Қазақстан Республикасының Сингапур Республикасындағы Елшілігінің, BI Group Holding-тің инвестициялық платформасы BIG Invest және OD Consulting компаниясының қолдауымен ұйымдастырылған іс-шараға 150-ден астам қатысушы қатысты. Іс-шара қонақтарының арасында инвестициялық компаниялардың, банктердің, активтерді басқарушылардың, финтех-компаниялардың, сақтандыру ұйымдарының және басқа да қаржы институттарының басшылық құрамы болды.
AIFC Connect алаңында екі елдің салалық сарапшыларының қатысуымен перспективті инвестициялық бағыттар, қаржы орталығының аймақтағы рөлі, сондай-ақ активтерді басқару нарықтарын, капитал нарықтарын, венчурлық инвестицияларды, финтехті және инновацияларды дамыту туралы бірқатар пікірталас ұйымдастырылды.
Іс-шараны Қазақстан Республикасының Сингапур Республикасындағы, Австралия одағындағы және Жаңа Зеландиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Асқар Құттықадам ілтипат сөзімен ашты.
«Географиялық қашықтыққа, тарихи және геосаяси контекстегі айырмашылықтарға қарамастан, біздің елдеріміздің ұмтылыстары, сын-тегеуіріндері мен мүмкіндіктері ортақ. 2023 және 2024 жылдары мемлекет басшылары деңгейінде табысты өзара сапарлар өтті, бұл сапарлар әлемдік ахуал барған сайын турбулентті бола түскен жағдайда біздің жан-жақты серіктестігімізге қуатты серпін берді. Дегенмен, біз бар әлеуетті толық пайдалану үшін күш-жігерімізді екі есе арттырып, өзара сауда-инвестициялық байланыстарды күшейтуіміз керек. Сондықтан «AIFC Connect: Singapore 2025» іс-шарасы сингапурлық және халықаралық кәсіпкерлердің Қазақстандағы инвестициялық ахуал мен іскерлік мүмкіндіктер туралы хабардарлығын арттыруға бағытталған».
Одан әрі АХҚО-ның Қазақстан мен Сингапур арасындағы ынтымақтастықты дамытудағы мүмкіндіктері туралы өз баяндамаларында АХҚО әкімшілігінің Басқарма төрағасы Бақтияр Тілеубеков, Astana Financial Services Authority (AFSA) бас директоры Евгения Богданова, АХҚО әкімшілігінің клиенттермен жұмыс жөніндегі бас директоры Бауыржан Канкин, АХҚО әкімшілігінің инновациялар жөніндегі бас директоры Талғат Аманбаев айтып берді.
АХҚО әкімшілігінің Басқарма төрағасы Бақтияр Тілеубеков қаржы орталығының қызметіне шолу жасап, оның Қазақстандағы шетелдік компаниялар үшін мүмкіндіктерді кеңейтудегі артықшылықтары туралы баяндап берді: «Соңғы жылдары Қазақстан мен Сингапур арасындағы қарым-қатынастар нығайып, сауда, туризм саласындағы ынтымақтастық, сондай-ақ саяси диалог пен мәдени-гуманитарлық байланыстар кеңейді. 2023 жылы елдеріміздің президенттері бірнеше келісімге, соның ішінде сингапурлық компанияларды АХҚО алаңында тіркеу, Қазақстан аумағындағы жобаларға инвестициялар салу саласындағы серіктестікті дамыту мәселелері бойынша келісімге қол қойды. Бүгін АХҚО-да Сингапурдан 48 компания тіркелген. Орталық компанияларға ағылшын жалпы құқық қағидаттарына негізделген құқықтық режим, әлемдік деңгейдегі реттеу сияқты бірегей артықшылықтар ұсынады. Орталық финтех пен инновациялар, жасыл және исламдық қаржыландыру, креативті индустриялар, авиациялық хаб және басқа да перспективалы секторлар бағыттарын белсенді дамытуда. Біз сондай-ақ трансұлттық жобаларды іске асыру үшін қажетті инфрақұрылымды құра отырып, Қазақстанның өңірдің негізгі қаржылық әрі инвестициялық торабы ретіндегі рөлін нығайтудамыз».
Бүгінде АХҚО юрисдикциясында Сингапур капиталының қатысуымен 48 компания өз бизнесін белсенді дамытуда. Олар қаржылық қызметтер мен сақтандыру, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, көтерме және бөлшек сауда, тау-кен өндіру өнеркәсібі, кәсіптік, ғылыми және техникалық қызмет, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс және т.б. сияқты салаларда қызмет жүргізуде. Компаниялар қатарында: Bitmain Kazakhstan Limited, Kazakhstan Zhonghengyongsheng Energy Co. Ltd., RenEll Co. Ltd, Atlas Technology KA Ltd, AURORA QUEST SERVICES LTD және басқалар бар.
