Үкімет • Бүгін, 08:00

Мәжіліс банк қызметі туралы заң жобасын мақұлдады

20 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Кеше Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен палатаның жалпы отырысы өтіп, жиында депутаттар бірқатар заң жобаларын жұмысқа қабылдады.

Мәжіліс банк қызметі туралы заң жобасын мақұлдады

Тақтатас мұнайын өндіруді ынталандырады

Отырыста қаралған алғашқы үш заң жобасы өзара байланысты болғандықтан, ортақ баяндама жасалды. Олар Мүмкіндігі шектеулі балаларды кешенді қолдау туралы заң жобасы мен оған ілеспе түзетулер. Құжат депутаттардың бастамасымен әзірленген.

Баяндамашы Әлеуметтік-мә­дени даму комитетінің төрағасы Ас­хат Аймағамбетовтің айтуынша, заң жо­балары ерекше қажеттілігі бар ба­ла­ларды қолдау нормаларын қамтиды.

Одан кейін Парламент Мәжілісі­нің қарауына «Қазақстан Үкіметі мен Түркия Үкіметі арасындағы екі ел әуе кеңістігі арқылы әскери мүлік пен персоналды транзиттеу туралы келісімді ратификациялау туралы» және «Қазақстан мен Халықаралық Валюта Қоры арасындағы Кавказ, Орталық Азия және Моңғолия үшін әлеуетті дамытудың өңірлік орталығына қатысты өзара түсіністік жөніндегі меморандумды ратификациялау туралы» заң жобалары келіп түсті.

Жоғарыда аталған құжаттарды депутаттар бірауыздан қолдап, Мәжіліс комитеттері жаңа заң жобаларын жұмысқа қабылдады. Артынша, жиында «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодексіне көмірсутектер мен уран саласындағы жер қойнауын пайдалануды жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы екінші оқылымда қаралды.

– Негізгі мақсат – аз зерттелген провинцияларда көмірсутектерді бар­лауға инвестициялық тартым­ды­лықты арттыру үшін барлау мен өндіруге басым құқық беру, сон­дай-ақ уран саласында мем­лекет­тің мүддесін қорғау. Заңның бір жаңалығы – ауыр және тақтатас мұнайы сияқты өндіруі қиын көмір­сутектерді игеруді ынталан­дыру. Мұндай кендерді игеру қым­бат техно­логиялар мен арнайы эко­но­ми­калық жағдайларды талап етеді. Депутаттар осындай жобалар үшін жетілдірілген үлгілік келі­сім­шарттың критерийлерін кеңей­туді ұсынды. Өйткені тиісті қолдау шараларынсыз бұл жобалар­ды іске асыру экономикалық жағы­нан тиімсіз болады. Үкімет бұл баста­маны қолдады. Бұл орта мерзім­ді перспективада Шығыс Қазақ­стан облысындағы Сарыбұлақ (ауыр мұнай) және Қызылорда облысын­дағы Қарағансай (тақтатас мұнайы) кен орындарын игеруге мүмкіндік береді. Олардың жиынтық алынатын мұнай қоры А,В,С1 + С2 санаты бо­йынша – 18,7 млн тонна, –  деді заң жобасы жөнінен баяндама жасаған депутат Еділ Жаңбыршин.

 

Қаржы омбудсменінің бірыңғай офисі құрылады

Мәжіліс банктер және банк қызметі туралы заң жобасын және оған қаржы нарығын реттеу мен дамытуға қатысты ілеспе түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады. Президент жолдауларын орындау мақсатымен әзірленген құжаттар банк қызметін мемлекеттік реттеудің негізгі мақсаттарын, міндеттері мен қағидаттарын анықтайды.

– Заң жобасы 9 бөлімнен, 23 тараудан және 135 баптан тұрады. Ілеспе заң жобасында 7 кодекске және 35 заңға түзетулер енгізіледі. Жаңа заңда банк жүйесінің жұмыс істеуі үшін құқықтық негіздерді белгілеу, банк қызметіне қатысты реттеу, бақылау және қадағалау, депозиторлардың, өзге де кредиторлар мен клиенттердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, банктік қызметтер нарығында адал бәсекелестікті қамтамасыз ету, қаржылық сауаттылық деңгейін және халық үшін банк қызметтерінің қолжетімділігін арттыру міндеті көзделді, – деді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова.

Агенттік төрағасының айтуынша, заң жобасының негізгі жаңа­лы­ғы – активтердің жаңа кла­сы ретін­де цифр­лық қаржы актив­терін реттеуді ен­гізу және олардың ел аума­ғын­дағы айналымына рұқ­сат беру. Яғни цифр­лық қаржы актив­тері­нің үш түрі ен­гізіледі: ақша талап ету құ­қы­ғын куәландыратын цифр­­лы ак­тив­тер (стейблкоиндар); не­­гізгі ак­тивпен қамтамасыз етіл­ген цифр­лы қаржы активтері; цифр­лы түр­де шығарылған қаржы құралдары.

