Спорт • Бүгін, 08:55

Нұржан Қатаев: Ғылым спортты жетістікке жетелейді

50 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Белгілі балуан Нұржан Қатаев есімі көпшілік жанкүйерге кеңінен танымал. Ол әуелі еркін күрестен жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігінің жеңімпазы атанып, жастардың құрлықтық додасында қарсылас шақ келтірмеді. Шеберлігі шыңдала келе, ересектер дуына қосылған соң, Азия чемпионы, сол жарыстың екі дүркін күміс, екі дүркін қола жүлдегері атанды. Дегенмен оған бар спортшының арманы – Олимпия ойындарында бақ сынау бақыты бұйырмады. Орайы келген әңгіме барысында оның жауабын кейіпкеріміздің өзінен сұрап білген едік.

Нұржан Қатаев: Ғылым спортты жетістікке жетелейді

– Мен 1983 жылы қазіргі Түркістан облысы Леңгір қаласында, ұстаздар отбасында дүниеге келдім, – деп бастады әңгімесін Нұржан. – Әкем Жолымбек мектеп директоры болды, анам Шәйгүл бастауыш сыныпқа сабақ берді. Екеуі бір ұжымда 40 жылдан аса еңбек етті. Отбасымызда бес ағайындымыз. Әкеміз бізді бала кезімізден спортқа баулыды. Барлығымыз еркін күресті таңдадық. Үлкен ағам Қарағандыдағы Әлия Молдағұлова атындағы спорт мектеп-интернатында оқып, спорт шебері нормативін орындады. Леңгірде жергілікті жаттықтырушы Бақыт Оразбаевтан күрестің қыр-сырына қаныққаннан кейін мен де 13 жасымда Қарағандыға аттандым. Атағы алысқа жайылған мектеп-интернатта білікті бапкерлер Виталий Погребной, Марат, Шавхат Мұрсалимовтердің қол астында жаттықтым. Үш-төрт ай дайындықтан кейін ел біріншілігінде топ жардым. Содан кейін үздіксіз ұйымдастырылатын түрлі жарыста жеңіс тұғырынан жиі көрініп жүрдім.

– Халықаралық аренаға шыққан кезіңіз есіңізде ме?

– Алғаш рет халықаралық жарысқа Мәскеуге бардық. 1998 жылы Ресей астанасында І Дүниежүзілік жасөспірімдер ойындарының алауы тұтанды. Мен қола медаль үшін бәсекеде ұтылдым. Есесіне келесі жылы Польшаның Лодзь қаласында өткен жасөспірімдердің әлем біріншілігінде қарсыластарымды сыпыра ұтып, бас жүлдені олжаладым. 2000 жылы Нью-Делиде (Үндістан) жастар арасында Азия чемпионы атандым.

– Азия чемпионатында 96 кг салмақта күресіп, бес рет жеңіс тұғырына көтерілген екенсіз. Спорттық жолыңызда 2006 жыл аса табысты болыпты. Алматыда өткен дүбірлі додада бас жүлдені қанжығаңызға байладыңыз. Сол сәтті жадыңызда қайта жаңғыртсаңыз.

– Алатау баурайында өткен жарыс спорттық мансабымдағы ең мерейлі сәт екені даусыз. Жарысты тамашалауға Балуан Шолақ атындағы спорт сарайына көрермен өте көп жиналды. Жанкүйерлер қазақ балуандарына барынша қолдау көрсетті. Алматыда еркін күрес шеберлері өз тарихында тұңғыш рет Азия чемпионатының командалық есебінде көш бастады. Қоржынымызда – 3 алтын, 2 қола.

– Қалған жарыстарда қос күміс пен қос қола медальды олжаладыңыз. Шешуші сәттерде жеңіске жетуге не жетпеді деп ойлайсыз?

– Кезінде осы мәселе мені де толғандыратын. Кейіннен барлығы да ғылым мен медицинаның әлсіздігінен екенін жіті түсіндім. Негізі қазақ балуандары физикалық тұрғыдан мықты. Күш-қуатымыз жетерлік, техника жағынан да ешкімнен кемшін емеспіз. Бірақ жоғарыда айтылған мәселелер жөнінен көптеген мемлекеттен артта қалып қойғанбыз. Елімізде таза спортқа бейімделген ғылыми институт жоқ. Кезінде Алматыдағы диспансерден өтіп, ЭКГ ғана тапсыратынбыз. Олар В12 дәрісін салып береді, ішетініміз тек рибаксин мен витрум. Витамин жайын­да мүлде айтпай-ақ қойса да болады. Оқу-жаттығу жиыны Алматыдағы Қарғалы базасында өтетін. Ол жерде кәдімгі қатардағы адамдар, демалушылар ішетін тамақпен қоректенеміз. Ал спортшыға құнарлы тамақ қажет. Тынымсыз жаттығып, үздіксіз жарыстарға қатысқаннан кейін ағзаға үлкен ауыртпалық түседі. Оның сыртында ірілі-ұсақ жарақаттар болады. Дер кезінде соны емдеп, қалпына келтірмесе, денсаулық сыр береді. Дәл сондай мең-зең күйде талай жарысқа қатыстық. Адам ағзасы темір емес. Күш-қуат кеміген спортшыдан не күтуге болады. Соның салдарынан ұтылдық. Осыдан ғылымсыз спортты дамыту мүмкін емес деген қорытынды шығады.

