Қоғам • Бүгін, 16:55

Astana Media Week қандай мәселелерді шешеді?

30 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін Астанадағы «Қазмедиа» орталығында Astana Media Week 2025 форумы басталды. 9 жылдан бері дүстүрлі түрде  ұйымдастырылып келе жатқан шара 7 қарашаға дейін жалғасады , деп жазады Egemen.kz.

Astana Media Week қандай мәселелерді шешеді?

Фото: gov.kz

Медиааптаның алғашқы күні «Жасанды интеллект пен цифрландыру кезеңіндегі журналистиканың жаңа бағыттары: қоғам сенімі және өркендеу» атты пленарлық сессиямен ашылды. Халықаралық және отандық медиа кәсіби мамандарын, медиабизнес өкілдері мен мемлекеттік органдарды біріктіретін маңызды алаңға Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева келіп, форум жұмысына табыс тіледі. 

«Ақпарат басты ресурсқа айналған заманда біздің осындай басқосуларымыздың маңызы ерекше. Себебі дәл осындай алаңда ғана біз өзекті мәселелерді ашық талқылап, қорытынды жасап, соның негізінде бизнес пен мемлекеттік басқару жүйесіне қатысты маңызды шешімдер қабылдай аламыз. Бүгінде Қазақстан кеңістік пен уақыт тоғысындағы ерекше кезеңді бастан өткеруде. Мемлекет, қоғам және медиа азаматтардың сұранысына сай, елдің алдағы дамуының заманауи бағыт-бағдарын айқындап келеді. Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстанды» құру ісінде осындай өзара бекем байланыс берік іргетасқа айналуға тиіс дегені де бекер емес», деді Аида Балаева.

рр

Министр Digital News Report зерттеуін негіз етіп, Қазақстан азаматтарының бұқаралық ақпарат құралдарына деген сенім деңгейі Орталық Азиядағы басқа елдермен салыстырғанда айтарлықтай жоғары екенін  атап өтті. Мұндай оң көрсеткішке медиасаланы реформалау аясында қол жеткізілген. Сондай-ақ Қазақстан өңірде алғашқылардың бірі болып халықаралық стандарттарға, соның ішінде Digital Services Act қағидаттарына негізделген «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» заң қабылдаған. Жаңа «Масс-медиа туралы» заң редакциялардың құқықтық мәртебесін күшейтіп, журналистерді қорғау тетіктерін кеңейткен.

Пленарлық сессияда Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов, Euronews-тің Қазақстандағы бюро жетекшісі Боян Бркич, Euronews халықаралық тілшісі (Франция) Денис Локтье, Өзбекстан Ұлттық медиа қауымдастығы бас директорының орынбасары Санжар Устабобоев, Түркия радиотелевизиялық корпорациясының (Түркия) Қазақстандағы өкілдігінің директоры Мехмед Захид Чалышкан және «Жетінші арна» телеарнасының бас директоры Илхам Ибрагимов сөз сөйледі.

лл

Медиа шара әрі қарай «Журналистика тоғысында: жасанды интеллекті бар цифрлық медианың пайда болуы» атты панельдік сессиямен жалғасты. 

Алдағы екі күнде медиаорталық холлында Astana Media Week 2025 контент-маркеті өтеді. Бұл – жаңа формат, копродукциялар және халықаралық кооперациялар таныстырылатын алаң. Контент-маркет продакшн-компаниялар, дистрибьюторлар және платформалар арасында өзара іскерлік кездесулер өткізуге мүмкіндік береді. Мұнда Қырғызстан, Өзбекстан, Қытай мен еліміздің ішкі және сыртқы нарықтарына арналған жаңа идея мен қанатқақты жобалар мен бірлескен өндіріс мүмкіндіктері ұсынылады.

пп

Ел өңірлерінен келген БАҚ өкілдері үшін пленарлық және панельдік талқылаулар, жабық питчинг-сессиялар өтеді. Саладағы жетекші сарапшылар практикалық шеберлік дәрістерін ұйымдастырады.