Сондай-ақ заң жобасы инновацияны қолдауға және қаржылық тех­но­­логияны дамытуға жол аша­ды. Атап айтқанда, ол банктер­ге цифр­лық технологиялар, элек­трондық коммерция, киберқауіп­сіздік, биометрия, жасанды интел­лект және телекоммуникация сала­ларын­да жұмыс істейтін жаңа қар­жы­лық технология компанияларына инвестиция салуға мүмкіндік береді.

Мәжіліс мақұлдаған заң жоба­сын­да банк өнімдерін тұтыну­шы­­лардың құқықтарын тиімді қор­ғау үшін дауларды сотқа дейін рет­теу­дің үш деңгейлі жүйесі енгізіледі. Шағымдарды бастапқыда қаржы ұйымдары қарайды. Одан кейін қаржы омбудсменіне және агенттікке жүгінеді.

– Тұтынушылардың мүдде­леріне зиян келтіруі мүмкін өнім­дерді сатуды тоқтату бойынша агенттікке өкілеттіктер беріледі. Сонымен қатар заң жобасын­да банк, сақтандыру және микро­қаржы­лық қызметтер бойынша қаржы омбудсменінің бірың­ғай офисін құру көзделеді. Омбудс­меннің шешімдерін қаржы ұйым­дары орындауға міндетті. Бұл азамат­тардың жолданымдарын қараудың біркелкілігі мен тәуелсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деді М.Әбілқасымова.

Төлем қабілеттілігі жоқ банктер­дің мәселелерін шешу жүйе­сін реформалау туралы ере­желер де қарастырылған. Құжат­та қан­дай банктер жүйелік маңыз­ды екені анықталып, тізім көпші­лік­ке қолжетімді болады. Қаржы нары­ғын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының сөзіне қара­ған­да, жүйелік маңызы бар банкті рет­теу кезінде бірінші кезекте ак­цио­нер­лік капитал есептен шыға­рыла­ды. Яғни банк акцио­нері банк­ке иелік етуді толығымен жоғал­тады. Одан кейін аталған тетік ая­сында бас­қа кредиторлар­дың бар­лық мін­дет­темесі есептен шы­ға­рылады. Бұл шаралар қаржы­лық орнық­ты­лықты қалпына келтіру үшін әлі де жеткіліксіз болса, мемлекеттің ка­пи­талға кіру мәселесі қаралуы мүмкін.

 

Тұтынушылар құқы қорғалады

Талқылау барысында Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев қазір банктер несие алдырту үшін ха­лық­қа қайта-қайта телефон шалып, мазасын алып жатқанын айтты.

– Заң жобасының мақсат-міндеті банктерді тезге салу деп білемін. Өйткені біздегі банктер бизнес пен жаңа жобаларды қолдауды ысырып қойып, қарапайым халыққа еселеп жоғары пайызбен несие беруді және соны еселеп қайта­рып алуды ғана біледі. Бұл ретте ресми деректерге тоқталсақ, биыл 1 қыр­күйектегі жағдай бойынша 8,5 млн азаматтың кредит берешегі бар. Оның жалпы сомасы – 23 трлн теңге, яғни республикалық жыл­дық бюджетке жетіп қалатын қара­жат. Оның ішінде 14 трлн теңге кепілсіз тұтыну несиесіне тиесілі. Өздеріңіз білесіздер, банктер мұнымен тоқтамады. Олар кредит беру кезінде қосымша сақтандыру енгізеді, осымен халықтың қарызы одан сайын көбейеді. Өз еркімен несие алудан бас тартқан адамдарға қоңырау шалу мен SMS-хабарлама жіберу арқылы тағы да кредит алуды ұсына береді. Осы заңсыздықтар­ды тоқтату үшін заң жобасын­да қадағалау қағидаттарының жаңа деңгейлері енгізіліп жатыр. Осы қадағалаудың жаңа қағидаттары банктердің заңсыз әрекеттерін тоқтатуға мүмкіндік бере ме? – деп сұрады Н.Сәрсенғалиев.

Өз кезегінде М.Әбілқасымова бұл заң жобасында жаңа қадағалау тетігі енгізіліп жатқанын растады.

– Бірнеше жылдан бері заң­намаға қаражат алатындардың құқық­тарын қорғау мақсатында жаңа өзгерістер енгізілді. Бұл ретте тұ­тыну несиелері, алаяқтыққа қар­сы түзетулер бар. Енді басқа да жаңа өз­герістер енгізу мүмкіндігін пысық­тап, заң жобасында түпкі­лікті жүйені қарастырдық. Осы жү­йеде тұтынушылардың құқық­тарын қорғаудың кешенді моделі қамты­лады. Бұл тұрғыда банктерде халыққа қызмет көрсету кезін­де тәуекелдерді басқару жүйесі құры­лады. Атап айтқанда, банктерде халықтың құқығын қорғау бойынша ерекше бөлімдер ашылады, – деді агенттік басшысы.

Ал Асхат Рақымжанов халық­ты алаяқтардан қорғау мәселе­сін көтерді. Оның айтуынша, жұртшылық қара­пайым телефон арқылы алаяқ­тарының құрбанына айналып жатыр.