– 2005 жылы Ухань, 2010 жылы Нью-Делиде күміс медальды қанағат тұттыңыз...

– Қытайда Иран балуаны Хамид Сейфиге бір ұпай айырмашылығымен ұтылдым. Үндістанда даңқты Реза Язданиге есе жібердім. Сол аралықта бірқатар халықаралық турнирде топ жардым. 2006 жылы Бакуде өткен «Голден Гран-при» додасында Олимпиада, әлем, құрлық чемпионаттары, сондай-ақ Иван Ярыгин, Әли Әлиев, Александр Медведь, Дэйв Шульц атындағы аса ірі халықаралық турнирде жүлде алған ең үздік 16 балуан ғана күш сынасу құрметіне ие болды. Бұл бәсекеде қола медаль еншіледім.

– Нұржан, бір басыңызға жететін атағыңыз бар. Ұлттық құрама сапында жеті-сегіз жылдай жүрдіңіз. Бірақ Олимпия ойындарына бірде-бір рет жолыңыз түспеді. Соның себебін түсіндіре аласыз ба?

– Жалпы, 2004–2008 жылдар аралығында үнемі бабымда болдым. Тынымсыз еңбектендім, жаттығу залында шелектеп тер төктім. Төрт жыл аралығында бір рет те спорттық режімді бұзғаным жоқ. Соның арқасында жауапты жарыстардың бірде-біреуінен құр қол қайтқан емеспін. Бар арманым Олимпиадада атой салу еді. 2004 жылы Афинадағы ойындар қарсаңында іріктеу сайы­сы ұйымдастырылып, Ислам Байрамуков екеуміз бозкілемде 45 минут бойы арпалыстық. Бір-бірімізді ала алмадық. Бірақ басшылар мен бапкерлердің таңдауы Исламға түсті.

2008 жылы Бейжің Олимпиадасына кімнің қатысатыны Талдықорғанда өткен ел чемпионатында анықталды. Алғашқы айналымда Дәулет Шабанбайға шаң қаптырдым. Одан кейін Солтүстік Осетиядан келген Таймұраз Тигиевпен күш сынастым. Бірінші кезеңде алға шығып, сол басымдығымды соңғы минутқа дейін сақтадым. Айқастың аяқталуына небәрі 10 секунд қана қалғанда «баспен ұрдың» деген желеумен мені жарыстан шеттетті. Тигиевтің өзі де лас күреседі, көзден шұқиды, баспен ұрады. Соны көре тұра төрешілер жұмған ауыздарын ашпады. Жиналған жұрт қазының шешіміне наразы болып, өре түрегелді. Ақыры не керек, Олимпиадаға Тигиевті апарды.

– Бозкілеммен қош айтысқан соң немен шұғылдандыңыз?

– 2010 жылы үлкен спорттан кеткеннен кейін мемлекеттік қызметке тұрдым. Премьер-министр кеңсесінде төрт жылға жуық еңбек еттім. Республикалық спорт комитетінде қызмет атқардым. Мемлекеттік қызмет академиясында оқып, білімімді жетілдірдім. Шымкент қаласының спорт бөлімін басқардым. «Ордабасы» футбол клубының президенттігіне тағайындалдым. Нәтиже жаман болған жоқ. Сол кезеңде команда УЕФА-ның Еуропа лигасында ойнады.

– Қазіргі кезде еліміздің күрес федерациясының вице-президенті қызметін атқарып жүрсіз. Жуырда Хорватияда аяқталған әлем чемпионатының нәтижесіне көңіліңіз толды ма?

– Жалпы алғанда балуандар жақсы күресті. Еркін күрес шеберлері кемінде бір алтын алады деген үміт болды. Бас жүлдеге Нұрқожа Қайпанов бір табан жақын тұрды. Алайда жартылай финалда тактикалық тұрғыда қателік жіберді. Моңғол балуанының жасаған бір әдісіне үш рет тойтарыс бергенімен, төртіншісінде қателесті. 23 жастағы Асылжан Есенкелді қайсар мінезі мен табандылығының арқасында үздіктер арасынан берік орын алды. Ризабек Айтмұхан әлі жаңа салмаққа дұрыс бейімделе алмай жатыр. Біле білсек, жер-жаһанның жампоздары жиналған жарыста қос қола медальды иеленудің өзі жаман нәтиже емес. Ал грек-рим күресі шебері Айдос Сұлтанғалиге барша Алаш жұрты дән риза. Ширек ғасырдан аса уақыттан кейін «классиктер» бас жүлдеге қол жеткізді. Бұл – тамаша табыс.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Egemen Qazaqstan»