Алматы-Көкпек-Көктал тас жолының 25-ші шақырымында Audi көлігінің жүргізушісі жолдан өтіп бара жатқан екі адамды жоғары жылдамдықпен қағып, оқиға орнынан қашып кеткен.
Жол апаты видеоға түсіп қалған. Әлеуметтік желіде тез тарап кеткен кадрда көліктің жоғары жылдамдықпен жаяу жүргіншілерді қаққанын көруге болады.
Алматы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі оқиғаға қатысты түсініктеме берді. Полицияның мәліметінше зардап шеккендердің бірі оқиға орнында көз жұмған, ал екіншісі ауыр жарақатпен ауруханаға жатқызылды.
Жүргізушінің кім екені анықталды, ол ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
«Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты және объективті түрде анықтауға бағытталған тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр», - деп түсіндірді облыстық полиция департаменті.
Тергеу барысы департамент басшылығының қатаң бақылауында болады.