Отандық өндірісті дамытуда қарлығаштың қанатымен су сепкендей септесіп, өрісін кеңейтіп отырған қыз-келіншектердің үлесі зор. Солардың қатарында бір қолымен бесік тербетсе, енді бірде тәттілер пісіріп, отбасының табысын еселеуге ұмтылған Талғар қаласының тұрғыны Малина Қасымбекованың есімі аталады. Осыдан он шақты жыл бұрын сәбиімен декреттік демалыста отырған жас ана қосымша табыс табуды мақсат етіп үйден тәтті торт пісіріп, бірлі жарымын сатылымға шығарып көрген. Адам денсаулығына зиянды қоспасыз жасалатын таза әрі табиғи тәттілеріне қызығушылық артпаса кемімеген. Тіпті, тапсырыс көбейіп, торт дайындайтын ас үй тарлық еткен. Осылайша сәтті басталған ісі еш кідірместен алға жылжып, уақыт өте келе Малина бұл іске жұмыссыз отырған 2-3 әйелді қосып, кәсібін кеңейте түседі. Бұл ісіне отағасы қолдау білдіріп, ата-аналары балаларына қарасып, ынтымақтаса жұмыс істейді.
Үй ішінен басталған кәсібі қанат жайып, бүгінде «Маlina desserts» деген атауға ие брендтік өнімдерін тұтынушылардың қатары мыңдап саналады. Аудан ғана емес, облыс көлемінде сауда желісін ашып, 7 дүкенде өнімдері сатылады. Алда оның санын 10-ға жеткізу жоспарда бар. 100-ден аса адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған шағын кәсіпорынның иесі отандық өнімнің сапалы да өтімді болуына баса назар аударып, бұл жолда тынымсыз ізденіп келеді.
– Менің мамандығым – қаржыгер. Кондитер болуды ойламаған едім. Қызығушылықпен бастаған ісім іргелі кәсіп ашуыма түрткі болды. Табыс өздігінен келмейді. Ол үшін тынымсыз ізденіс керек. Кәсібімізді кеңейтіп, керекті құрал-жабдық алуда мемлекеттік қолдауларға ие болдық. Төрт жылға жуық жалдамалы ғимаратта жұмыс істедік. Былтыр талай жылдан бері қараусыз қалған наубайхананы сатып алып, құрылыс жұмысын жүргізіп, көшіп келдік. Сөйтіп, аумағы 400 шаршы метр ғимаратта кәсіпорынды іске қостық. Жоспарлы түрде жұмыс жасаймыз. Мысалы, биыл цехты жаңартумен қатар, кофеханалардағы техникалық құралдарды, мұздатқыштарды жаңаладық, – дейді кәсіпкер Малина Ерланқызы.
Шағын кәсіпорын бірнеше цехқа бөлінген. Онда негізінен әйелдер жұмыс істейді. Алғашында ыдыс жууға орналасқан олардың кейбірі уақыт өте келе, кәсіпке бейімделіп, кондитер шеберлері атанған. Жұмысшылардың көпшілігі цех іске қосылған күннен бастап, тұрақты еңбек етіп жүр. Олардың арасында көпбалалы аналар да аз емес.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялауы еңбек адамдарына үлкен серпін берді. Қарапайым жұмысшылардың мәртебесі өсіп, еңбекке деген құлшынысы артқаны анық. Біздің кәсіпорын жұмысшыларының арасында 10-нан астам көпбалалы ана жұмыс істейді. Олардың тұрақты еңбек етіп, нәпақасын табуына қолайлы жағдай жасауға тырысамыз. Себебі өзімнің де 5 балам өсіп келеді. Баланың тұрмыста таршылық көрмеуі – ата-ана үшін маңызды. Көпбалалы аналардың жұмыс уақыты, үй мен түздің тізгінін тең ұстауы ескеріледі, – деген кәсіп иесінің істі үйлестіре білудегі шеберлігі көпке үлгі боларлық.
Там-тұмдап бастаған ісі ілгерілеп, үздіксіз жұмыс істегеннің нәтижесінде табысы да арта түскенін ала тартқан Малина Ерланқызы, бүгінде аудан көлеміндегі әлеуметтік іс-шараларға қатысып, мұқтаждарға қолұшын беруге жарап жатқандарын қуана жеткізді.
Дәмі тіл үйірер тәтті өнімнің 50-ге жуық түрін өндіретін «Маlina desserts»-тің цехында күніне 150 торт, 100 бәліш, 1000 шақты десерт жасалып, таратылады.
«Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей», деп ақын Абай жырлағандай, маңдай термен тапқан нан – тәтті. Өнім өтімді болған сайын, тапсырыс көбейіп, табыс та еселене түседі. Сол себепті әркім өз ісіне жоғары жауапкершілікпен қарап, мұқият атқаруға тырысамыз. Адал еңбек ескерусіз қалмайды. Биыл өз ісінің шеберлері лайықты бағасын алып, басшылық тарапынан түрлі сыйлыққа, марапатқа ие болдық, – деп алты баланың анасы Шолпан Адишова ағынан жарылды.
Мақтаулы жұмысшылардың көшін зейнет жасындағы наубайшылар Людмила Хафуз, Айгүл Дүкенбаева бастаса, олардың қатарын бас кондитер Акиза Алмешова Назира Қайназарова, Санам Яхярова, Шоира Балтабаева, Мафтуна Боранова, Мақпал Әлжанова сынды бесаспап аспаздар толықтыра түседі.
Әртүрлі ұлт өкілінің басын біріктіріп, ортақ мақсатта еңбек етіп отырған ұжымның отандық өндірісті өрістетуге қосар үлестері арта түсеріне еш күмән жоқ.
Алматы облысы