Әлем • Бүгін, 09:05

С5+1: Ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне жол ашқан саммит

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Вашингтон қаласында өткен «Орталық Азия – АҚШ» саммитіне қатысты.

С5+1: Ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне жол ашқан саммит

Қасым-Жомарт Тоқаев Ақ үйде тарихи кездесу ұйымдастырғаны үшін АҚШ Президентіне алғыс айтып, С5+1 форматындағы саммит шын мәнінде Орталық Азия мен Құрама Штаттар арасындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне жол ашқанына назар аударды.

Мемлекет басшысы АҚШ Президенті Дональд Трамптың халықаралық саясаттағы рөліне айрық­ша тоқталып, оны көрнекті мем­лекет қайраткері деп бағалады.

– Сіз жүргізіп отырған парасатты және батыл саясатты бүкіл әлем қолдауға лайық деп санай­мын. Мен де Сіздің ұстаным­дарыңызды қуаттаймын. Сіздің жетекшілігіңізбен Америка алтын дәуірге қадам басты. Біз «Амери­каны қайтадан ұлы елге айналдыру» (Making America Great Again) деп аталатын көреген тұжырымдамаңызды жоғары бағалаймыз. Бұл мақсат «Заң және тәртіп» қағидатына негізделген Әділетті, Қуатты Қазақстан құруды көздейтін ауқымды стратегиямызбен үндеседі. Бітімгер Президент ретінде сегіз айдың ішінде сегіз соғыс­тың тоқтауына ықпал еттіңіз. Осылайша, Американың халық­аралық тұрақтылыққа тірек болған рө­лін айтарлықтай күшейте түсті­ңіз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Қазақстанның Құрама Штаттармен стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға ниетті екенін растады.

– Қазақстан мен АҚШ арасын­дағы сан қырлы ынтымақтастықты дамытуды ұдайы қолдап келесіз. Мен мұны жоғары бағалаймын. Ақ үйде Президент лауазымын атқарған алғашқы кезеңде біздің қарым-қатынасымыз кеңейтілген стратегиялық серіктестік деңгейін­де заңнамалық тұрғыдан бекіді. АҚШ – Қазақстанға 100 млрд доллардан аса қаржы салған ең ірі инвесторымыз, экономика­мыз­дың қозғаушы күші саналады. Соңғы жыл­дары елдеріміз арасын­дағы тауар айналымы екі есе өсіп, 5 мл­рд дол­лар межесіне жуық­тады. Аме­ри­кадағы уранға сұраныстың шама­мен 25 пайызын қамтамасыз етіп отыр­мыз. Қазақ­станда 600-ден астам амери­калық компания бизнес жүргізеді, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев сапар аясында екі ел компаниялары жалпы сомасы 17 млрд дол­лардан асатын келісімдер жасасқанын айтты.

Жалпы, Қазақстан мен АҚШ-тың энергетика, аса маңыз­ды минерал­­дар, өнеркәсіп, көлік, қар­жы, жа­сан­ды интеллект, білім секілді не­гізгі са­лаларды қамти­тын экономи­ка­лық әлеуеті жарты трлн доллардан асады.

Президент америкалық компанияларды елімізде инвесторлар үшін жасалған оңтайлы жағдай­ды пайдалануға шақырды. Тіп­ті оларға өзі қолдау көрсететінін жеткізді.