Аймақтар • 07 Қараша, 2025

Жетісу спортшыларының жетістігі

20 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жетісу облысында халықтың денсаулығын нығайту мен бұқаралық спортты дамыту бағытында жүйелі жұмыс атқарылып жатыр. Кейінгі үш жылда 32 жаңа спорт нысаны бой көтеріп, 3 орталыққа күрделі жөндеу жүргізілді. Биыл 1 мың адамға шаққанда спорт инфрақұрылымымен қамтылу деңгейін 66,8%-ға дейін жеткізу көзделіп отыр.

Жетісу спортшыларының жетістігі

Суретті түсірген – Жеңіс Ысқабай

Облыс аумағында 35 спорт мекемесі жұмыс істейді. Со­ның ішінде балалар мен жас­өс­пірімдерге арналған 23 спорт мектебінде 57 спорт түрімен 21 мыңнан астам спортшы жат­тығады. Өңірде 59 аккредиттелген спорт федерациясы қызмет атқарады. Биыл жан басына шақ­қан спорттық тапсырыс арқылы 160 секция ашылып, онда 6 183 бала тұрақты түрде спортпен айналысып жүр. Денешынықтыру мен спортты жүйелі түрде серік еткен тұрғындардың саны бүгінде 292 мыңнан асты, бұл облыс халқының 42 пайызын құрайды.

Өңірде спорттық инфра­құрылымды одан әрі дамыту жоспары айқын. Атап айтқанда, 8 жаңа спорт нысанының құрылысына қаржы бөлініп, оның біреуі қазірдің өзінде пайдалануға берілді, қалған 7 нысан жыл соңына дейін толық аяқталады. 5 футбол алаңы­ның құрылысы қолға алынып, Кербұлақ, Панфилов, Сарқан аудандарындағы 3 нысан спорт­сүйер қауымның игілігіне берілді. Қаратал ауданының Кәлпе ауылында кәсіпкердің қолдауымен заманауи үстел теннисі кешені ашылды.

– Спортты жаппай насихаттау мен саламатты өмір салтын қалыптастыру бағытында өңірде ауқымды іс-шаралар өткізіліп келеді. Жыл басынан бері 4 600-ден астам бұқаралық спорттық шара ұйымдастырылып, оған 108 мыңнан астам адам қатыс­ты. Жетісу спортшыларының жетістіктері де қуантады. Осы жылы облыс спортшылары түрлі деңгейдегі жарыстарда 1 046 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 387-сі – алтын, 319-ы – күміс, 340-ы – қола. Сондай-ақ 9 спортшы халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанып, 57 спортшы спорт шебері нормативін орындады, – дейді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ұлан Рысқұлов.

Жаңа нысандардың салынуы, спорттық секциялардың көбеюі, бұқаралық спорттың кең қанат жаюы – өңірдің саламат­ты қоғам құру жолындағы табан­ды еңбегінің айғағы. Талдықор­ған қаласында 1,8 млн долларға спорт кешені салынып жатыр. Нысанда көркем гимнастика, волейбол, баскетбол спортымен айналысатын жаттығу залдары бар. Құрылыс-монтаж жұмыстарына 977,3 млн теңге, техникалық қадағалауға 23,3 млн теңге, авторлық қадаға­лауға 4,5 млн теңге қаражат жұмсалады. Бұған қоса, өңірде 8 спорт нысанында құрылыс жұмысы жүріп жатыр.

Жаңа нысандардың ішін­де ерекше көзге түсетіні – Талды­қорған қаласындағы елімізде теңдесі жоқ заманауи волейбол орталығы. Мұнда «Жетісу» кәсіби волейбол клубының ерлер, әйел­дер, жастар командалары жат­тығады.

Инвесторлар қаржысына са­лынған үстел теннисі орталығы да халықаралық стандарттарға сай жабдықталған, ерекше қажет­тілігі бар спортшыларға бар­лық жағдай жасалған. Текелі қала­сында ашылған денешынық­тыру-сауықтыру ке­шені бүгінде қала тұрғындарының мақтанышына айналып отыр. Мұнда ауыр атлетика, бокс, баскетбол, дзюдо, садақ ату, каратэ сияқты спорт түрлерінен 500-ден астам жас спортшы дайындалады.

Биыл да облыста спорт ны­сан­дарын салуға айрықша назар аударылды. Алакөл ауда­нын­дағы Лепсі ауылында 160 орын­дық спорттық кешен мен жатақхананың, Қабанбай ауылында 80 орындық спорт кеше­нінің құрылысы жүріп жатыр. Алдағы уақытта Кербұлақ, Көксу, Қаратал аудандарының бірнеше ауылында да осындай спорт кешендерін салу жоспарланған.

Балалар мен жасөспірімдер спорты – өңір саясатының бас­ты бағыты. Кейінгі үш жылда облыста бокс пен дзюдодан олимпиадалық резерв мектептері, жоғары спорт шеберлігі мектептері, «Жетісу» волейбол, хоккей, ұлттық спорт түрлері клубтары ашылды. Қысқы спорт түрлерін дамыту мақсатында Талдықорғанда керлинг, шорт-трек, шайбалы хоккей секциялары жұмысын бастады. Сонымен қатар облыс әкімінің бастамасымен алғаш рет аула, мектеп командалары арасында футбол, волейбол, бас­кетболдан облыстық балалар турнирі өткізілді. Оған 560-тан астам команда қатысты. Бұл шара дәстүрге айналады. Жетісудағы жүйелі жұмыс өңір халқының спортқа деген қызығушылығын арттырып, саламатты өмір салтын қалыптастыруға тың серпін беріп отыр.

 

Жетісу облысы 

Соңғы жаңалықтар

Egov Chatgpt сияқты жұмыс істейді

Технология • Бүгін, 22:48

Бішкекте бес жүлде бұйырды

Спорт • Бүгін, 19:18