Руханият • Бүгін, 08:28

Сыңар ойдан – сүбелі пайымға

20 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қостанайда «Міржақып өмірі мен өнегелі мұрасы» атты республикалық ғылыми конференция өтті. Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының облыстағы өкілдігі ұйымдастырған республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияға ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, алаштанушы, академик, «Қазақ газеттері» серіктестігінің бас директоры Дихан Қамзабекұлы, облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов, өңір зиялылары, дін қайраткерлері облыстық дін істері басқармасының өкілдері қатысты.

Сыңар ойдан – сүбелі пайымға

Әуелі Алаш ардақтысының рухына арнайы құран бағышталды. Жұртшылыққа құттықтау сөз арнаған облыс әкімінің орын­басары өңірде Міржақыптың рухани мұрасын танып-білу бағытында атқа­рылған іс-шаралар жөнінде айтып берді.

«Міржақып шығармаларында адамгер­шілік, әділдік, отансүйгіштік секілді ислам­ның басты құндылықтары кеңінен қам­тылған. Алаш аяулысы халық үшін бейнет көрді. Міржақып атамыз «Қазақ» газетіне жариялаған мақалаларының бірінде: «Ар-намыс, махаббат болмаған жерде адам­­шылық тұра ма? Бұл сипаттардың болуы үшін адам баласы азат, тәрбиелі бо­­луға тиіс. Ұл, қыз демей, баланы оқыт, қа­зақ. Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзі­нің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұ­рады. Қан­дай адам жақсы кісі болмақ керек? Сон­дай адам жақсы – кімде-кім же­тім-жесір, кәріп-қартаң, қысылған-қым­тырыл­ғандарға жақсылық қылып, оларды қуан­тып қойса..» дейді. Дін де мұсылман ба­ла­сының қайырымды болуын, мұқтажға көмек­тесуін, әділ болуды бұйырады. Мір­жа­қып қазақтың асқақ арманы мен мұң-мұқ­тажын терең түсініп, ел мүддесіне қалт­қысыз қызмет етті», деді бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.

Алқалы жиынның ғылыми-таным­­дық өрісін кеңейте түскен академик ­Ди­хан­ Қамзабекұлы «Міржақыптану­дың ­мә­дени-ақпараттық мұраты» тақы­рыбын кеңінен толғап, көпшілікке Алаш зиялыларының, Міржа­қып­тың ұлтқа сіңірген қызметін, діни көзқарасын талдап-таразылап берді.

ап

«Біз бүгінгі ұрпаққа Міржақып­тың «Оян, қазақ!» деген үндеуін, ойын қалай жет­кізер едік? Әрине, ұлт пен елдік бі­рін­ші ке­зек­те тұрады. Қазіргі қоғамда түрлі күр­делі жағдай бар, қуанатын сәттер де аз емес. Біз сол күр­делі мәселені жүйелі шешуіміз керек. Міржақып та өз зама­нының алдында тұрған мәселені кезең-кезеңі­мен шешті. Әлиханша айтсақ, заман  әр буын­ның мойнына бір жүкті артады. Әр ұрпақ өзіне артылған жүкті жетер жеріне апа­рып тастағаны дұрыс. Біз өкінішке қарай, сол жүкті белгілі орынға апарып қой­маймыз. Кейінгі буынның иығына тас­тап кетеміз. Кемшілігіміз – осында. Бұл кем­шілік жинала келе күрделі жағдайға ай­на­лады. Сондықтан біз бүгінгі конференция ар­қылы да өңірдегі, елдегі мәселелерді шешуге кіш­кентай болса да қолғабыс тигізсек игі», деді Дихан Қамзабекұлы.

Ғалым жалпы тарихи тұлғалардың елге еткен қызметін, еңбегін бағалау мен танып-білуде аса байыпты зерде қажет екенін атап өтті. 

«Бүгінде біраз тұлғаларды тарихтан сызып тастайық, бізге қажет емес» деп жүрген большевиктер сияқты азаматтар бар. Мұның бәрін сол за­манның контексіне қарай алмасақ, көп қателікке ұрынамыз. Біз, сол заманда өмір сүріп көрейікші. Мәселен, осы өңірдегі Амангелді, Әліби, Ахмет, Міржақыптарға қалай қараймыз? Қалай іріктеп аламыз? Қазір зиялылар бұл жө­нінде әртүрлі айтып жүр. Кезінде Ахмет заманында Ыбырай Алтынсаринді кемеден лақтырайық дегендер болды. Бұл жөніндегі Алаш ұстанымы былай: «Егер Ахмет Ыбырай заманында өмір сүрсе, Ыбырай­дай болар еді, Ыбырай Ахмет заманында өмір сүрсе, Ахметтей болар еді». Бұл – 1922–1923 жылдары айтыл­ған ой. Осы ұста­ным біз үшін аксиома болу керек. Әри­не, большевизмді біз сұрап алған жоқпыз. Өзі келді. Қазір саясатта жүрген бауырларымыз жақсы біледі, Мағжан «саясат – ағаш ат» дейді. Ол – өте күрделі, өте нәзік дүние. Ірі тұлғаны үлкен саяси партиялар өзіне тартқысы келеді. Сол арқылы өз идея­сын ілгерілетуді қалады. Сондықтан ХХ ғасыр басында Әлихандардың өзі марксизм­ге сол замандағы ірі, әлеуметтік сипат­тағы ағартушы идея ретінде қара­ған. Қиын шақта Алаш зиялыларының көбі коммунистік партияға өтті. Демек Әлібидің де, Амангелдінің де тари­хи қыз­метін замана аясында қарауымыз ­керек. Аман­­гелдіні ұлтты азат етуді қала­ған тұлға ретін­де көтеру, көру, түсіну, әрине, түрлі қайшылыққа түсінік береді. Сонымен бірге қиын кезде, Алаштың зиялылары бір-бірімен ара­ласа алмай қалған тұста олардың отбасына қолдау көрсеткен Әліби Жангелдиннің еңбе­гін ұмыт­пауымыз керек», деді ғалым.

«Оян, қазақ!» фильмінде Міржақып рөлін ойнаған әртіс Бақыт Жағыпар «ел зиялыларының сенім саламаттылығы мен ел тарихын жетік білуі – ұрпақ үшін тегеурінді тірек» екенін тілге тиек етті.

Қазақстан мұсыл­мандары діни бас­қар­масы өткізіп отыр­ған бұл жиында жер­­гілікті зиялылар ой-пікірін, ұсы­ны­­сын айтып, міржақыптануға сәттілік тіледі. 

Жиын соңында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Міржақып Дулатұлының 140 жылдығына орай ұйымдастырылған «Бақытсыз Жамал: тағдыр және таным» тақырыбында жарияланған эссе бай­қауы­ның жеңімпаздарын марапаттады.

Конференциядан кейін көпшілік Торғай музейлер кешені мен облыстық ғылыми-әмбебап кітапхана әкелген көш­пелі көрмені тамашалады.

 

Қостанай облысы