М.Әшімбаев сарапшылармен кездесуде елімізде Мемлекет басшысының бастамасымен ауқымды жаңғырту бағдарламасы іске асырылып жатқанын атап өтті. Палата спикері Президент жүктеген міндеттерді орындау үшін мемлекеттік құрылымдар мен сараптау және талдау қауымдастығының күш-жігерін біріктіру қажет екенін де тілге тиек етті. Мұндай қадам Қазақстанның сапалы экономикалық өсуіне және Парламент қызметін жетілдіруге тың серпін береді.
«Елімізде саяси, экономикалық және әлеуметтік салаларды қамтитын елеулі өзгерістер жүзеге асырылып жатыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында бір палаталы Парламентке көшу мәселесін қоғам мен сарапшылар талқылауына шығарды. Сондай-ақ қазіргі таңда кешенді экономикалық реформалар да іске асырылуда. Соның аясында Салық және Бюджет кодекстері қабылданды. Сессия барысында Парламент Құрылыс және Цифрлық кодекстерді, сондай-ақ Банктер мен банк қызметі туралы заңды қарайды. Осы ретте қабылдайтын шешімдерді сарапшылармен бірлесіп, сапалы талдаулар арқылы пысықтаудың маңызы зор», деді Сенат төрағасы.
Сонымен қатар М.Әшімбаев сарапшылардың бағалауы мен жүйелі талдаусыз сапалы заңнамалық шешімдерге қол жеткізу мүмкін емес екенін айтты. Бұл ретте Taldau қауымдастығы, яғни – Сенат жанындағы сарапшылар клубының мүшелері мен Талдау мектебінің түлектері және сараптамалық-талдау саласындағы кадрлық әлеуетті нығайтуға арналған басқа да жобалар маңызды рөл атқаратыны анық.
«Реформаларды сәтті іске асыру жолында сарапшылар қауымдастығының рөлі айрықша мәнге ие. Осыған байланысты Сенат бірнеше жылдан бері кәсіби алаңдар қалыптастырып, бұл бағытта белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Сарапшылар клубы, Талдау мектебі, Taldau Forum, Taldau Talks подкасы сияқты жобалар сарапшылар қауымдастығын нығайтуды көздейді. Бұл бағыттағы жұмысты әрі қарай да жалғастыра береміз. Соның аясында Taldau Lab, өңірлердегі Талдау мектептері сияқты бастамалар арқылы жаңа форматтар мен алаңдар құруды жоспарлап отырмыз», деді М.Әшімбаев.
Кездесуде Парламент пен аналитикалық қауымдастықтың ынтымақтастығын нығайту мәселелері де жан-жақты талқыланды. Соның барысында заңнамалық қызметті сараптамалық тұрғыдан қамтамасыз етуді жетілдіру және институттар мен басқа да бастамаларды түрлі бағыттар бойынша нығайту жұмыстарына баса мән берілді. Іс-шарада Taldau Lab талдамалық зертханасын құруға және Taldau Regions өңірлік бағытты дамытуға қатысты ұсыныстар да айтылды.
Сапар барысында Сенат төрағасы тұңғыш Абай ұлттық мектебінің құрылысымен және білім ордасын жабдықтау жұмыстарымен де танысты. Сондай-ақ ол Өңірлік бочча федерациясының ұжымымен кездесті. Онда елімізде аталған паралимпиадалық спорт түрін дамыту, соның ішінде инклюзия мәдениетін кино арқылы дәріптеу бағытындағы басымдықтар сөз болды. Бұған қоса Парламент депутаттары «Almaty Museum of Arts» заманауи өнер мұражайына арнайы барды.