Құлпынай, жартылай ащы бұрышпен қатар банан, папайя, киви, лимон, құрма талын өсіруді қолға алып жатыр. Органикалық тыңайтқыш саналатын биогумус та осы «Агро тур» шаруа қожалығында өндіріледі. Сарыағаш ауданы, Жібек жолы ауылдық округі Зортөбе елді мекенінде орналасқан, Тұрсын Тасхожаев басқаратын шаруа қожалығы жылыжай кешендеріне көкөніс көшеттерін тапсырыспен дайындап та береді.
«Көшет тапсырыс берген күннен бастап 45-50 күнде дайын болады. Жаңа құрылғының көмегімен бәрі автоматты түрде іске асырылады. Тұқым себілген ыдыс инкубаторда 25,7 градустық бірқалыпты температурада екі күн сақталады. Содан соң тұқымнан топырақты жарып, өскін өсіп шығады. Пластик құтыға салынған көшеттерді алып, арнайы жылыжайда өсіреміз. Ол жерде автоматты түрде өз уақытымен суарылады, жылыжайдағы ылғалдылықты бірқалыпты деңгейде ұстау өте маңызды», дейді қожалық басшысы.
Қара топыраққа себілген тұқымды күндіз-түні тыным таппай баптап, күтімге алу қажет. Көшеттерді дайындауда италиялық қондырғының көмегі көп. Жаңа қондырғы еңбек өнімділігін анағұрлым арттыра түскен. Бұрын мұндай еңбекті атқару үшін бірнеше адам жұмысқа тартылатын. Қазір бір қондырғы бірнеше адамның жұмысын атқарып отыр.
Сапалы өнімімен өңірге танылған шаруа Т.Тасхожаев Дербісек ауылында туып-өскен. Шымкенттегі М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетін инженер мамандығы бойынша бітірген. Егінді баптауды бала кезден көріп өскен маман білім-білігін ауыл шаруашылығына арнады.
«Раушан гүлін егіп бастаған алғашқы кәсібім жақсы нәтиже берді, – дейді Т.Тасхожаев. – Кейін басқа да дақылдарды өсіруге бел будым. Жалпы диқаншылық қызығы мен қиындығы қатар өрбіген кәсіп. Істің көзін тапқан адам әрдайым табысты болады, молшылыққа кенеледі. Қазіргі жеткен жетістігіміз қажырлы еңбегіміздің нәтижесі. Жиналған әрбір қаражатты желге шашпай, үнемдеп, шаруашылықтың дамуына жұмсадық. Сол арқылы кәсібіміз кеңейіп, шаруашылықтың инфрақұрылымы жақсарды. Инфрақұрылымның жаңғыртылуы бірінші кезекте еңбек өнімділігінің артуына жақсы ықпал етері сөзсіз».
Шаруа қожалығы бүгінде көшеттерді арнайы тапсырыспен өндіріп, өзге өңірлерге жібереді. Көшеттер температурасы 25 градус, ылғалдылығы 70%-ды құрайтын ортада өндіріледі. Көшет өндірісінде барлық технология қатаң сақталуға тиіс. Соның ішінде ең басты талап – көшеттерді үсікке ұрындырып алмау қажет. Суыққа ұшырамаған, жел майыстырмаған көшеттер бірдей деңгейде жайқалып өсіп шығады. Кейінгі жұмыстар – көшеттерді реттеу, араларын ашу. Шаруа қожалығы көшет өндірісінде торфты қолданады. Оны Еуропа елдерінен алдырады. «Вермикулит» дейтін материал Түлкібас ауданындағы Састөбе ауылынан әкелінеді.
Егін шаруашылығынан бөлек Т.Тасхожаев жылқы, ірі қара, қой, құс өсіреді. Тіпті омарташылықты кәсіп етіп, жемістердің гүлін тозаңдататын бал аралар баптайды. Бүгінде шаруашылықта жиырмадан астам адам тұрақты еңбек етеді. Олардың еңбегі әділ бағаланып, әрдайым әлеуметтік тұрғыда көмек беріліп отырады. Шаруа қожалығы егістігінің айналасына құрма, інжір, анар талдары егілген. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіреді. Органикалық табиғи жолмен өндірілген өнім керемет тәтті болады. Оған шаруа қожалығының дәмі ерекше құлпынайы дәлел. Осындай нәтижелі істерінен хабардар көптеген шаруашылық тәжірибе алмасқысы келеді.
Шаруа қожалығы шетелдік агрономдармен де тәжірибе алмасып тұрады. Бауырлас елдің технологиясымен танысып, солардың озық тәжірибесін енгізу мақсатында қожалық төрағасы Түркия еліне көп сапарлайды. Түркиядан бөлек, кәсіпкер Нидерланд елінің де ауыл шаруашылығын, технологиясын көріп қайтқан. Себебі бүгінде еліміздегі шаруашылықтар осы елдің тұқымдарын көп пайдаланады. Әмбебап диқан ауыл шаруашылығы өнімдерінің импорты өңірде аз болғанын қалайды. Сол тұрғыда банан, папайя, киви сияқты ыстық жақта өсетін тропикалық жемістерді өзімізде өсіріп, климаттық жағынан жерсіндіруді жөн көріп отыр.
Түркістан облысы