Ведомство мәліметінше, аталған балалар үйі — жеке қайырымдылық ұйымы, онда қазіргі уақытта 35 бала тәрбиеленіп отыр.
«Қазіргі таңда барлық тәрбиеленушінің жағдайы жақсы, олар қауіпсіз жерге орналастырылды. Іс-қимылдарды үйлестіру үшін жедел штаб құрылды. Оның құрамына әкімдік өкілдері, кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия хатшысы, қоғамдық кеңес пен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ қорғаншылық органдарының, Отбасын қолдау орталығы мен психологиялық көмек орталықтарының мамандары кірді. Медицина қызметкерлері балаларды тексеруден өткізіп, психологтар көмек көрсетті. Балалар үшін қашықтан оқу ұйымдастырылды. Қазір тәрбиеленушілерді әрі қарай орналастыру мәселесі қарастырылып жатыр», делінген Бала құқықтарын қорғау комитетінің хабарламасында.
Ведомство балаларға қатысты барлық мәселе толық шешілгенге дейін жағдайды ерекше бақылауда ұстайтынын атап өтті.
Еске сала кетейік, 9 қараша, жексенбі күні Алматы қаласында Алтын Орда көшесінде орналасқан балалар үйінің асханасында өрт шыққан болатын. Өрт асхананы және оған жалғасқан үш қабатты ғимараттың шатырын шарпыған.
Қаланың барлық жедел қызметтері оқиға орнына жұмылдырылып, кешке қарай өрт аумағы 1000 шаршы метрге жеткен соң толығымен сөндірілді.