Маман • Бүгін, 08:55

Құрметке лайық құрылысшы

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Облыс орталығы Қонаев қаласының ажарын ашып, келбетін келістіруге қалыпты үлес қосып жүрген құрылысшылардың бірі – Қанат Ақылбеков. Аптал азаматтың құрылыс саласында еңбек етіп келе жатқанына жеті жылға жуықтады. Осы уақыт аралығында мамандығына деген қызығушылығы артпаса, кеміген емес.

Құрметке лайық құрылысшы

«Құрылысшы болу – төзім­ділік пен ептілікті, жауап­кершілікті қажет етеді. Өйткені өз қолыңмен жасаған әр істің сапалы болуы маңызды. Сондай-ақ құрылыс уақытты ұтым­ды пайдалануға үйретеді. Еңбек адамының бо-йына осы қасиеттер тоғысса, онда бастаған іс те нәтижелі әрі сапалы аяқталып, көп­тің алғысын арқалайды. Еселі еңбектің өтеуі, ол – халықтың ризашылығы, ақжарма алғысы», дей­ді білікті құрылысшы Қ.Ақылбеков.

Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданы Ақжайық ауылында дүниеге келген ол, қазірде Қонаев қаласындағы тұрғынүй кешендерінің салынуына сүбелі үлес қосып келеді. Бала кезден қо­лына балға-шеге ұстауды үй­рен­ген еңбекқор Қанат өсе келе әке жолын қуып, бұл мамандықты өмірлік бағыт ретінде таңдап алды.

«Әкем де кезінде құрылысшы болған. Осы саланың қиындығы мен жауапкершілігін бала күнімнен көріп өстім. Кейін жоғары оқу орнын тәмамдап, еліміздегі ірі құрылыс компа­ния­ла­рының бірінде еңбек жолымды бастадым», дейді ол.

Алғаш рет Алматы қа­ласында екіқабатты үй салуға қатысуы салаға деген қызығушылығын арттыра түсті. Одан кейінгі жылдары көпқабатты кешен­дер­дің тұрғызылуына атсалысып, тәжірибесін шыңдады. Бүгінде Қонаев қаласындағы «Retail Construction» ЖШС-де құрылыс учаскесінің басшысы қызметін атқара­ды. Нысанның сапалы әрі қауіпсіз болуы жолында жұмыс барысын жіті қадағалайды. Құрылыс алаңында материалды қабылдау, іргетас пен кірпіш қалау, бетон құю – барлығы Қанаттың бақылауынан өтеді.

Құрылыс саласында сапалы іс-тәжірибемен ғана табысқа жетуге болатынын алға тартқан Қ.Ақылбеков замандастарын іскерлікке, еңбекқорлыққа үндеді.

«Құрылыс саласында өз орныңды табу үшін кем дегенде 6-7 жыл табанды еңбек ету қажет. Сондық­тан жастар мамандығын жауапкершілікпен таңдап, қабі­леттеріне сай жол іздегені жөн. Бүгінгі жетістік – ертеңгі мүмкіндіктің бастауы. Қазір жинаған білім мен тәжірибемді ертең өз кәсібімді ашуға пайдаланамын», дейді ол.

Бүгінде өңір-өңірде бой көтеріп жатқан зәулім үйлер мен сәнді ғимараттар – қысы-жазы бел жазбай еңбек ететін құрыш қолды құрылысшылардың маң­дай терінің, ерен еңбегі­нің жемісі, тұрғындар­дың қауіпсіздігі мен жайлы өмірінің кепілі. Сол тұр­ғыда Қанат Ақылбеков сияқты мамандардың ең­бегі қашан да құрметке лайық.

 

Алматы облысы