Оқиға • Кеше

Perplexity Pro: Енді азаматтар ЖИ қызметін бір жыл тегін пайдалана алады

30 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Енді ел азаматтары Perplexity Pro жасанды интеллект платформасына бір жыл бойы тегін қол жеткізе алады. Бұл мүмкіншілік Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, «Қазтелеком» АҚ және Perplexity AI, Inc. компаниясы арасында қол қойылған өзара түсіністік туралы меморандум аясында жүзеге асады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Perplexity Pro: Енді азаматтар ЖИ қызметін бір жыл тегін пайдалана алады

Фото: Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі

Бұл келісім Қазақстанның студенттері мен мамандарына, сондай-ақ барлық азаматтарға жасанды интеллекттінің заманауи құралдарын оқу, зерттеу және кәсіби қызметте қолдануға жол ашады.

Сонымен қатар меморандум шеңберінде Alem.AI платформасы базасында ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды (R&D) қолдау, сондай-ақ Қазақстанда деректер орталықтарын дамыту көзделген.

«Бұл келісім миллиондаған қазақстандыққа бұрын тек шектеулі пайдаланушыларға ғана қолжетімді болған қуатты жасанды интеллект технологияларын пайдалануға мүмкіндік береді. Біз білім мен инновация әрбір азаматқа қолжетімді болатын цифрлық экожүйені қалыптастырып жатырмыз», деді  Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.

Perplexity компаниясының вице-президенті және техникалық директорының орынбасары Джерри Ма Қазақстанның заманауи ЖИ-модельдерді әлемдік біліммен ұштастырудағы ұстанымын жоғары бағалады.

«Қазақстан алдыңғы қатарлы жасанды интеллект үлгілерін жаһандық біліммен біріктірудің маңызын дұрыс бағалады. Бұл әрбір азамат үшін ЖИ технологияларын қолжетімді етудің тамаша жолы. Қазақстанның ЖИ және цифрлық даму министрлігімен әріптестік - жасанды интеллектіні барлық салада жедел енгізуге мүмкіндік береді», деді ол.

Өз кезегінде «Қазтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин бұл бастама әр азаматқа ЖИ технологияларын күнделікті өмірде қолдануға жол ашатынын атап өтті.

«Perplexity AI компаниясымен ынтымақтастық Қазақстан үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Біз жасанды интеллект технологияларының тек мамандарға ғана емес, студенттерге, мектеп оқушыларына, кәсіпкерлерге және басқа азаматтарға да қолжетімді болуын қалаймыз.«Қазақтелеком» АҚ осы экожүйені дамытуға белсенді қатысып, заманауи цифрлық шешімдерді адамдардың күнделікті өмірінің бір бөлігіне айналдыру жобаларын қолдайтын болады», Бағдат Мусин.

Бастаманың инициаторы әрі үйлестірушісі – Astana IT University. Университет Perplexity AI компаниясымен серіктестік аясында генеративті жасанды интеллект құралдарын оқу үдерісіне енгізіп, машиналық оқыту бойынша зерттеу жобаларын дамыту және халықаралық академиялық байланысты нығайту жұмыстарын жүргізеді.

Perplexity - жасанды интеллект негізіндегі интеллектуалды жүйе, ол сенімді дереккөздерге сүйене отырып, сұрақтарға дәл жауап береді және дереккөздерге сілтемелерді ұсынады. Сонымен қатар, ол терең зерттеулер жүргізуге және ақпаратты тиімді іздеуге көмектеседі.