Үкімет • Кеше

Сенаторлар екі заң жобасын талқылады

10 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен палатаның кезекті жалпы отырысы өтіп, сенаторлар күн тәртібіне шығарылған бірқатар заңды қарады. Сондай-ақ Мемлекет басшысы жүктеген міндеттерді іске асыру аясында депутаттық сауалдарын жолдады.

Сенаторлар екі заң жобасын талқылады

Креативті экономиканы дамытатын тетік

Депутаттар алдымен «Қазақ­стан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зияткерлік меншік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды екі оқылымда қарады. Талқылау кезінде аталып өткендей, заңның қабылдануы зияткерлік қызмет нәтижелеріне құқықты сақтаудың және қорғаудың тиімді жүйесін құру, креативті индустрияларды дамыту, шығармашылық пен инновацияларды ынталандыру үшін тиісті жағдай жасауға ықпал етпек.

«Қаралған заң зияткерлік меншік құқығын қорғау тетіктерін жетілдіруді көздейді. Осы мақсат­пен бірыңғай цифрлық платформа енгізіліп отыр. Жаңа платформа құқықты ұжымдық басқару жүйесінің ашықтығын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар хабар тарату ұйымдарының айрықша құқын нақтылайтын нормалар бар. Тауар таңбасын тіркеуге қа­жетті сараптама жүргізу­дің жеделдетілген тәртібі де қарастырылды. Көру қабілеті бұзылған азаматтарға ақпараттың қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселесі де назардан тыс қалмады. Жалпы, заң зияткерлік меншік құқығын қорғауды жетілдіруге және креативті экономика секторын дамытуға тың серпін береді деп сенеміз», деді М.Әшімбаев.

Сонымен қатар заңда белгіле­мені та­уар белгісі ретінде тіркеуге қарсылық беру мерзімін екі айға дейінгі мерзімге ұлғайтуға және үстірт сараптама жүргізу сатысында өнертабысқа патент беруден бас тарту мүмкіндігін бел­гілеуге қатысты нормалар қарас­тырылған. Заң арқылы мүліктік құқықты ұжымдық негізде басқаратын ұйымдарға жиналған, бөлінген, төленген сыйақы, оған басқаруға берілген құқық туралы және басқа да мәліметтерді бірыңғай цифрлық платформаға орналастыру, т.б. бірқатар міндет жүктеледі.

 

Түзетулер енгізуді ұсынды

Бұған қоса Сенат отырысында депутаттар бастамашы болған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет, білім, отбасы және мемлекеттік бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң екі оқылымда қаралды.

«Талқыланған заң бірқатар саладағы құқықтық реттеуді одан әрі жетілдіруге бағытталған. Атап айтқанда, заңда бала асырап алуға қойылатын талаптарды күшейтуге арналған түзету топтамасы бар. Білімнің сапасы мен қолжетімділігін кешенді түрде бағалау үшін білім ұйымдарына жүргізілетін мемлекеттік аттестаттау рәсімі де жетілдірілді. Кітапхана қорын дамыту және сақтау бойынша да бірқатар нақты шара қарастырылып отыр. Сондай-ақ халықтың санитария-эпидемиологиялық саулығын қамтамасыз ету үшін ерекше бақылаудың және қадағалаудың жаңа тетіктері енгізілді. Заңды қарау барысында сенаторлар жекелеген нормаларды жетілдіруге арналған ұсыныстар берді. Жалпы, заң еліміздің мәдениет, білім және мемлекеттік бақылау салаларын одан әрі дамытуға оң септігін тигізеді деп сенеміз», деп Сенат төрағасы заңға бастамашы болған депутаттарға ризашылық білдірді.

Заңнамалық нормаларға сәйкес концерттік іс-шаралар өткізу кезінде фонограммаларды пайдалануға ты­йым салынады. Бұл ретте телевизиялық жазбалар және ойын-сауық мәдени-бұқаралық іс-шараларды өткізуге арнайы бейімделмеген орындар қосылмайды. Мәдениет саласындағы тағы бір новелла атақты тұлғалардың құрметіне жеке білім ұйымдарына атаулар беру және қайта атау бойынша ономастикалық комиссиямен келісу рәсімінің енгізілуі болды.

Білім және мемлекеттік бақылау саласында да бірқатар ма­ңызды түзету­ қарастырылған. Енді халықаралық ғылыми жоба­лар конкурстарының жеңім­паздарына, сондай-ақ оларды дайындаған педагогтерге біржолғы төлем төленеді. Мемлекеттік білім тапсырысы есебінен оқыған, мемлекеттік жәрдемақы алушылар және мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған немесе I топтағы мүгедектігі бар адамдарға күтім жасайтын адамдарды міндетті түрде жұмыспен өтеуден босату енгізіледі.

Сенаторлар талқылаудан кейін аталған заңды концептуалды тұр­ғыдан қолдап, оған бірқатар түзету енгізуді ұсынды. Атап айтқанда, білім жүйесін жақсартуға, балалардың құқын қорғауға, білім қызметін реттеуге, тұтынушылардың құқын қорғауға және мәдениет саласын дамытуға қатысты өзгерістер мен толықтырулар жөнінде ұсыныстар айтылды.

