Ғылым • Бүгін, 15:34

Университеттер Президенттің сенімді серіктесіне айналуға дайын

110 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бүгінгі таңда әлем адамзат өркениетінің жаңа кезеңіне аяқ басты. Технологиялық даму мен жасанды интеллекттің өркендеуі өмірдің барлық саласын қайта түрлендіруге кірісті.

Университеттер Президенттің сенімді серіктесіне айналуға дайын

Түбегейлі өзгерістер дәуірінде білім мен ғылымның рөлі бұрынғыдан да арта түсері сөзсіз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Қазақстан – академиялық білім аймағы» стратегиялық серіктестер форумында сөйлеген сөзінде: «Білім мен ғылым – әлемді өзгерте алатын ең басты күш», – деп атап өтті. Расында да, дамудың даңғыл жолы сапалы білім мен озық ғылым арқылы ғана қалыптасады.О

Президент атап өткендей, қазіргі таңда елімізде жоғары білім жүйесі қарқынды жаңғыруда. Соңғы жылдары білім мен ғылымға бөлінетін қаржы көлемі үш есеге ұлғайды. Университеттердің академиялық дербестігі кеңейіп, зерттеу бағытындағы оқу орындарының саны артып келеді.

Қазақстан алдағы үш жылда білім мен технология саласында өңірлік көшбасшы болу бағытын ұстанып отыр. Білім беру мен ғылыми зерттеулерге жасанды интеллектті кеңінен енгізу ұлттық маңызы бар стратегиялық міндет ретінде басты назарға алынды. Осы мақсатта Президент бастамасымен AI Sana бағдарламасы іске қосылып, жемісті нәтижесін бере бастады. Жасанды интеллект мектептер мен университеттерде міндетті пән ретінде енгізілді. Бұл – жаңа ұрпақтың цифрлық сауаттылығын арттырып, заманауи еңбек нарығына бейімдеудің нақты қадамы. Сонымен қатар, елімізде Жасанды интеллект университетін құру жөнінде дайындық жұмыстары жүргізілуде. Бұл бастама Қазақстанның цифрлық трансформациясын жеделдетуге және ІТ-мамандар даярлау жүйесін жетілдіруге мүмкіндік береді.Р

Осы ретте Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мемлекетіміздің стратегиялық бағытын жүзеге асыруда маңызды рөл атқарып келеді. Ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультеті ашылып, жасанды интеллект және Big Data кафедрасы жұмыс істей бастады. Жасанды интеллект және криптология ғылыми-зерттеу институттары құрылды. Data Science, бизнес-аналитика және интеллектуалды жүйелер бойынша заманауи білім беру бағдарламалары енгізілді. Сондай-ақ университеттің есептеу инфрақұрылымы 1,94 PFLOPS өнімділігі бар суперкомпьютермен жабдықталды. Оқу үдерісінде және басқару жүйесінде бес интеллектуалды көмекші тиімді жұмыс істеуде. Атап айтқанда:

  • Farabi-Ask – талапкерлерге арналған виртуалды кеңесші,
  • Farabi Proctoring – онлайн емтихандарды бақылау жүйесі,
  • Law AI – қазақ тіліндегі құқықтық көмекші,
  • UNIVER bot – академиялық анықтама жүйесі,
  • iLearn – студенттердің үлгерімін талдау платформасы. Бұл құралдар білім беруді әділ және баршаға қолжетімді етуге бағытталған.

РҚазҰУ халықаралық серіктестікті де белсенді дамытып, Қытайдың Jiangsu Huibo Robotics Technology компаниясымен бірлесіп «Цифрлық технологиялар және робототехника» халықаралық институтын және Робототехника орталығын құрды.

Институттың басты мақсаты – цифрлық инженерия, жасанды интеллект және робототехника саласында жаңа буын инженерлері мен зерттеушілерін даярлау. Оқу-зерттеу базасы заманауи өнеркәсіптік роботтармен және «цифрлық зауыт» жүйесімен жабдықталған.

Сонымен қатар, Ресейдің Ұлттық ядролық зерттеу университеті (МИФИ) және Қытайдың Солтүстік-Батыс политехникалық университетімен әріптестік негізінде ҚазҰУ филиалдары ашылды. Бұл келісімдер ядролық физика, жоғары өнімді есептеу жүйелері және жасанды интеллект бойынша бірлескен мамандар даярлауға жол ашты.О

Бүгінде елімізде 31 мыңнан астам шетелдік студент білім алса, оның ішінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да 50-ден астам елден келген 7323 шетелдік студент оқиды. Бұл көрсеткіш университеттің халықаралық беделі мен білім сапасының дәлелі.

Мемлекет басшысының айтуынша, жоғары оқу орындары алдағы уақытта да жан-жақты дамып, білім мен ғылым саласында көшбасшылық рөл атқара бермек. Президент университеттерді «келешектің фабрикасы» деп сипаттай отырып, олардың жаңа идеялар мен зерттеушілік бастамалардың орталығы екенін атап өтті.

«Мықты университеттерде идеялар туып, кедергілер еңсеріледі. Мұнда әділ әрі үйлесімді әлемнің алғышарттары қалыптасады. Жоғары оқу орындары халықтар арасындағы сенім мен ынтымақты күшейтіп, дипломатиялық құндылықтарды дәріптейді. Университет қабырғасында қалыптасқан студенттердің бауырластығы, зерттеушілердің қоғамдастығы және академиялық серіктестік тек ғылым-білім саласында емес, экономика мен қоғамдық өмірде, тіпті саясатта да маңызды өзгерістерге қозғау береді», – деді Президент.

ОӘділетті, Таза, Қауіпсіз және Күшті Қазақстанды құру ісінде оқу орындары Мемлекет басшысына әрдайым қолдау көрсетеді. Университеттер жаңа идеялар мен шығармашылық бастамаларды жүзеге асыра отырып, Президенттің елді дамытудың стратегиялық бағыттарын іске асырудағы сенімді серіктесіне айналуға дайын.

Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы-Ректоры