Инвестиция • Кеше

Солтүстік Африкадағы алпауыт компания Қазақстанға келуі мүмкін

50 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстанның ғаламдық инвестициялар жөніндегі дөңгелек үстелі (KGIR-2025) аясында Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров шетелдік серіктестермен бірқатар екіжақты кездесу өткізді. Іс-шара барысында сауда-экономикалық және инвестициялық өзара іс-қимылды нығайту мәселелері қаралды, деп жазады Egemen.kz.

Солтүстік Африкадағы алпауыт компания Қазақстанға келуі мүмкін

Фото: Сыртқы Істер министрлігінің баспасөз қызметі

Алғашқы кездесу Біріккен Араб Әмірліктерінің Инвестициялар жөніндегі вице-министрі Мухаммед Абдуррахман Альхауимен өтті. Тараптар сауда және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту, шетелдік инвестицияларды тарту саласындағы тәжірибе алмасу, сондай-ақ бірлескен инфрақұрылымдық және индустриялық жобаларды іске асыру перспективаларын талқылады.

Ерекше назар – Қазақстан-БАӘ стратегиялық инвестициялар платформасы шеңберіндегі кооперация мүмкіндіктеріне және мемлекеттік-жекеменшік серіктестік саласындағы үздік тәжірибелермен алмасуға аударылды.

Келесі кездесуде Ә.Қуантыров «Orascom Construction PLC» компаниясының бизнесті дамыту жөніндегі вице-президенті Тамер Шафикпен келіссөздер жүргізді. Тараптар компанияның еліміздегі инфрақұрылымдық және энергетикалық жобаларға, соның ішінде су электр стансаларының, газ электр стансаларының және сумен жабдықтау нысандарының құрылысына қатысу әлеуетін сөз етті.

Басқосу қорытындысында екіжақты стратегиялық серіктестікті дамытуға, компанияның біздің елдегі басым инфрақұрылымдық жобаларға қатысуына және энергетика, су ресурстары мен көлік инфрақұрылымы салаларында инженерлік-технологиялық шешімдермен алмасуға өзара мүдделілік білдірді.

«Kazakh Invest» ұлттық компаниясы СІМ Инвестициялар комитетімен бірлесіп, KGIR-2025 инвестициялық трегі шеңберінде қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыруды және инвесторлармен жұмысты үйлестіруді жалғастырады.

Айта кетейік, «Orascom Construction PLC» – Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкадағы ең ірі халықаралық мердігерлердің бірі. Компания әлемнің 20-дан аса елінде 200-ден аса белсенді жобаны жүзеге асырып келеді. Оның портфеліне қуаты 30 ГВт-тан асатын энергетикалық нысандар, АҚШ, Египет және Сауд Арабиясындағы инфрақұрылымдық жобалар, сондай-ақ тәулігіне 17 млн текше метр су тазарту және тұщыландыру стансалары кіреді. Сондай-ақ «Orascom» – Африкадағы алғашқы «жасыл» сутек өндіретін кешеннің және қуаты 650 МВт болатын Red Sea Wind Farm жел электр стансасының әзірлеушісі.

Еске салсақ, Астанада жаһандық инвестициялар жөніндегі VIII қазақстандық дөңгелек үстел өтті. Форумға 50-ден аса елден мыңнан аса ірі инвесторлар мен компания басшылары келді. Жиын нәтижесінде жалпы сомасы 7,5 млрд доллар болатын 49 келісімге қол қойылды. Оның 3,8 млрд доллары – нақты коммерциялық жобалар.

Биылғы 9 айда ІЖӨ 6,3%-ға, ал инвестиция көлемі 13,5%-ға өскен. Moody’s агенттігі Қазақстанның кредиттік рейтингін «Тұрақты» деген деңгейге көтерген.