Форум • Бүгін, 07:35

Халық медиаға қаншалықты сенеді?

10 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Астанада БАҚ өкілдеріне арналған «Ұлтқа қызмет ету – медиа миссиясы» тақырыбымен өтіп жатқан «Astana Media Week»-тің екінші күнінде сарапшылар қоғам мен медиа арасындағы сенім деңгейін талқылады. Толассыз ағылған, шындығы мен жалғаны араласқан ақпарат легі кезеңінде қоғам сенімі қалай қалыптасады?

Халық медиаға қаншалықты сенеді?

Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

PR және Медиа кәсіби қауымдасты­ғы­ның «Сенім дағдарысы – бұл комму­ни­кацияның жаңа дәуірі ме?» панельді сес­сиясын жүргізген PR-маман, коммуни­ка­ция саласының сарапшысы Ақерке Бер­лібайдың айтуынша, біз қазір сенім дағ­да­рысының дәуірінде өмір сүріп жатырмыз.

– Сенім – қоғамның тұрақтылығы мен бірлігінің өлшемі. Сенім азайған жерде жүйе әлсірейді, медиа мен адамдар арасындағы байланыс үзіледі. Сондықтан сарапшылар жыл сайын әлем елдеріндегі сенім деңгейін өлшейді. Өкінішке қарай нәтиже өзгермей келеді – жыл сайын сенім кеміп барады. «Edelman Trust Barometer» дерегіне қарағанда, әлемдегі орташа сенім деңгейі 100 балдың ішінде – 56 ғана. Қызығы, бизнеске сенім бар, ал билік пен медиа – ең әлсіз буын. Зерттеушілер мұны «реніш қоғамы» деп атайды. Себебі қарапайым: сөз бен істің арасы алшақ, ақпарат шулы, технология жалған бейне жасап, адам көзге де сенуден қалды. Ал қоғам шынайылықты, адамдық үнді іздейді, – деді ол.

а

А.Берлібайдың айтуынша, қазір Мемлекет басшысы әділдік пен заң үстемдігін нығайту арқылы қоғамдағы сенімнің іргесін қайта бекітуге бағытталған жүйелі саясат жүргізіп келеді. Бұл саясаттың өзегі – ашықтық, әділдік және жауапкершілік. Дәл осы құндылықтар ел ішіндегі сенім мен тұрақтылықтың жаңа өлшемін қалыптастырады.

– Біздің, коммуникация мен PR мамандарының міндеті – шындықты жеткізу, шешімді түсіндіру, қоғаммен байланыс орнату. Бірақ сенім дағдарысы бізді де айналып өткен жоқ. Сондықтан сенім бүгін ең тапшы капитал болып отыр. Оны қалыптастыруға жылдар кетеді, жоғалтуға бір-ақ сәт жеткілікті. Сондықтан бүгінгі PR – жылтыр имидж емес, сенімнің экожүйесін қалпына келтірудің жолы. Бастысы – елге қызмет етіп, халық сеніміне ие болу. Қазір заман тынысы өзгеріп, PR да жаңа бағыт, жаңа бейне тауып жатыр, – деді коммуникация саласының сарапшысы.

Бұл сессияда Сыртқы істер министр­лігінің ресми өкілі Айбек Сма­дияров, Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Әлекешев, Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы Жанна Арынбекова, «Freedom Ticketon» компаниясының коммуникациялар жөніндегі директоры Азамат Атагелді мен Lada.kz сайтының бас менеджері (Маңғыстау облысы) Бағлан Айдашов қаты­сып, қоғамның билік, жеке бизнес, құқық қорғау органдары арасындағы сенімін талқылап, тәжірибелерімен бөлісті.

Билік пен қоғам арасындағы байланыс пен сенім көрсеткішін халыққа ең жақын орта – өңірлерден көруге болатынын айтады мамандар. А.Берлібайдың пікірінше, елдің тынысын, ойын, халықтың көңілін ең алдымен сол жақтан аңғаруға болады. Осы орайда Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы Жанна Арынбекова халықпен тікелей байланыс орнатып отырғанын айтады. Ол үшін облыс әкімінің өзі әлеуметтік парақша ашқан. Сондай-ақ өңірге қарасты 9 аудан, 2 қала да осындай желі арқылы халықтың мәселесіне зер салып, оны шешуге атсалысып жатыр.

