Мектеп • Бүгін, 16:26

Жаңа оқу жылы: Олимпиадалық қозғалысқа 1,5 миллионнан астам оқушы қатысады

20 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Биылғы оқу жылында оқушылар арасында әртүрлі деңгейдегі 80-нен астам зияткерлік іс-шара өткізіледі деп жоспарланған. Оған барлық өңірден 1,5 миллионнан астам мектеп оқушыcы қатысады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жаңа оқу жылы: Олимпиадалық қозғалысқа 1,5 миллионнан астам оқушы қатысады

Фото: mektep.edu.kz

Аталған іс-шаралар – дарынды балаларды анықтап қолдау, олардың шығармашылық қабілеттерін дамыту, сондай-ақ оқушылардың білім-ғылымға, мәдениет пен зерттеулерге және инновацияға деген қызығушылығын арттыруды көздейді.

Биылғы оқу жылында 125 мың оқушы республикалық ауыл оқушылары олимпиадасына тіркеліп, жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың мектепішілк кезеңіне 323 мың оқушы қатысқан. 60 мыңнан астам оқушы республикалық ғылыми жобалар конкурсында өз жұмыстарын ұсынған. Биыл алғаш рет қаржылық сауаттылық пен қауіпсіздік бойынша олимпиада өткізіліп жатыр, оның алғашқы кезеңіне еліміздің барлық өңірінен 35 мыңнан астам оқушы қатысты.

Сонымен қатар Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, осы аптада өңірлерде «ХХІ ғасыр көшбасшысы» интеллектуалдық ойыны мен философия және сыни ойлау бойынша республикалық олимпиаданың аудандық және облыстық кезеңдері өтіп жатыр. Сондай-ақ оқушылар республикалық «Ақберен» шығармашылық байқауының кезеңіне және математика мен информатикадан KHIMIO-2025 халықаралық олимпиадасына қатысады.

Олимпиадалар мен конкурстар оқу жылы бойы жалғасып, республикалық кезеңдердің жеңімпаздары мен жүлдегерлері ел намысын халықаралық деңгейде қорғайтын болады.