«Пәндік сабақтарды тәжірибе жүргізу арқылы меңгерту балалардың сыни ойлауы мен шығармашылық дағдыларын қалыптастыратынын айтып өткен жөн. Сабаққа қызығушылығы арқылы оқушы болашақ мамандығын таңдайды. Өйткені 7–8-сынып оқушысы болашақта кім болатынын, қандай салаға бейім екенін зерделеп, жоғары сыныптарда таңдау пәніне байланысты білімін тереңдете түседі», дейді осы мектептің химия және биология пәні мұғалімі, педагог-зерттеуші Әлия Сүйіндікова.
Зертханалық жұмыстар барысында оқушының пәнге деген қызығушылығы артатынын ескере отырып, жас ұстаз химия пәнін тәжірибелік, практикалық сабақтар арқылы өткізгенді ұнатады. Қызықты зерттеулер кезінде оқушылар сабақтың қалай тез өтіп кеткенін аңғармай қалады. Түсінген жанға жаратылыстану ғылымдарының кілті де осында. Тиянақты жұмыстардың нәтижесі көрініп, Сазды мектебінде химия пәніне қызығушылығы артқан оқушылар саны көбейіп келеді.
Қай кезде де жақсы ұстаздың бағасы оқушысының жетістігімен бағаланады ғой. Бұл жағынан Әлияның жұлдызы жоғары тұр. Мәселен, Әмина Бисекенова, Әли Ермұхан, Темірлан Аманжолов, Шыңғысхан Абайбекұлы, Асылай Өмірзақ сынды оқушылары бірнеше жыл қатарынан қалалық, облыстық, республикалық және халықаралық конкурстар мен олимпиадаларда үздік орындар иеленіп келеді. Олар болашағын жаратылыстану ғылымымен байланыстырады. Өткен оқу жылының соңында Ташкентте Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Өзбекстанның мектеп оқушылары арасында өткен «Жаңа көкжиектер» атты ғылыми-тәжірибелік конференцияда 7-сыныпта оқитын Асылай Өмірзақ 1-орын алып келді. Ташкенттен келген бойы Асылай республикалық «Жас ғалым» конкурсына қатысып, 1-орынға ие болды. Еліміздегі түрлі оқу орынарына мемлекеттік грантпен оқуға түскен оқушылар қатары да көп.
Әр баланың жаратылысына байланысты қарым-қабілеті де әртүрлі болады. Кей бала сабақты жылдам ұғынып, тапсырманы жедел орындаса, кейбірінің ұғынуы әлсіз, ұмытшақтау, жалқаулау болып келеді. Нақты ғылымдардың әліппесі мектепте қаланатынын ескерген Әлия Тыныштықбайқызы химия негіздерін барынша ұғындыруға тырысады. Болашақ дәрігер, орта медицина қызметкері де химиялық қосылыстар мен бөліністердің негізін білуге тиіс. Барлық оқушысына бірдей қарайтын ұстаздың басты мақсаты – бала бойында жасырынған қабілетті ашу. Бүгінгі оқушылар үйіп-төгіп берген үй тапсырмасын онша ұната бермейтіндіктен, негізгі тақырыптарды сабақта меңгертуге күш салады. Барлық оқушысын қатыстыруға тырысып, үлгермесе, қосымша сабақтар ұйымдастырады.
Ұялшақ, жалқаулау баланың ішінде ашылмаған таланты бұғып жатуы мүмкін. Еңбекқор ұстаз бұл жолда көп еңбектенеді. Ең бастысы – баланың қызығушылығын ояту. Бүгінде уақыт өзгерісі дәстүрлі мектепішілік қатынастарды да өзгертті. Соған қарамастан, оқушы мен мұғалімнің өзара қарым-қатынасы сыйластыққа негізделгені жөн. Ашулы, мұғалімге қарсы шығатын, сабақ өткізбеуге кедергі жасайтын оқушының артында оның ішкі қарсылығы тығылып тұр. Өзін толғандырған сұраққа жауап ала алмады ма, отбасындағы түйткілді мәселеге жаны ауырды ма, онысын сыртқа айта алмай, қысылды ма екен? Мұндай кезде ұстазы сабырлылық танытып, оқушысын тыңдай білсе, көп түйткілдің күрмеуін шешуге болады екен.
Әлия Сүйіндіковадан білімді оқушыны қалай тәрбиелеуге болатынын білгіміз келді. «Мұның жолы – оңай. Мұғалім балаларға бірдей қарап, өте қарапайым қағидаларды ескерсе болғаны. Ең алдымен, 5–6-сыныпқа келгеннен бастап баланың қабілетін байқап, дұрыс бағыттап, қолдау білдірсе, нәтижеге тез жетуге болады. Өйткені әрбір балаға тұлға ретінде қарау керек. Күрделі тақырыптарды өмірмен байланыстыра түсіндірген жөн. Мұғалім әрбір оқушының түсіну деңгейі мен оқу әдістеріне бейімделгені жөн. Оған қоса теорияны тәжірибемен ұштастыра білу, баланы жігерлендіре білу, жарыстарға, олимпиадаларға қатыстыруға шабыттандыра білген дұрыс. Өйткені баланың қабілеті өзімен теңдес, не өзінен жоғары тұрған оқушылармен бәсекелескен кезде ашыла түседі. Мұғалімдер тарапынан ең көп жіберетін қателік – баланы сабақ айтқаны үшін бағалау. Баға – оқушының бағалау өлшемі емес. Ең алдымен, баланың ішкі жан дүниесіне үңіліп, оның ішкі сенімсіздігін жеңуге көмектесе білсек, жеңіске жеткеніміз. Ұстаз көреген тәрбиеші, сыр сақтай білетін дос, өмірге бағдар бере білетін жан бола білуі керек. Оқушыларымның химияның жұмбақ әлемін зерделей білгені мені қуантады. Мен балаларға өмірге бағдар беріп жүрсем де, менің де әлі күнге дейін үйренетін ұстаздарым бар. Студенттік шағымда өзіме сенуге, армандауға қорықпауды үйреткен жандардың ақыл-кеңесі әлі күнге дейін есімде. Олардың адамдармен қарым-қатынасы, ішкі мәдениетіне, өздерін ұстауына қарап бой түзедік. Шынайы ұстаздың кеңестері өмір бақи жүректе жатталып қалады екен», дейді Сазды орта мектебінің үздік мұғалімі Әлия Тыныштықбайқызы.
Оның болашаққа қойған жоспары көп. Басты ұстанымы – елдің ертеңіне тұтқа болар саналы да білімді ұрпақ тәрбиелеу. Өйткені оқушы жетістігі – ұстаз мерейі.
Ақтөбе облысы