п

– Өңірде баспасөз хатшылары тұрақты жұмыс істейді. БАҚ өкілдерімен ортақ чат арқылы байланыстамыз. Қазір блогерлермен де тікелей байланыс орнаттық. Қандай да бір мәселе орын ала қалса, алдымен әкімдікке хабарланады. Instagram, Facebook әлеуметтік желілерімен қатар Tiktok-та да парақша аштық. Мұнда көбіне жастар тіркелген, олардың да пікірі, көзқарастары маңызды. Бұл енді заман талабы болып отыр, жұмысымыз осы желілерден көрінеді, – деді баспасөз хатшысы.

Қазір құқық қорғау органдарына да халықтың сенімі азайғаны белгілі. ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Әлекешев қазір сенімнің құны қымбат екенін айтады. Өйткені әлеуметтік желіде халық қазір мәселенің байыбына бармай құқық қор­ғау органдарының қызметкерлерін қара­лап, түрлі жазба қалдырып, тіпті фото-видео жа­риялап жатады. Өзгелері бірден түрлі пікір жазып, қоғамдық резонанс туды­рады. Ал оның анық-қанығын білуге біршама уақыт кетеді. Сондықтан қоғам мен құқық қорғаушылар арасындағы сенім төмендейтіні – осыдан.

Тағы бір мысал келтіретін болсақ, қыркүйек айының соңында елімізде «Қайрат – Реал Мадрид» футбол клубтары­ның арасында ойын өтті. Жанкүйерлер билетке қол жеткізе алмай, біраз келіс­пеу­шілік туындаған еді. «Freedom Ticketon» компаниясының коммуникациялар жө­ніндегі директоры Азамат Атагелдінің айтуынша, сұраныстың шектен тыс жоғары болып, әлеуметтік желілер мен БАҚ-та қызу талқылау жүріп компанияға біраз шағым түскен.

– Бұл жерде халық «Freedom Ticketon»-ның ұйым­дастырушы емес, билет сату сер­висі ретіндегі рөлін түсінбеді. Олар билет сату кезіндегі «ақауларға», кезек, орын жетіспеушілігіне шағымданды. Бір мезетте жүйеге 1 млн-нан аса пайдалану­шы кірген. Ал ойын өткен стадионның өткізу мүмкіндігі шектеулі, небәрі 20 мың кө­рер­менге арналған. Біз, әрине, жедел әрекет еттік. Билет сату кезіндегі ресми сұ­раныс деректерін жарияладық, – деді ұйым­ның ком­­муникациялар жөніндегі директоры.

Сондай-ақ А.Атагелді ақпарат кеңісті­гі­не тәулік бойы мониторинг жүргізіп, БАҚ-пен жедел жұмыс жүргізгенін, пресс-конференциялар ұйымдастырғанын айтады. Тіпті матчқа сатылған билеттердің са­нын жариялап, билет қайтару, өтем­ақы­ төлеу секілді мәселелер қолға алын­ған. Осы­­лайша халықпен түсіндірме жұмыс­тары ұйымдастырылып, сенімді арттырған.

Ал СІМ ресми өкілі Айбек Смадияровтың айтуынша, былтыр елімізге 15 млн турист келген. Бұл халықаралық қоғамдастықтардың елімізге деген сенім көрсеткіші жоғары екенін көрсетеді.

– Шыны керек, Димаш, Иманбек секіл­ді таланттарымызды ең алғаш шетел­­дік­тер бағалады. Қазір елімізді бар­лық әлем біледі. Сондықтан сенім алды­­мен өз халқымыздың арасында орнауы керек. Ол үшін қазір әлеуметтік желі­ні ұтым­­ды пайдалану маңызды, – деді СІМ өкілі.

Сондай-ақ нарық, контент, монетазация, цифрлық дәуірдегі телевизияның трансформациясы, жасанды интеллект дәуіріндегі журналистиканың күресі секілді тақырыптар талқыланды.