Банк • Бүгін, 17:20

Әбілқасымова: Бейтаныс адамға аударылған ақшаны қайтару функциясы барлық банкте болуы тиіс

40 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова банктердің мобильді қосымшаларында қате немесе белгісіз тұлғадан келген аударымды кері қайтару мүмкіндігі енгізілуі қажет екенін айтты, деп жазады Egemen.kz.

Әбілқасымова: Бейтаныс адамға аударылған ақшаны қайтару функциясы барлық банкте болуы тиіс

Мәжілістегі брифингте журналистер бұл функция қазір тек бір ғана банктің қосымшасында бар екенін атап өтті. Онда пайдаланушы ақшаны кім жібергенін білмеген жағдайда немесе белгілі адамнан қаражат алғысы келмесе, бір батырманы басу арқылы аударымды қайтара алады.

«Бұл – өте жақсы бастама. Біз мұндай мүмкіндік барлық банктерде іске асырылып, оны банктік ережелерде міндетті талап ретінде бекітуді ұсынамыз», деді Мәдина Әбілқасымова.

Агенттік басшысының айтуынша, мұндай шара «дропперлер» деп аталатын өз шоттарын заңсыз операциялар үшін пайдалануға беретін тұлғалармен күрестің бір бөлігі саналады. Сонымен қатар, бұл тәсіл есірткі саудасы мен ақша жылыстату арналарын жабуға бағытталған.

Әбілқасымованың сөзінше, механизмді толық енгізу бірнеше айға созылуы мүмкін.

«Агенттік Қаржы мониторингі агенттігімен бірлесіп, қаржы секторының ашықтығын арттыруға бағытталған жаңа талаптарды тұрақты түрде енгізіп келеді», деді ол.

Соңғы жаңашылдықтардың қатарында банктік карталардың санын шектеу, тексеру рәсімдерін қатаңдату және есепшоттарды заңсыз мақсатта пайдалану үшін қылмыстық әрі әкімшілік жауапкершілік енгізу бар.