Іс-шара бағдарламасын AFSA бас директоры Евгения Богданова жалғастырды, ол реттеушінің қызметін таныстырды және АХҚО юрисдикциясындағы қаржылық және қаржылық емес қызметтерді реттеудегі жаңа үрдістер туралы айтты. Ол өз сөзінде цифрлық активтер нарығының серпінді дамуына және АХҚО-ның осы саладағы халықаралық танылуына ерекше назар аударды: «АХҚО Қаржылық қызметтерді реттеу комитеті АХҚО экожүйесінің тұрақты және ашық дамуын қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарады. Біздің тәсіліміз қаржы нарығының өсуі мен озық технологияларды енгізу үшін сенімді негіз құра отырып, инновациялар мен жоғары халықаралық реттеу стандарттарына сүйенеді.
Бүгінгі таңда АХҚО юрисдикциясында 27 лицензияланған цифрлық активтер қызметтерінің провайдері, реттеуші «құм алаңының» 19 қатысушысы және толық реттеу режимінде жұмыс істейтін 3 цифрлық активтер биржасы бар. 2025 жылдың алғашқы үш тоқсанында АХҚО-да лицензияланған цифрлық активтер биржаларында сауда-саттық көлемі 5,4 млрд АҚШ долларынан асты.
IOSCO тақырыптық шолуының қорытындысы бойынша АХҚО-ның цифрлық активтерді реттеу саласында IOSCO ұсынымдарын сәтті енгізетін әлемнің жетекші төрт юрисдикциясының қатарына кіргенін мақтан тұтамыз. Бұл мойындау біздің инвесторларды қорғау, нарықтың ашықтығы және инновацияларды дамыту қағидаттарына деген бейілдігімізді растайды.
Алдағы уақытта біз АХҚО-ның цифрлық қаржы саласындағы өңірлік хаб ретіндегі рөлін нығайта отырып, токенизацияланған активтер мен стейблкоиндерді шығару және айналысқа енгізу үшін инфрақұрылымды дамытуды жоспарлап отырмыз».
Іс-шараның іскерлік бағдарламасын Kazakh Invest-тің Сингапурдағы шетелдік өкілі Диана Аблякимова жалғастырды, ол елдер арасындағы екіжақты қарым-қатынастардың перспективалары және еліміздің сингапурлық компаниялар үшін инвестициялық әлеуеті туралы айтты.
Сондай-ақ АХҚО әкімшілігінің клиенттермен жұмыс жөніндегі бас директоры Бауыржан Канкиннің жүргізуімен Fireside chat форматында дискуссия өтті. Quest Ventures басқарушы серіктесі Джеймс Тан спикер болды. Сарапшылар АХҚО-ның Азия-Тынық мұхиты аймағындағы қаржылық қызметтерді дамытудағы рөлі мен ықпалын талқылады. Диалогты BI Group South компаниясының қаржы директоры Анастасия Ким жалғастырды, ол нақты активтер секторындағы бірегей инвестициялық мүмкіндіктермен таныстырды.
Тағы бір дискуссия қаржылық технологиялар саласындағы инновациялар мен жаңа құралдарды зерделеуге арналды. Спикерлер Сингапур финтех қауымдастығының (SFA) президенті Холли Фанг, BigONE Exchangе бас коммерциялық директоры Афина Миао, Binance VIP клиенттерімен және институционалдық инвесторлармен жұмыс жөніндегі басшысы Миранда Бретт болды.
Финтех-индустрия туралы диалогты АХҚО әкімшілігінің инновациялар жөніндегі бас директоры Талғат Аманбаев жалғастырды. Ол блокчейн технологиясын пайдалана отырып, астықты токенизациялау, корпоративтік беделді скоринг жүйесін және деректер алмасу платформасын әзірлеу, венчурлік студиялар үшін АХҚО-дағы мүмкіндіктер сияқты орталықта жаңа финтех-өнімдерінің даму барысы туралы айтты.
«Біз нақты активтер токенизациясы қазір негізгі тренд деп есептейміз. Бүгінде біз әріптестерімізбен бірге астықты токенизациялау жобасымен жұмыс істеп жатырмыз. Республикада жыл сайын шамамен 26,5 млн тонна дәнді және бұршақты дақылдар жиналады, бұл секторды аса маңызды етеді. Ал елде астық және қойма қолхаттарымен операцияларға қызмет көрсететін 232 лицензияланған элеватор тіркелген, бұл астық сақтаудың дамыған инфрақұрылымын көрсетеді».
Сондай-ақ финтех-инновацияларды дамытудағы жаңа құралдар туралы өз пікірімен Phillip Capital финтех-директоры Се Хуан Киат, CEO Investbanq Олжас Жиенқұл, GWM Capital Ltd компаниясының CEO және OD Consulting Ltd басқарушы директоры Арман Батаев бөлісті.
GFCI 38 рейтингіне сәйкес АХҚО Шығыс Еуропа мен Орталық Азия өңірінде көшбасшы орынға ие екенін және Қазақстанның бизнесі мен экономикасына арнайы жасалған жағдайлардың арқасында капитал тартуға көмектесетінін айта кету керек. 2018 жылдан бастап АХҚО алаңы арқылы Қазақстан экономикасына 18,5 млрд АҚШ доллары инвестиция тартылды. АХҚО-да АҚШ, Ұлыбритания, Қытай, Түркия, Сингапур және басқа да елдерді қоса алғанда, әлемнің 88 елінен 4600-ден аса компания тіркелген. –