Архив • Бүгін, 08:05

Құнды құжаттар жәрмеңкесі

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астанадағы Ұлттық архивте Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Архив-2025: архив­тегі аманат» атты республикалық ғылыми-тәжі­рибелік конференция өтті. Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Рустам Әли Мә­дениет және ақпарат министрі А.Балаеваның құт­­тықтау хатын оқып, іс-шара шымылдығын ашты.

Құнды құжаттар жәрмеңкесі

– Сіздер еліміздің тари­хи-мәдени мұрасы мен баға жетпес жәдігерлерін сақтау, оларды ғылыми айналымға енгізу, келешек ұрпаққа жеткізу жолында қажырлы қызмет етіп келесіздер. Елдің зияткерлік меншігі мен мәдени игілігінің тұ­тас­тығын сақтап, архив ісін жетілдіріп, ауқымды жобаларды жүзеге асыр­ғандарыңыз үшін алғысым шексіз, – деген министр құттықтауында.

Іс-шара барысында «Архив-2025» бағдарламасы бойынша атқарылған жұ­мыс­тар мен қол жеткізіл­ген нәтижелер талқыланып, бейнероликтер мен көрме материалдары ұсы­нылды. Сонымен қатар архив мекемелерінің материал­дық-техникалық базасын жаңғырту, цифрлық жүйе­ге енгізу бағытында атқа­рылған жұмыстар таныстырылды.

2020 жылдан бастау ал­ған жоба аясында респуб­ликалық архивтердің ғы­лы­ми-экспедициялары Гер­­мания, Польша, Че­хия, Түркия, Франция, Ма­жарстан, Үндістан, Иран, Мысыр, Қырғызстан, Ресей Федерациясы, Әзербайжан, Беларусь, Қатар сынды 14 елде анықтау жұмыстарын жүргізген. Ғылыми зерттеу нәтижесінде 913–1990 жыл­дар аралығындағы ел тарихына қатысты 7000-нан аса құнды құжат жинақ­талып, ғылыми айна­лымға енгізілген.

– Бұл конференция­да кейінгі бес жылдық жұ­мыстың нәтижесі баяндалып отыр. Алыс-жақыннан әкелген құжаттар бүгінгі іс-шарада көрсетіледі. Дәстүрлі баяндамалардың орнына еліміздегі барлық негізгі архивтер атқар­ған жұмыстар бейнебаян арқылы көрінгелі отыр. Яғни өткелі отырған іс-ша­ра­ның ауқымы кең, айтары мол. Біздің жасап отыр­ған еңбектеріміздің нақты көрсеткіштері айқындал­мақ, – деді Ұлттық архив директоры Сағила Нұрланова.

Көне құжаттар қата­рында 918 жылы Темір хан­ның Сайбек ханға елші жіберіп Бұрындықпен мәмі­леге келуі туралы де­рек­­тер және Шығыс Түр­кіс­тан халқының тәуелсіз­дігімен бостандығы үшін кү­р­ескен Оспан батыр  ту­ралы Нұрғожай батыр­дың естеліктері бар. Соны­мен қатар мәдениет, ғылым, түрлі салалар мен қазақ­тың тұрмыс-тіршілігі, салт-дәс­түріне қатысты құжат­тардың маңызы зор. Ара­сында әйгілі күйші Дина Нұрпейісованың қаты­суымен түсірілген қысқа бейнесюжет, биші Шара Жиенқұлова туралы деректер архив қорына енген.

Айта кетейік, конферен­цияға Парламент Мәжілі­сінің депутаттары, Мәде­ниет және ақпарат ми­нистр­­лігінің өкілдері, респуб­ликалық және облыс­тық архивтердің басшылары, архив саласының мамандары, тарихшы-ғалымдар қатысып, ой-пікірлерін білдірді.