Технология • Кеше

Ұлттық статистикалық жүйелерді цифрлық трансформациялау мәселесі талқыланды

40 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Астанада Қазақстан мемлекеттік статистикасының 105 жылдық мерейтойына орай «Ұлттық статистикалық жүйелерді цифрлық трансформациялау» атты халықаралық форум жұмысын бастады, деп жазады Egemen.kz.

Ұлттық статистикалық жүйелерді цифрлық трансформациялау мәселесі талқыланды

Фото: stat.gov.kz

Форумда Қытай, Сингапур, Грузия, Венгрия, Индонезия, Сербия және ТМД елдерінің статистика қызметтерінің басшылары мен өкілдерінен құралған 150-ден астам қатысушы бас қосты. Сондай-ақ іс-шараға халықаралық ұйымдар БҰҰ, БҰҰ ЕЭК, ЭЫДҰ, Дүниежүзілік банк, Азия даму банкі, ЮНИДО, ЮНФПА өкілдерімен қатар мемлекеттік органдардың, ғылыми және сараптамалық қауымдастықтың өкілдері де қатысып жатыр.

Форумда статистиканы цифрландырудың заманауи үрдістері, деректердің сапасы мен құндылығына қатысты тақырыптар талқыланып, мемлекеттік басқару жүйесіне «үлкен деректер» мен жасанды интеллект технологияларын енгізу мәселелері сөз болды.

Форумның пленарлық отырысын ашқан Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Әсет Ерғалиев еліміздің Тәуелсіздік жылдарында статистика саласы жоспарлы экономиканың есеп жүйесінен БҰҰ, ЭЫДҰ, ХВҚ және басқа да ұйымдардың халықаралық стандарттарына толық сәйкес келетін заманауи жүйеге дейінгі ауқымды даму жолынан өткенін атап өтті.

«Статистика – ашықтық пен сенімнің кепілі. Мерейтой – бұл тек қорытынды шығару ғана емес, жаңа белестерді айқындау мүмкіндігі. Халықаралық ынтымақтастықтың арқасында қазақстандық статистика БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу ісіне айтарлықтай үлес қоса береді», деді Әсет Ерғалиев.

ТМД Мемлекетаралық статистика комитетінің төрағасы Константин Лайкам әлемдік статистика қауымдастығы ақпараттық ортаның дамуы мен қоғамдық өмірдегі өзгерістерге байланысты күрделі сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отырғанын жеткізді. 

«ТМД Статистика комитетінің атынан қазақстандық әріптестерімізді мерейтоймен шын жүректен құттықтаймын және форумды жоғары деңгейде ұйымдастырғандары мен жылы қабылдаулары үшін ризашылығымды білдіремін. Қазақстандық статистиктер мол тәжірибе жинақтады, және оның ТМД елдері үшін пайдалы боларына сенімдімін. Тек бірлескен күш-жігер арқылы біз жаһандық сын-қатерлерге тиімді жауап беріп, статистиканы халқымыздың игілігі үшін пайдалана аламыз»,  деді ол.

Форум бағдарламасына ұлттық статистика жүйелерінің цифрлық трансформациясы, деректер сапасын арттыру, үлкен деректер мен жасанды интеллектіні пайдалану, сондай-ақ статистика пайдаланушыларымен тиімді коммуникация мәселелеріне арналған сессиялар да енгізілген.

Форум барысында Азия даму банкі, ЮНФПА, Halyk Bank, KazAID және Индонезияның Статистика агенттігімен өзара ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қою жоспарланған.