Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»
Бірінші оқылымда Сенат құжатты Мәжіліске кері қайтарып, бірқатар түзету енгізуді ұсынған еді. Сенаторлар, әсіресе, қауіпсіздік пен жауапкершілік мәселелерін күшейтуді талап еткен. Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляеваның айтуынша, енгізілген толықтырулар заңның мазмұнын өзгертпейді, түсіндіру және нақтылау сипатында ғана. Оның айтуынша, заң жобасы еліміздің цифрлық егемендігін күшейтуге және ұлттық деректер қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. «ЖИ жүйелері енді ашық, жабық және локалды түрде қолданылатын болады. Локалды модельдер ұлттық мәдениет пен тілдік ерекшелікті сақтау үшін аса маңызды. Олар қазақ тіліндегі цифрлық коммуникацияны күшейтіп, мемлекеттік сектор мен білім саласында қолданылатын негізгі құралға айналады», дейді депутат.
Жаңа заң жасанды интеллект саласындағы құқықтық және ұйымдастырушылық қатынастарды реттеуді көздейді. Ол ЖИ технологияларын қолдануда ашықтық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордағы қолдану ерекшеліктерін айқындайды. Сонымен қатар заң Үкіметтің осы саладағы саясатты қалыптастыру және іске асыру жөніндегі өкілеттігін кеңейтеді. Бұл қадам жасанды интеллектіге негізделген инновацияларды дамытуға, отандық ІТ-индустрия мен цифрлық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған. Жаңа заң күшіне енген соң, жасанды интеллектінің дамуы нақты құқықтық алаңға шығып, азаматтардың деректерін қорғау мен этикалық қағидаларды сақтау тетіктері де нығая түспек.
Құжатта қауіпсіздік пен адам құқын қорғау мәселелеріне ерекше назар аударылған. Заң бойынша жасанды интеллект жүйелері қауіп-қатер деңгейіне қарай – төменнен жоғарыға дейін жіктеледі. Қауіп деңгейі жоғары жүйелер «аса маңызды ақпараттық және коммуникациялық инфрақұрылым нысандарына» жатқызылады. Бұл олардың қауіпсіздігін қатаң бақылауда ұстауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар жасанды интеллект жүйелері автономия деңгейі бойынша да бөлінеді. Мысалы, жүргізушісіз көліктер секілді толық автоном жүйелер арнайы заңнамалық негізде ғана қолданылмақ. Ең бастысы, заң адамға зиян келтіруі мүмкін жасанды интеллект функцияларына нақты тыйымдар қояды. Атап айтқанда, енді:
- Азаматтың келісімінсіз оның мінез-құлқына ықпал ететін ЖИ жүйесін қолдануға;
- Адамның жасы, денсаулығы немесе әлеуметтік жағдайын әдейі пайдалануға;
- Адамдарға әлеуметтік мінез-құлқы мен жеке қасиеттеріне қарай баға беруге (әлеуметтік скоринг);
- Адамның эмоциясын келісімінсіз талдауға;
- Заңда рұқсат етілмеген жағдайда қоғамдық орындарда бет әлпетті тануға;
- Заңмен тыйым салынған жасанды нәтиже жасау мен таратуға қатаң шектеу қойылады. Бұл нормалар жасанды интеллектінің адам өміріне теріс әсерін азайтып, технологиялардың этикалық және қауіпсіз дамуын қамтамасыз етуді көздейді. Еліміз осылайша ЖИ саласында адам құқын бірінші орынға қойған әлем елдерінің қатарына қосылып отыр.
Сонымен қатар ЖИ көмегімен жасалған кез келген материал – мәтін, фото, бейне немесе аудио міндетті түрде арнайы таңбамен белгіленуге тиіс. Заң бойынша мұндай синтетикалық контент компьютерде оқылатын пішімде және көзге бірден түсетін ескертумен белгіленеді. Сарапшылардың пікірінше, бұл талап қоғамның сенімін арттырып, технология жетістіктерін қауіпсіз пайдалануға жол ашады.
Құжат авторлық құқық мәселесін де реттейді. Адамның шығармашылық қатысуынсыз тек жасанды интеллект арқылы жасалған жұмыстар авторлық құқықпен қорғалмайды. Алайда пайдаланушылардың шығармашылық сипаттағы сұраулары немесе идеялары – заң жүзінде авторлық құқық нысаны ретінде танылуы мүмкін. ЖИ жүйесін оқыту барысында шығармалар мен ғылыми еңбектерді пайдалану олардың авторы арнайы тыйым салмаған жағдайда ғана рұқсат етіледі.
Тағы бір маңызды жаңалық – жасанды интеллект келтірген залал үшін жауапкершілік тетігі енгізілді. ЖИ жүйелерінің иелері мен операторлары пайдаланушыларға келген залал үшін жауап береді. Ал мұндай тәуекелдерді сақтандыру әзірге ерікті негізде жүзеге асырылмақ, бірақ ол азаматтардың құқын қорғаудың маңызды құралы ретінде қарастырылып отыр. Жалпы алғанда, жаңа заңның нормалары жасанды интеллект дәуіріндегі адам құқын қорғау ісінде халықаралық стандарттарға толық сай келеді.
Қабылданған заң аясында елімізде Ұлттық жасанды интеллект платформасы құрылмақ. Бұл – ЖИ өнімдерін әзірлеу мен пайдалану үшін бірыңғай инфрақұрылым қалыптастыратын заманауи жүйе. Платформа әзірлеушілерге арнайы құралдар жиынтығын, деректер кітапханаларын және үлгілерді үйретуге арналған ресурстарды ұсынады. Ілеспе түзетулер арқылы платформаға электронды ақпараттық ресурстарға қол жеткізу тетігі де бекітілген.
Жасанды интеллект секторын дамытуға мемлекет тарапынан кешенді қолдау көрсетіледі. Оның ішінде ғылыми зерттеулер мен әзірлемелерді қаржыландыру, білім бағдарламаларын дамыту, халықаралық ынтымақтастық орнату бағыттары бар. Сонымен бірге заңда жасанды интеллект саласындағы барлық қатысушының құқы мен міндеті нақты белгіленген. Енді ЖИ жүйесінің иелері өз өнімдерін пайдалану шарттарын айқындап, қауіп-қатерлерді басқару және құқын қорғау тетіктерін заңды түрде қолдана алады. Ал пайдаланушылар үшін жеке деректерді қорғау, ЖИ жүйелерінің жұмыс қағидаттары туралы ақпарат алу және автоматтандырылған шешімдерге қарсы шығу құқы бекітілген.