағдарламасына А.Зацепин секілді айтулы композитор-
лардан бастап, заманауи ав­торлардың да туындыларын қостым. Мұндағы мақсат – жастардың сұранысына жауап беріп, оларды театрға көбірек тарту», деді Ә. Ыдырысов.

 

Азамат ҚҰСАЙЫН