Оқиға • Бүгін, 14:55

Қаржылық алаяқтықтан қалай қорғануға болады?

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қаржы ұйымдары атынан жасалатын алаяқтық әрекеттер жиілеген шақта азаматтардың қауіпсіздігін арттыру мақсатында әрбір қазақстандық банк пен микроқаржы ұйымдарынан несие алуға өз еркімен тыйым қоя алады. Бұл «Стоп-кредит» деп аталатын қызмет Egov.kz порталында және Egov Mobile мобильді қосымшасында қолжетімді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қаржылық алаяқтықтан қалай қорғануға болады?

Фото: Ашық дереккөз

Қаржылық алаяқтықтан қорғану үшін азаматтар банктік кредиттер мен микрокредиттерді ресімдеуден ерікті түрде бас тарту туралы өтініш бере алады. Бұл мүмкіндік басқа тұлғалардың атына заңсыз несие рәсімдеу жағдайларының алдын алуға бағытталған.

Қызметті компьютер арқылы пайдалану үшін egov.kz сайтында жеке кабинетке кіріп, «Сервистер» бөлімінен «Банктік қарыздар, микрокредиттерді алудан ерікті түрде бас тарту» қызметін таңдау қажет. Одан кейін электронды нысанды толтырып, өтінішке ЭЦҚ (электрондық цифрлық қолтаңба) арқылы қол қою керек. Нәтижені «Қызметтерді алу тарихы» бөлімінен көруге болады.

Сондай-ақ бұл қызметті Egov Mobile қосымшасы арқылы да орындауға мүмкіндік бар. Ол үшін «Қызметтер» бөлімінде «Салықтар мен қаржы» санатын таңдап, кейін «Кредит алудан ерікті түрде бас тарту» қызметін таңдап, қажетті деректерді енгізіп, сұранысты электронды түрде растау қажет.

Қызметті іске қосқаннан соң, азаматтың кредиттік тарихында қарыз алудан бас тартқаны туралы арнайы белгі пайда болады. Бұл ақпарат кредиттік бюролар арқылы банктер мен микроқаржы ұйымдарына қолжетімді. Егер азаматтың атына несие рәсімдеуге өтінім түссе, қаржы ұйымдары автоматты түрде оны беруден бас тартады. Ал белгі қойылған азаматтың келісімінсіз несие ресімделсе, мұндай қарыз жарамсыз деп танылады және есептен шығарылады.

Қажет болған жағдайда бұл тыйымды кез келген уақытта алып тастауға болады. Дегенмен, бұл шектеу кредиттік бюролармен жұмыс істемейтін ломбардтар мен өзге де ұйымдарға қолданылмайды.