Әлем • Бүгін, 08:05

Дүниежүзі Түркі тілдері күні белгіленді

10 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

15 желтоқсан «Дүниежүзі Түркі тілдері күні» (World Turkic Language Family Day) деп жарияланды. Мұндай шешім Өзбекстанда өткен Білім, ғылым және мәдениет жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымының (ЮНЕСКО) ХХХХІІІ Бас конференциясында қабылданды.

Дүниежүзі Түркі тілдері күні белгіленді

Сурет: astanatv.kz

Самарқанда өткен конференцияға 194 елден 5 мыңнан аса делегат қатысқан.

ЮНЕСКО жанындағы Түркияның тұрақты өкілі, елші Гюльнур Айбет 15 жел­тоқсанды Дүниежүзі Түркі тілдері күні деп белгілеудің маңызын түсіндірді. Оның айтуынша, дәл осы күні VIII ғасырға жататын түркі тіліндегі ең көне жазба деректер – Орхон жазбалары алғаш рет оқылған. Сол себепті бұл түркі өр­кениеттерінің ортақ мәдени және рухани байлығын бейнелейтін тарихи сәт, бұған қоса халықтар арасындағы мәдени байланыс пен диалог орнатуға ықпал етеді.

– ЮНЕСКО түркі тілдерінің әлемдік күнін атап өту арқылы көптілділікке, мәде­ни алуандыққа және халықтар ара­сындағы диалогке деген өзгермес ұста­нымын тағы да растайды, – деді Г.Айбет.

Негізі «Дүниежүзі Түркі тілдері күні» деп жариялау – Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанның бастамасы. Самарқандағы жиында осы бастаманың жобасы қаралып, мақұлданды. ЮНЕСКО жанындағы Түркияның тұрақты өкілінің мәліметіне сүйенсек, қазір әлемде түркі тілдерінде 200 миллионнан аса адам сөйлейді, оларды ғасырлар бойы ортақ тарих пен құндылықтардан тұратын бай мәдени мұра байланыстырады.

Сенатор Дархан Қыдырәлінің айтуынша, елімізде алғаш Халықаралық Түркі академиясы 2014 жылы 18 мамырды «Түркі жазуы мерекесі» деп жария­лады. Парламентте ресми шешім қабылданып, Аста­нада 2014–2020 жылдары тұрақты түрде осы күні арнайы жиындар, бас қосу­лар өткізіліп отырған. Сондай-ақ осы мере­кенің аясын кеңейту мақсатында ЮНЕСКО-ның Париждегі штаб-пәтерінде арнайы халықаралық іс-шаралар да ұйым­дас­тырылған. Атап айтқанда, 2015 жылы «Қорқыт мұрасы және түркі тілдері», 2016 жылы «Жібек жолы бойындағы жаңа синер­гия», 2017 жылы «Жойылу қаупіндегі түр­кі тілдері» атты ауқымды жиындар өткен.

– Ал 2018 жылы өткен «Мәдени мұра: қа­дымнан болашаққа түркі тілдері» сим­позиуымына алтай, қашқай, қарайым, құ­мық, ноғай, шор, тыва, хакас, саха, сары­ ұйғыр, хотон, гагауыз, баш­құрт секіл­ді тілдері жойылып бара жат­қан та­мыр­лас ұлт өкілдері қатысып, Па­риж­де өз ана тілдерінде баяндама жасады. 16 мемлекеттің өкілдері мен таны­мал түрколог ғалымдар қатысқан жиын қо­рытындысында «Түркі тілдері мерекесін» атап өту туралы ұсыныс айтылып, оны Түркия ЮНЕСКО Ұлттық комиссиясының төрағасы, профессор Ожал Оғыз жүргізе бастады. Атаулы күнге Астанада аталып жүрген 18 мамырдан басқа дат ғалымы В.Томсен Орхон жазбаларын алғаш оқыған 25 қарашаны яки әлемге алғаш әйгілеген, жариялаған 15 желтоқсан күндерін белгілеу туралы ұсыныс түсті, – деді Д.Қыдырәлі.

Сенатордың айтуынша, бұған қоса ЮНЕСКО-да 2019 жылы «Ұлық ұлыс – Алтын Орда мұралары», 2020 жылы әл-Фарабидің 1150, Абайдың 175 жылдығына арналған іс-шаралар, 2021 жылы «Білге Тоныкөк жазбаларының 1300 жылдығы», 2022 жылы да жаңа табылған Елтеріс Құтлық қағанның мұрасына арналған алқалы жиындар өткен.

– Құтлық қаған жиынын да дәл осы 15 желтоқсанға сәйкес ұйымдастырдық. Ан­карада Білге Тоныкөк паркін аштық. Осы жиынд­ардың барлығы да түркі тілдерінде өтті. Осы істі Öcal Oğuz басқара­тын Түркия ұлт­тық комиссиясы аяғына дейін жеткізді. Енді біздің жазу тарихы­мыздың көнелігін ай­ғақтайтын, 200 мил­лионнан аса халық сөйлейтін тіл­дері­мізді жақындастыра тү­се­тін, ырыс­ты ынтымақтастыққа алтын ар­қау бола­тын, ЮНЕСКО ресми түрде мо­йын­­да­ған ортақ мерекеміз бар, – дейді сенатор.