Ерекше мекеннің сұлулығын тамашалауға келетін туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған 7 көрініс алаңы жаңадан жабдықталды. Жобаның артықшылығы - экожүйеге түсетін рекреациялық жүктемені азайтуға басымдық берілген.
«Бурабай» МҰТП бұқаралық ақпарат құралдары үшін ұйымдастырған баспасөз туры барысында осы 7 алаңның әрқайсысы өзінше сұлу табиғатты жаңа қырынан тамашалауға мүмкіндік беретінін байқадық.
«Биші қайыңдар» саябағында үнемі тербеліп, билеп тұрғандай әсер қалдыратын ақ қайыңдардың арасында отбасылық демалысқа арналған ойын аймақтары, әткеншектер мен спорттық құрылғылары бар жайлы кеңістік орналасқан. Адамнан үрікпей, жайбарақат жаңғақ шағып жүрген табиғаттың еркесі тиіндер мен көлде емін-еркін, сызыла жүзген үйректер де жанға жайлылық сыйлап тұрғандай. Көл жағасына судың сыбдырын сезінуге арналған арнайы орындық қойылыпты. Бұл жерде ұзағырақ отырған адам, су дыбысының сан құбылатынын аңғарады екен.
«Аютас» жартасының жоғары жағындағы терассада «Құмай тазы» мүсіні орнатылған. Бұл жартастың ерекшелігі таудың басында аю мен қасқырға ұқсас екі тас біріктірілген. Аю жардың шетінде еңкейіп, шыңырауға қарап отыр, ал қасқыр азу тістерін ақситып, тұмсығын тік көтеріп артынан аңдып келе жатыр. Ел аузындағы аңыз бойынша бұл жерде аналық аю мен оның қонжықтары өмір сүрген. Қонжықтарын қорғау үшін ол қасқырмен айқасқан. Аю ақырын жылжып, жорғалап, қонжықтарын қаупсіз жерге сүйреп апарған. Бірақ өзі тасқа айналған. Содан бері жүрек жұтқан аюдың жүрісін бейнелейтін «Жорға аю» күйі пайда болған екен.
147 метр биіктікте орналасқан «Бөлектау» тауының көрініс алаңында қанатын кеңге жайған бүркіт бейнесі орнатылған. Тауға көтерілгенде алдан таңғажайып панорама ашылады. Шыңнан Бурабай көлі, Айнакөл көлі (Үлкен Шабақты) Жұмбақтас жартасы, Оқжетпес тауы және Көкше шығанағының көрінісі көрінеді. Ел аузындағы әңгімеге сенсек дәл осы жерде «жапырақ тәрізді энергия ағашы» өседі. Тауға көтерілген адамдар күш жинап, энергия алып қайтады. Өйткені бұл жерде тілектер орындалып, нағыз кереметтер орын алады.
«Кебістас» жартасындағы алаңда ошақ орны және әйел бейнесіндегі мүсіні бар терасса қойылған. Бұл жерден көл жағалауы мен қарағайлы орманның көрінісі көз тартады.
Парк аумағындағы айрықша орынның бірі «Махаббат алаңы». Романтикалық атмосфера беретін алаңның жұмсақ ландшафтық дизайны ғашық жандарға керемет әсер сыйлайды. Фотосессияға және демалуға қолайлы жағдай жасалған.
Көпірлермен жалғанған үш көрініс платформасы бар «Максимка» жартасындағы, «Мойнақ жартасы» және «Иманай бұлағындағы» көрініс алаңдарының да әсемдігі көпшіліктің көзін сүйсіндірді. Барлық алаңдар арнайы баспалдақпен, орындықтармен, мүсіндермен, ақпараттық тақталар және таулы көріністі тамашалауға арналған дүрбілермен жабдықталған.
Туристерге таңғажайып көңіл-күй сыйлайтын тағы бір орын киіз үй пішіндес «Күйген мүйіс» алаңы. Арт-объектілер мен ерекше беседкалармен безендірілген бұл аумақтан таулардың үстінен күннің батуы керемет көрінеді. Кең байтақ қазақ даласында 130-дан астам өзге ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Терассада киіз үйдің орналасуының өзі еліміздегі этностық бірлікті, ынтымақ пен татулықты паш етіп тұр.
Жобалаушы компанияның техникалық директоры Рауан Тәттібайдың айтуынша барлық шолу алаңдарын орналастыру кезінде бірде бір ағашқа зақым келмеген.
- Бурабайды тамашалауға жыл сайын 1,5 млннан астам турист келеді. Қаншалықты инфрақұрылым жетілдірілсе, соншалықты келушілердің де саны арта түседі. Осы жобаны қолға алған сәттен бастап, жайлылығы мен әдемілігінен бөлек, табиғатқа ешқандай зиян келмеуіне баса мән бердік. Құрылыс жұмыстары кезінде ешқандай ағаш кесілмеді. Барлығын өз орнында қалдыруға тырыстық. Басты мақсатымыз туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оларға ерекше әсер сыйлау болды. Жеті шолу алаңын қазақ халқының маңызды символдарының бірі жеті қазынамызға арнадық. Өйткені, бұл жерге шет елдерден де көптеген туристер келеді. Шетелдіктерге ұлттық құндылығымызды осылай дәріптегеміз келді. Әр локацияда орналасқан ақпараттық тақтада қазақ,орыс,ағылшын тілдерінде табиғи мекеннің тарихы, олар туралы халық аңыздары, жалпы сипаттамасы жазылған,-дейді Р.Тәттібай.
Соңғы жылдары парктың танымал аймақтарына келушілердің саны артқанына қарамастан , қорғалатын аймақтағы тәртіп бұзушылық жағдайлары азайған. Бұл орайда табиғаттың тазалығына атсалысып жүрген орманшылардың еңбегі орасан.
Жаңадан жабдықталған көрініс алаңдары – табиғат пен туризмнің үйлесімді дамуына жол ашып, туристер енді еліміздің інжу-маржанын биіктен тамашалай алады.