Алқалы жиынға Оқу ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова, Мәжілістегі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева, Ислам Даму Банкінің, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.
«Қазақстанда тәлімгерлік институтының дамуына мемлекеттің, үкіметтік емес ұйымдардың және белсенді азаматтардың күш-жігерін біріктіру нәтижесінде қол жеткізіп отырмыз. Тәлімгерлік институтын бекіту үшін ауқымды жұмыс атқарылды: Бала құқықтары туралы заңға өзгерістер енгізілді, бірнеше нормативтік-құқықтық актілер қабылданды. Бұл іс-шара – жай ғана оқиға емес, тәлімгерлік институтының жаңа деңгейге көтеріліп, танылуының айғағы», деді министрлік өкілі Н.Оспанова.
Балалар үйлерінің тәрбиеленушілерін әлеуметтендірудің тиімді құралы ретінде тәлімгерлікті дамыту мен қолдауды талқылауға арналған іс-шара «Дара» қайырымдылық қорының «Тәлімгерлер» бағдарламасының 10 жылдығына орайластырылды. Осы ретте түсіндіре кетейік, тәлімгер – балалар үйіндегі жасөспіріммен тәжірибе бөлісетін, оған ересек өмір сүру дағдыларын игеруге көмектесетін, қиын сәттерде қолдау көрсететін және болашақты таңдауда көмектесетін ересек адам. Тәлімгер болу үшін Қазақстан азаматы арнайы оқудан өтіп, белгілі бір талаптарға сай болуы керек. Ал «Дара» қоры 2015 жылдан бері жүзеге асырып келе жатқан «Тәлімгерлер» бағдарламасы балалар үйінің тәрбиеленушілерін тәлімгерлерімен қауыштырып, сол арқылы балаларды қолдау мен әлеуметтендіруді көздейді.
Бүгінде бағдарлама Қазақстанның 18 қаласында жұмыс істеп, 360-тан аса жасөспірімге дербес өмірге қадам басуға көмектесті. Бағдарламаның ауқымы жыл сайын кеңейіп, қатысушылар саны артып келеді.
«Тәлімгерлер» бағдарламасы – айқын әдістеме мен кәсіби команда. Біз көп жетістікке жеттік, бірақ тоқтап қалмаймыз, өйткені әрбір мұқтаж жасөспірімнің өз тәлімгері болуы керек екеніне сенімдіміз», дейді «Дара» қайырымдылық қорының негізін қалаушы Гүлнар Досаева.
Бағдарлама алғашқы болып Астана, Алматы және Қарағанды қалаларында іске қосылды. Сол кезде Қарағанды облысы Білім басқармасының басшысы болған Асхат Аймағамбетов ұзақ жылғы жұмыстың нәтижелері мен тәлімгерлікті заңнамалық деңгейде бекіту маңыздылығы туралы айтып өтті.
«Он жыл ішінде біз тәлімгерлік жобасының тұрақты, тиімді және шын мәнінде қажетті екеніне көз жеткіздік. Бұл жобаны заң деңгейінде неге бекіту қажет? Ең алдымен барлық мүдделі тараптың жауапкершілігі мен құқықтарын бекітуге керек. «Тәлімгерлер» бағдарламасының тәжірибесі барлық негізгі аспектіні ескеруге мүмкіндік берді: кім тәлімгер бола алады, оның құқықтары мен міндеттері қандай, тәлімгерлер мектебі қалай жұмыс істейді, сертификаттау мәселелері және барлық тараптың, соның ішінде мемлекеттік органдардың жауапкершілігі. Бағдарламаның көпжылдық тәжірибесі заңнамалық түрде қандай нормаларды бекіту маңызды екенін көрсетті», деді Асхат Аймағамбетов.
Форумда сондай-ақ тәлімгерлер мен олардың тәлім алушылары сөз сөйлеп, өз достықтары туралы әңгімеледі: баланың сенімін қалай жаулап алғаны, оның әлеуетін қалай ашқаны, өзіне сенуге көмектескені туралы, сондай-ақ тәлім алушылардың ересек өміріндегі нақты жетістіктерін айтып берді.