АҚШ Мемлекеттік департаментінің хабарлауынша, форум Вашингтон мен Орталық Азия елдері арасындағы әділ және өзара экономикалық серіктестіктер, энергетикалық қауіпсіздікті арттыру және бейбітшілікті нығайту арқылы жаһандық сын-қатерлердің аймақтық шешімдерін ілгерілету бойынша ынтымақтастықты арттыруға бағытталған.
Трамптың екінші президенттік мерзімінің алғашқы алты айында АҚШ Орталық Азиямен жалпы сомасы 12,4 млрд долларды құрайтын сауда келісімдеріне қол қойды. Соның ішінде Қазақстанды айтар болсақ, америкалық локомотив бөлшектерін өндіруші «Wabtec» компаниясымен 4,2 млрд долларлық келісімге қол қойды. АҚШ Сауда министрлігінің мәліметінше, келісім бойынша Қазақстанға «Қазақстан Темір Жолы» ұлттық теміржол компаниясы үшін локомотивтер жасауға 300 локомотив жиынтығы беріледі.

ОА Президенттерін Ақ үйде қарсы алды
АҚШ Президенті Дональд Трамп бейсенбіде Ақ үйде Орталық Азияның бес елінің басшыларымен кездесіп, смартфон, электромобильдер мен жойғыш ұшақтарды қоса алғанда, жоғары технологиялық құрылғыларға қажетті сирек кездесетін металдар туралы сөз қозғады.
Трамп Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан басшыларымен кешкі ас алдында Oval кеңсесінде екіжақты кездесулер өткізді. «Біздің күн тәртібіміздегі негізгі мәселелердің бірі – маңызды минералдар», деді Трамп. Содан соң: «Біз экономикалық серіктестіктерімізді нығайтамыз, қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастығымызды жақсартамыз, жалпы байланыстарымызды кеңейтеміз», деп сендірді.

Өзара сыйластықты қуаттайтын мәлімдеме
Дональд Трамп Қазақстан Израиль мен мұсылман көпшілігі бар елдер арасындағы қарым-қатынасты қалыпқа келтіру үшін Ибраһим келісімдеріне қосылатынын айтты.
Бұл мәлімдеме АҚШ Президенті Дональд Трамп пен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев телефон арқылы Израиль Премьер-министрі Беньямин Нетаньяхумен сөйлескеннен кейін жасалды.
«Жақында біз ресми түрде қол қою рәсімін жариялаймыз, жалпы бұған қосылуға тырысатын елдер көп», деп жазды Трамп «Truth Social» желісінде.
Ал Қазақстан Үкіметінің мәлімдемесінде бұл мәселе келіссөздердің соңғы сатысында тұрғаны айтылған. «Біздің Ибраһим келісімдеріне қосылуымыз – диалогке, өзара сыйластыққа және аймақтық тұрақтылыққа негізделген Қазақстанның сыртқы саяси бағытының бірі», делінген хабарламада.