Туризм • Бүгін, 08:18

Саяхатқа қолайлы өңір

20 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Кенді аймақта ішкі ту­ризмді дамыту жөнінде ауқымды іс-шаралар қолға алы­нып жатыр. Өйткені, туризм – ел экономикасы мен өңірдің әлеуетін арттырар маңызды сала. Жақында Қарағандыдағы Орталық саябақта «Сая­хатқа шабыт беретін Қарағанды» облыстық турис­тік фестивалі өтті.

Саяхатқа қолайлы өңір

Ресми мәліметтерге сүйенсек, биыл­ғы бірінші жартыжылдықтың қоры­тындысы бойынша ішкі турис­тер саны 31,3%-ға артты. Яғни демалушы­лардың қатары 185,7 мың адамға жеткен. Туристік қызметтер көлемі 8,7%-ға өсіп, 4 млрд теңгені құрады. Туризм саласы­на тартылған инвестициялар 13,8 млрд­ теңгеден асып түскен.

– Қарағанды облысы бел­сен­ді демалыс­ты ұнататын жан­дардың орталығы ғана емес, инвесторлар үшін де болашағы зор өңір. Аймақтың туристік инфра­құрылымды дамытуға әлеуеті орасан. Кемпингтер, эко-қонақүйлер, рекреациялық аймақ пен этнопарк секілді өзге де нысандарды салу мүмкіндігі бар. Бүгінгі фестивальға 10-нан астам кәсіпорын мен 20-дан астам туризм орталығы қатысып отыр. Қала тұрғын­дары туризм орталықтарымен кеңінен таныса алады. Жалпы, біздің мақсат – елді саяхаттауға шақыру, – деді облыстық туризм басқармасының басшысы Ирина Любарская.

Фестивальды облыстық туризм бас­қармасы ұйымдастырды. Сая­хатқа, табиғат аясындағы дема­лысқа, белсенді өмір салтына қызы­ғушы­лық танытқан тұрғындар мен қонақтар осылайша бір алаңда тоғысты. Қатысушылар өңірдегі ішкі туризм бағыт­тарымен жақын танысып, туристік маршруттар мен демалыс орындары жөнінде жан-жақты ақпаратқа қанықты.

Фестиваль аясында саябаққа киіз үйлер тігіліп, этноауыл, шеберлік сағаттары, арқан өткелдері ұйым­дас­тырылды. Сонымен қоса, келу­шілер «Туристің ізімен» атты кедергілерден тұратын эстафетаға қаты­сып, дала жағдайында өмір сүрудің негізгі дағдыларын, таби­ғат­тағы қауіпсіздік ережелерін үй­ренді. Әрі байдаркамен жүзу жөнін­дегі көрсетілімді тамашалады. Көл жағасындағы қайықтармен серуендеді.

Туризм спорты бойынша спорт шебері, нұсқаушы Сергей Киста­нов осы фестивальға өзінің жеке қайықтарын алып келіпті. Осы салада жүргеніме 15 жылдан асты.

Саяхат – менің өмірім. Саяхат арқы­лы өмірімді ұзартамын. Бізге келетін саяхатшы­лардың жас ерекшеліктері әрқилы. Өз басым туризм басқармасына ұсыныс білдіріп, саяхат маршрутының санын көбейту қажетті­гін көтер­дім. Кейінгі жылдары туризмге қызы­ғушылық білдіретін жан­дар­дың қатары артып келеді. Сон­дық­тан өңірімізде туристік маршрут­тардың санын көбейту маңызды. Әсіресе қайықпен серуендеу сын­ды бағыттардың әлеуеті зор. Қайық­пен серуендеу тек демалыс емес, жан тыныштығы. Жалпы, фес­тивальдың берері мол. Осы арқы­лы біз көпшілікті ішкі туризм­ге қы­­зықтырып, туған өлкені жаңа­ша тануға жол ашамыз, – деді С.Кистанов.

Ішкі туризмге серпіліс сыйлап жүрген азаматтардың бірі – Аян Нұрмағанбетов. Ол осыдан он шақты жыл бұрын «Nomads Club» атты туристік клуб ашқан. Аян да әуелі достарымен бірге табиғат аясында демалып, ел ішіндегі саяхаттарға шығып жүрген. Сондай серуен барысында туристік маршрут ашу идеясы келеді. Кейін пандемия кезінде барлық өңірге шектеу қойылған соң саяхаттан қол үзіп қалады. Алайда, шектеу азайған соң Аян өз арманына қол жеткізеді. Бүгінгі күні клубтың ресми лицензиясы бар. Әрі ол ішкі туризмді ғана емес, сыртқы туризм бағытында да ауқымды жұмыстар атқарып отыр.

– Туристерімізді деңгейіне қарай бөліп тастаймыз. Себебі олардың ішінде бірінші рет сапарға шыққалы тұрғандары болады. Саяхатшылармен бірге тур кестесін бірлесе құрамыз. Бізге келетін саяхатшылардың басым бөлігі таулы жерге саяхатқа шыққысы келетіндер. Айта кетейік, біз – еркін агенттік орталықпыз. Жаз мезгілінде табиғат аясында шатырда түнейміз. Басты ерекшелігіміз сол. Күн салқындағанда қонақүйлер мен түрлі жал­ға беретін жерден орын аламыз. Көлік жағына келетін болсақ, өзімізге тиесілі жеңіл көлік, шағын автобус, спринтерлер бар. Егер бара­тын адам саны біз ойлағаннан да көп болса, қосымша көлік жалға аламыз, – дейді Аян Сексенұлы.

Президент өз Жолдауында «Туризм саласында біраз түйткілді мәселе бар. Шынын айту керек, кәсіби кадрлар тапшы. Осы сала­дағы бәсекеге қабілетіміз әлі де шамалы» деген болатын.

Өңірде туризм бағытында кешенді іс-шаралар қолға алынды. Солардың бірі – туризм фестивалі. Таңнан кешке дейін жалғасқан фестиваль келушілерге тек кө­теріңкі көңіл-күй сыйлап қана қоймай, жаңа маршурттарға жол ашты. Іс-шараны ұйымдастырушылар Қарағанды өңірі еліміз­дің туризм картасындағы жетекші бағыт­тардың біріне айналарына сенімді.

 

Қарағанды облысы