– Жақында өткен Үкімет сағатында Ішкі істер министрлігі биылғы 9 айда 67 млн осындай телефон қоңырауы бұғатталғанын хабарлады. Бұл ретте бір адамға орта есеппен үш-төрт рет қоңырау ша­лынады екен. Осы жазда ұялы бай­ланыс операторларына белгілі бір жа­уап­кершілік жүктейтін бір­­қа­тар түзету қабылданды, оның ішін­де SIM-картаны тіркеу кезін­де био­метриялық растау бар. Бірін­ші­ден, қазір рұқсат етілмеген трафик­ті бұ­ғаттау және SIM картаны тір­кеу үшін биометриялық тексеру­ді енгізу бойынша қандай жұмыс атқарылып жатыр? Неліктен қазақ­стандық нөмірлерден алаяқ­тар қоңы­рау шалуды жалғас­тырып жатыр? Антифрод орталығы аясында алаяқ­тық операцияларды анықтау және азай­ту бойынша қандай жұмыс ат­қа­­рылып отыр? – деп сұрады депу­тат.

Бұл сұрақтарға жауап беру кезінде Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Ростислав Коняшкин алаяқтық әрекеттер аясында жеке адамдарға бағытталған қоңыраулар негізінен әлеуметтік желілер мен WhatsApp және Telegram сияқты жедел хабар алмасу қосымшалары арқылы жасалатынын айтты.

– Бұл тұрғыда SIM-картасыз есептік жазбаны тіркеуге болады. Ал трафикті бұғаттау мен био­мет­риялық сәйкестендіруді жүзеге асыруға қатысты ұялы байланыс опе­ра­торларының биометриканы енгізу ережелері қабылданды. Бұл құралдар қазір іске асырылып жатыр. Телефон нөмірі кімге тие­сілі екенін растай отырып, нақ­ты адамдарға тіркелген SIM-кар­талар саны азаяды деп ойлаймыз. Сонымен қатар Мәжілістегі жұмыс тобы аясында заң жобасы бойынша қажет ұсыныстарды қарастыруға дайынбыз, – деді вице-министр.

Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов шіл­де­де қабылданған түзетулер аясында ұялы байланыс операторлары 2026 жылдың 2 қаңтарынан бастап Антифрод орталығы аясында қызмет көрсететінін, олар автоматты режімде алаяқтық әрекеттер туралы ақпарат алмасуды орнататынын айтты. Сондай-ақ ол жауапкершілікті арттырудың негізгі мәселесі аясында жаңа ұсыныстарды қарастыруға дайын екенін жеткізді.

 

Қонақүйлер рейтингін анықтайтын аудиторлар институты енгізіледі

Мәжіліс бірінші оқылымда депутаттардың бастамасымен әзірленген туристік саланы қолдау мәселелері туралы заң жобасын мақұлдады. Құжатта ішкі туризмді дамыту, туризм индустриясын мемлекеттік қолдау тетіктерін одан әрі жетілдіру көзделген.

Құжат негізінде қонақүйлерді бағалау және оларға «жұлдыз» бойынша рейтингтер беру үшін сарапшы-аудиторлар институты енгізіледі. Сондай-ақ жобада келу туризмі саласындағы туристік операторлардың шығындарына субсидия мөлшерін, туристік орналастыру орындары мен келушілер орталықтарын салу, қайта құру кезінде кәсіпкерлер шығынының бір бөлігін өтеуді нақтылауға бағытталған түзетулер ұсынылған.

Түйінді құжат – «Қазақстан Респуб­ликасының кейбір заңнама­лық актілеріне әкімшілік әділет саласын жетілдіру және кеңейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы. Құжат бойынша негізгі баяндама жасаған депутат Марат Бәшімов 2021 жылғы 1 шілдеден бастап елімізде әкімшілік әділет институты жұмыс істейтінін айтты. Ол бір тарабы мемлекеттік орган болатын жария-құқықтық дауларда азаматтардың құқықтарын соттық қорғаудың жаңа форматы саналады. Әкімшілік әділеттің енгізілуі Мемлекет басшысы бастамашылық еткен сот-құқықтық реформаның басты қадамына айналды және мемлекеттік орган мен азаматтың сот үдерісінде тең құқықты қатысу­шылар болуына негізделген жаңа модельге көшуді білдірді.

– Бұған дейін мұндай даулар жалпы юрисдикция соттарында Азаматтық іс жүргізу кодексінің нормалары бойынша қаралып келді. Бұл көбіне тараптардың теңсіздігіне әкелді. Әкімшілік әділет осы теңсіздікті жойып, дәлелдеу міндетін мемлекеттік органға жүктеді және соттың белсенді рөлін қамтамасыз етті. Енді сот өз бастамасымен қажетті дәлелдемелерді сұратуға құқылы, – деді депутат.

Оның айтуынша, заң жобасын қарау барысында нормашы­ғар­машылық қызметті ғылыми сүйемелдеуге қатысты нормалар енгізілді. Бұл заң шығару үдерісінде ғылымның рөлін күшей­тіп, құқықтық актілердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Мәжіліс депутаттары аталған заңды Сенат қарауына жіберді.