Жәдігер • Кеше

Айшаның тігін машинасы

40 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның Талаптыдағы тұрған үйі қазір әдеби-мемориалдық қызмет көрсетіп тұрғаны мәлім. Талапты ауылына табаны тиген азаматтар қара шаңыраққа соқпай кетпейді. Мұнда қайраткер қаламгердің шығармашылық мұрасы, өзіне және отбасына тиесілі біраз дүние сақталған.

Айшаның тігін машинасы

Қазақ әдебиетінің алып бәйтерегі тұрған ауылды, әдеби-мемориалдық үйді арнайы көруге еліміздің әр қиы­рынан ағылып жатқан азаматтар да жеткілікті.

Шерағаңның шаңырағында оның әдеби мұрасынан бөлек, бильярд үстелі, түрлі басылым тігінділері, өткен шақтан сыр шертетін біршама тарихи заттар сақталған. Мұнда келгендер мұражайдағы әрбір құндылыққа айрықша назар аударатыны белгілі. Соның бірі – анасы Айшаның тігін машинасы. Жылдар бойы сақталған  «Зингер» тігін машинасы көзге оттай басылады.

«Қара шаңырақта тұрған Рай­хан ­апайымыз бұл тігін машинасын біраз уақыт бұрын арнайы тапсыр­ған болатын. Бізге келушілер Айша апа­мыздан қалған мұраның тарихы­на тереңірек үңіліп жатады. «Зингер» тігін машинасы Шерағаның шығар­мала­рында да аз жазылған жоқ», дейді әде­би-мемо­риалдық үйдің қызметкерлері.

Расында, Шераға шығармаларында «Зингер» тігін машинасын атау арқылы тағдырының тақтасындағы ауыр күн­дер­ді есіне түсіретіні баршамызға мәлім.

«Менің анам Айша шебер тігінші еді. Баяғыда бай бабадан қалған «Зин­гер» машинасымен бүкіл ауылдың киім-ке­шегін осы Айша тігетін. Сонда әр­түрлі матадан қалған қиықтарды құрас­тырып, мақталап, түрлі түсті әп-әдемі көрпешелер жасайтын», деп Шер­ағаң да мехнатқа толы сол бір шақ­ты есіне алушы еді ғой. Қалай десек те, жазушы шығармашылығында жиі көрініс тапқан тарихи бұйымның құнды экспонат ретінде сақтаулы тұрғаны көңіл қуантады.

 

Жамбыл облысы,

Жуалы ауданы,

Талапты ауылы