Сурет: airpres.kz
217 отбасы тұратын ауылдағы негізгі жұмыс көзі «Бауманское 2030» серіктестігі жұмысының қожырауына байланысты күрделі мәселелер орын алып отыр. Атап айтқанда, еңбекақы, әлеуметтік төлемдер, салық төленбеген. Серіктестік директоры Бағдат Маратов, құрылтайшы инвестор «Айзет Фармс» серіктестігінің басшысы Талғат Зейнуллин.
Ертеректе ақық дән өсіріп, ақтылы мал өргізген «Бауманское» ауылының атақ-даңқы облыс көлемінде дүрілдеп тұратын. Топырағы құнарлы, жайылымы біршама кең. Мал азығын дайындауға мол мүмкіндік бар. Ауыл тұрғындарының айтуларына қарағанда, жұмыс дұрыс ұйымдастырылмай, егіншілік мәдениеті, ілкідегі еңбек дәстүрі күрт үзілгеннен кейін табыс та азая бастаған. Сөзіміз дәлелді болсын, нақты деректерге жүгінелік. Серіктестік есебінде жалпы көлемі 58 184 га ауылшаруашылық жері бар. Оның 30 971 гектары егістік алқабы, 27 048 гектары жайылымдық жер. Егер осы жер көлемі тыңғылықты пайдаланылса, ауыл тұрғындарының аузынан ақ май ағып отырар еді.
Биыл көктемде серіктестіктің 16 мың га егістік алқабына «КДК Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі дән сіңірді. Күзде гектар берекесі небәрі 8 центнерден айналды. Осы арада жаздың жауын-шашынды, егін шаруашылығына мейлінше қолайлы болғандығын айта кетелік. Өңірде гектар берекесі 16,3 центнерден айналып, құт қамбаға 7,6 млн тонна алтын астық құйылды. Бұл деректерді салыстыру үшін айтып отырмыз.
Қауқарсыз басшылар қаусаған техникамен жұмыс істегеннен кейін серіктестік егін орағын ең соңғылардың бірі болып аяқтады. Көктемгі егісте де кідіріс көп болды. Ең басты себебі – адам күші мен техниканың жетіспеушілігі.
– Серіктестіктің егістік алқабында бірнеше рет болып, қалыптасып отырған жағдайды өз көзіммен көрдім, – дейді Егіндікөл ауданының әкімі Юрий Курушин. – Өнімнің төмен болуына ұйымдастыру жұмысының шалағайлығы себеп болып отыр.
Міне, осы арада жергілікті билік дұрыс шешім қабылдауы керек еді. Қазір аз жерден мол өнім алу керектігі жиі айтылады. Ал бар жерді ұқсата алмау мүлдем түсініксіз жай. Биыл Егіндікөл аудандық ауыл шаруашылығы, жер қатынастары және кәсіпкерлік бөлімі Ақмола облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасына «Бауманское 2030» серіктестігінде 27 048 га жайылымдық жердің, 4 440 га егістік жердің игерілмей жатқандығы туралы материал түсірген.
– Тусырап бос жатқан жер тозып кетті, – дейді ауыл тұрғыны Александр Кукарцев. – Мұншама жерден мал бағып, егін егіп, қаншама өнім алуға болар еді. Ауыл тұрғындары пайларын да ала алмай отыр. Ұят та болса айтайық, қазір қаражаты жоқ қарапайым халық азық-түлік дүкенінің алдында бір-бірінен қарыз сұрап жүр.
Биыл шілде айында құрылтайшы инвестор «Айзет Фармас» серіктестігінің есебінде 120 бас мал болған. Серіктестік «Бауманское 2030» серіктестігіне тиесілі жайылымда малын баққан. Арада біраз уақыт өткеннен кейін ол мал да белгісіз жаққа кетті. Егер серіктестік жұмысын оң жолға қойып, егін шаруашылығымен бірге мал шаруашылығын да дамытатын болса, ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтамасыз етер еді. Механизаторлар жаз бойы мал азығын дайындаса, өзгелері мал бағып, табыс табуға мүмкіндік алар еді. Дайын ферма, бос жатқан жер болса да, мұндай жұмыс ұйымдастырылмай отыр.
– Нәтижесінде, ауылдағы әлеуметтік-тұрмыстық ғимараттар қаңырап бос қалды, – дейді ауыл тұрғыны Дмитрий Иванюк. – Ауылдық клуб, балалар бақшасы, ескі фельдшерлік-акушерлік пункт жылу берілмегендіктен жұмыс істемей тұр. Қараусыз ғимараттар тозып барады. Себебі мұның барлығы банкке кепілдікке қойылған.
«Бауманское 2030» серіктестігі салық пен бюджетке төлейтін өзге төлемдер үшін 233,5 млн теңге қарыз. Оның 105,7 млн теңгесі республикалық бюджетке, 71,6 млн теңгесі облыстық бюджетке, 56,2 млн теңгесі аудандық бюджетке тиесілі. Әлеуметтік төлемдерге бағытталатын қаржы да төленбеген. Қарыз 20,2 млн теңгеге жеткен. Міндетті зейнетақы төлемдеріне 17,4 млн теңге берешек болып отыр. Кейбір деректерге қарағанда, еңбекақыға берешек көлемі 117 млн-ға жеткен. 2024 жылдан бері қордаланып қалған қарыз да бар. Серіктестік жұмысшылары көктемгі егіс, күзгі орақ кезіндегі еңбекақыларын ала алмай жүр.
Ауыл тұрғындары қордаланған еңбекақы, зейнетақы төлемдері туралы дабыл қағып, аудан әкіміне бірнеше мәрте барған. 2025 жылғы 20 мамыр күні аудан әкімі Ю.Курушиннің тұрғындармен кездесуі кезінде «Бауманское» ауылының тұрғындары Н.Юрченко мен А.Думина осы мәселелерді тағы да көтерген. 17 қазанда аудандық мәдениет үйінде өткен жиында да осы мәселе айтылған. Әйтсе де, ауыл тұрғындарының арыз-шағымы ескерілмей отыр.
Ақмола облысы,
Егіндікөл ауданы