Аса бай тарихы мен дәстүрі бар ұжым бұл мерейлі датаны бас қала төрінде атап өтуді жөн көріпті. Мерейтойлық кеш театрдың негізін қалаған тұлға Наталия Сацтың шығармашылық мұрасына тағзым етуге арналды. Аңызға айналған ұжымды мерейтойымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтады. Президенттің құттықтау хатын Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева оқып берді.
«Сіздердің сан қырлы шығармашылықтарыңыз еліміздің мәдени дамуына, қоғамымызда жасампаздық пен гуманизм құндылықтарының орнығуына айрықша үлес қосып келеді. Мемлекет театрды мәдениет ошағы, өнер мен адамға адал қызмет етудің рухани кеңістігі ретінде қабылдайтын көзқарастарыңызды жоғары бағалайды. Театрдың кең ауқымды қайта жаңғыртылуы жаңа көркем идеяларды жүзеге асырып, көрермен ықыласына бөленетін әсерлі қойылымдар жасауға тың мүмкіндіктер ашады деп сенемін. Көрермендердің шынайы қуанышы мен алғысы сіздерді Қазақстан игілігі жолындағы жаңа биіктерге жетелей берсін. Барша ұжымға шығармашылық шабыт, толайым табыс және театрдың одан әрі өркендей беруін тілеймін», – делінген Президент құттықтауында.
Сонымен қатар 7 қараша – ұжымның құрылған күнімен тұспа-тұс келген салтанатты кеште театр қызметкерлеріне Президент Жарлығымен мемлекеттік наградалар табыс етілді. Атап айтқанда, Олег Гостев «Парасат» орденімен, Раиса Лешева мен Мақсат Сахиұлы «Құрмет» орденімен, Айдар Құрманбаев, Инна Поротикова, Марина Самбетбаева және Артём Селезнёв «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Сондай-ақ Александр Русиновичке «Шапағат» медалі, Анна Кузембаеваға «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы берілді.
Марапаттарды Мемлекет басшысының атынан Аида Балаева табыс етті.
Театрдың тарихы мен дәстүрін дәріптеген айтулы шара одан әрі SATS ComUnity балалар студиясының тәрбиеленушілері сахналаған «Тарих хаттары» атты театрландырылған миниатюра көрсетіліміне ұласты. Бұл қойылым – ұлт пен ұрпақ сабақтастығын, театрдың өткен жолы мен бүгінгі биігін бейнелейтін көркем дүние ретінде көзіқарақты театрсүйер көрермен қауым көңілінен айрықша орын алды. Балалардың жүрек жылуы мен таза пейілі арқылы сахнаға шыққан қойылым театр тарихына деген құрмет пен алғыстың нышанындай әсер сыйлады.
Сондай-ақ елорда көрермендеріне театрдың негізін қалаушының өміріне негізделген «САЦ» спектакль-реконструкциясы ұсынылды. Қойылымда Қазақстандағы алғашқы балалар мен жасөспірімдер театрының ашылуы қарсаңындағы дайындық барысы бейнеленген.
Сахналық шешім мен режиссерлік ізденіс көрерменді өткен ғасырдың рухына жетелей отырып, мәңгі жас өнердің құдіретін сезіндірді. Қойылымда Наталия Сац рөлін Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Ресейдің «Дружба» орденінің кавалері Татьяна Тарская сомдады. Ал қойылым режиссері – Ресейдің «Золотая маска» театр сыйлығының лауреаты Галина Пьянова.
Режиссер атап өткендей, бұл қойылым – Наталия Ильинична Сацтың шығармашылық мұрасына құрмет көрсету аясында сахнаға шықты. Өйткені Наталия Сац театрының 80 жылдық мерейтойы – тек бір ұжымның ғана емес, тұтас театр өнерінің, мәңгілік сахна рухының салтанаты.
Галина Пьянова: «Бұл қойылым – Наталия Ильиничнаға деген сүйіспеншілік пен ілтипаттың көрінісі. Ол балалар театрының негізін қалап, бірнеше буынды тәрбиелеген ұлы тұлға», десе, бас кейіпкер бейнесін кемеліне келтіре кейіптеген актриса Татьяна Тарская: «Ол – ұлы режиссер, орасан талант иесі. «Тәрбиелеу – адамның тағдырын шешу» деген оның сөзі – менің сүйікті дәйексөзім. Сац өз өмірін театр мен жас ұрпақ тәрбиесіне арнады» деп тұлғаға деген құрметін әсерлене әңгімеледі.