Мәселен, «Қазақстан Респуб­ликасын­дағы баланың құқық­тары туралы» заңға өзгеріс­тер енгізілді, соған сәйкес психи­калық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымдарда динамикалық бақы­­лаудағы адам ұлттық алдын­ алу тетігінің тәлімгері және қа­­тысушысы бола алмайды. Бұ­ған қоса аудандар мен облыс­тық маңызы бар қалалар орта білім ұйымдарының мем­ле­кеттік нысандарын салуды, реконструкциялауды және күр­делі жөндеуді жыл сайын қар­жы­ландыруды қамтамасыз ететін жергілікті атқарушы орган­дар тізімінен шығарылды. Тұ­тыну­шылардың құқын қорғауға қатысты заңның жаңа тармағына сәйкес тауар (жұмыс, қызмет) туралы ақпарат міндетті түрде заңнамада белгіленген жағдайларда музыкалық туындыларды орындаушылардың ойын-сауық қызметтерін көрсетуі кезінде дауысты (вокалдық) фонограммаларды, аудиовизуалды жазбаларды пайдалануы жө­нін­дегі нұсқауды қамтуға тиіс. Сондай-ақ заңның кейбір баптарын қолданысқа енгізу мерзімдері қайта қаралды. Нәтижесінде, сенаторлар ұсынылған түзетулерді ескере отырып, аталған заңды Мәжіліске қайтару туралы шешім қабылдады.

 

Әскердегі әлімжеттік жойылған жоқ

Палата отырысының соңында сенаторлар әдеттегідей өздерінің депутаттық сауалдарын жолда­ды. Мәселен, Андрей Лукин армиядағы әскери тәртіптің жай-күйіне алаңдаушылық білдіріп, Қарулы күштердің жеке құрамы арасында құқық тәртібі мен құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелерін реттейтін заңнаманы жүйелі түрде жаңарту қажет екенін айтты.

Депутаттың айтуынша, әскер­дегі тәртіп оның жауынгерлік қабілетінің негізі және жеке құрамның моральдық жағдайына, жауапкершілік деңгейіне әрі жауынгерлік тапсырманы орындау қабілетіне тікелей әсер етеді. Алайда әскери қызметшілер ара­сындағы құқық тәртібі мен құ­қық бұзушылықтың алдын алу мәселелерін реттейтін қолданыстағы нормалар қазір ахуалға сай келмейді. Талдау көрсеткендей, оларды жүйелі түрде қайта қарап, жетілдіру қажет. Сенатордың пікірінше, бұл әскердегі тәртіпті сақтау үшін ғана емес, сондай-ақ қоғамның Қарулы күштерге деген сенімін нығайту мен елдің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін де маңызды.

«Қабылданып жатқан ұйым­дастыру мен тәрбиелік шара­ларға қарамастан, жүйелі проб­лемалар өзгерген жоқ: бөлім­ді өз бетінше тастап кету жағ­дайлары, жарғылық емес қатынас­тар бар, сыбайлас жемқор­лық кө­ріністері және әскери қыз­метшілер арасындағы өзара қа­рым-қатынастардың жар­ғы­лық ережелері бұзылып жатыр. Алдын алу жұмысындағы тиім­діліктің жеткіліксіздігі, әскери полиция органдары, прокуратура мен қолбасшылық арасында үйлестірудің әлсіздігі бай­қалады. Бұл фактілер қолда­ныс­тағы құқықтық база тәртіп­тік рәсімдердің жеткілікті жауап­кершілігі мен ашықтығын қам­тамасыз етпейтінін көрсетеді», деді А.Лукин.

Сенатор әскердегі құқықтық тәртіп пен тәрбие жұмысын нығайту қажеттігі қолданыстағы заңнамалық нормалардың сапасына тікелей байланысты екенін атап өтті. Бүгінде әскери полиция мен қолбасшылықты реттейтін ережелердің бір бөлігі ескірген және цифрландыру мен ведомствоаралық өзара іс-қимылмен қоса заманауи міндеттерді ескермейді. Әскери қызметшілер арасында жарғылық емес қатынастар, теріс пайдалану мен психологиялық дағдарыстар жағдайлары сақталып келеді.

«Әскери полиция, қолбасшы­лық және құқық қорғау органдары арасын­дағы функция­ларды ажырату, тәртіптік бұзушылықтар мониторингінің цифрлық жүйелерін пайдалануды бекіту, бөлімді өз бетінше қалдырғаны үшін жауапкершілік нормаларын қатаңдату мен теріс себеппен жұмыстан шығаруға, әлеуметтік кепілдіктерді теріс пай­далануға байланысты құқық­тық олқылықтарды жою бөлігінде заңнаманы күшейтуді ұсынамыз. Әскери психологтерді даярлау мен сертификаттау стандарттарын белгілейтін заңға тәуелді актіні қабылдау, суицидтік жағ­дайлардың алдын алудың ведом­ствоаралық бағдарламасын әзірлеу қажет», деді сенатор.

Сонымен қатар депутат Амангелді Нұғманов өзінің депутаттық сауалында Моисеев су жинау нысанын салу мәселесі аймақ үшін стратегиялық әрі әлеуметтік маңызға ие екенін тілге тиек етіп, Үкіметті оның құрылысын жеке бақылауға алуға шақырды. Сенатордың айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында әзірленген аса маңызды жобаға нақты себептерсіз орындалмай қалу қаупі төніп тұр.

Ғалиасқар Сарыбаев Премьер-министрдің назарын Алматыдағы Көк-Төбе телемұнарасы мен Жетісу облысындағы «Үлкен Шаған» радиотелевизиялық стансасының инженерлік-техни­калық, сейсмикалық, экологиялық проблемаларына аударды. Депу­тат бірқатар сын-қатерге тоқта­лып, жағдайды шешуге арналған нақты ұсыныстарын айтты.

Депутат Амангелді Есбай кәсіби біліктілігі жоқ жалған коучтар мен психологтерден зардап шеккендердің статис­тикасын келтіріп, қоғамдағы өзекті проблеманы көтерді. Сенатор азаматтардың психикалық, әлеуметтік әрі қаржылық қауіпсіздігіне қатер төндірмеу, отбасы институтын және балалардың құқын қорғау үшін аталған мамандардың жауапкершілігін заңнамалық деңгейде қатаңдатуды ұсынды.