Технология • Кеше

Қазақстанда бес жыл ішінде 1 миллион адам IT және ЖИ дағдыларын меңгермек

40 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі алдағы бес жылда 1 миллион адамды IT және жасанды интеллект (ЖИ) дағдыларына оқытуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Egemen.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстанда бес жыл ішінде 1 миллион адам IT және ЖИ дағдыларын меңгермек

Министрлік цифрлық сала мамандарын кәсіби мерекелері – Цифрландыру күнімен құттықтап, осы бағыттағы қысқаша нәтижелерін жариялады.

Министрлік мәліметіне сәйкес, қазір Қазақстандағы IT саласында 200 мыңнан астам адам жұмыс істейді, олардың шамамен 20 мыңы ЖИ саласының мамандары. Келесі бес жылда министрлік 1 миллион адамды IT және ЖИ саласына үйретуді көздеп отыр.

«Қазіргі таңда біз Tech Orda білім беру бағдарламасын іске асырудамыз. Бұл бағдарлама аясында 9 037 маман IT дағдыларына дайындалды. Оқыту бағдарламалары онлайн және офлайн форматта жүргізіледі, кең аудиторияға және тәжірибелі мамандарға арналған (Tomorrow School, AI’Preneurs, AI-People Bootcamp, AI Quest 1.0). Қазіргі уақытта 12–18 жас аралығындағы жасөспірімдерге арналған TUMO шығармашылық технологиялар орталығында оқуға іріктеу жүргізіліп жатыр. Балалар анимация, бағдарламалау, 3D-графика және генеративті ЖИ салаларында тегін оқи алады. Студенттер мен жастар үшін Tomorrow School – Қазақстандағы алғашқы ЖИ мектебі жұмыс істейді. Мемлекеттік қызметшілерге арналған AI Qyzmet бағдарламасы іске қосылды, ол ЖИ-ды этикалық және тиімді түрде мемлекеттік басқаруға енгізуге бағытталған. Қазіргі уақытта бағдарлама бойынша шамамен 50 мың мемлекеттік қызметші оқытылды. QazCoders бағдарламасы, БАӘ-пен серіктестік негізінде, бағдарламалау және ЖИ бойынша курстарды жасқа қарамастан ұсынады. Сонымен қатар MIT-пен серіктестік аясында мектеп бағдарламасына ЖИ енгізу басталды, бастапқыда 1-4 сыныптарда, кейінгі жылдары 12 сыныпқа дейін кеңейтіледі», делінген хабарламада.

Министрлік атап өткендей, 2025 жыл Қазақстан үшін цифрландыру және жасанды интеллект саласында маңызды жыл болды. Сол жылы Alem.Cloud ұлттық суперкомпьютер кластері құрылып, экзаскейл есептеулер мен ұлттық ЖИ модельдерін қолдауды қамтамасыз етті. Қазақстан NVIDIA және Freedom Holding Corp сияқты әлемдік ірі компаниялармен Суверенді AI Hub құру туралы келісімге қол қойды. Бұл келісім елдің есептеу қуатын қамтамасыз етіп, оны ЖИ аймақтық орталығы ретінде нығайтады.

Сонымен қатар, International AI Center alem.ai ашылды. Бұл –  зерттеу зертханалары, AI Academy, TUMO School және Tomorrow School орталықтарын біріктіретін экожүйе. Бұл жерде жас инженерлер, зерттеушілер және кәсіпкерлер оқып, жұмыс істейді. 2025 жылы Amazon Kuiper спутниктік интернеті іске қосылды, сондай-ақ Қазақстан нарығына Starkink және One-Web спутниктік интернеті енді. Бұл жобалар шалғай ауыл мектептері мен тұрғындарға жоғары жылдамдықты интернет қамтамасыз етеді. Generation Nation бастамасы жүздеген мың мектеп оқушылары мен студенттерді ЖИ, робототехника және бағдарламалау салаларын оқытуға тартты. Сонымен қатар, Қазақстан Cisco, Groq және Joby Aviation компанияларының пилоттық жобаларына аймақтық алаң ретінде таңдалды.

Еске салсақ, Astana Hub осыған дейін 7 жылдығын атап өтті. Бұл уақыт ішінде кластер Қазақстан мен Орталық Азиядағы IT индустриясын дамыту орталығына айналды. Қатысушылар саны 1 875-ке жетіп, олардың 470-і шетелдік қатысумен жұмыс істейді. Қатысушыларға салықтық жеңілдіктер, жеңілдетілген еңбек және виза режимдері, инфрақұрылым және халықаралық ынтымақтастық мүмкіндіктері беріледі. 2019 жылдан бері қатысушылардың жалпы табысы 4,3 млрд доллар, ал 2025 жылы IT қызмет көрсету экспорты 1,5 млрд доллардан астам болады. 7 жыл ішінде Astana Hub стартаптары 840 млн доллардан астам инвестиция тартқан.

«Бүгінгі таңда мемлекеттік қызметтердің 90%-дан астамы онлайн форматта көрсетіледі. eGov, Smart Data Ukimet, Digital ID және Alem.AI платформалары мыңдаған мамандарға қолдау көрсетіп, әр қызметті ыңғайлы, қолжетімді және қауіпсіз етеді. Министрлік цифрлық сервистерді қолдаған барша мамандарға алғыс айтады», деп қорытындылады ведомство.