Тұлға • Кеше

Ұлы өнердің өкілі

50 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қастерлі қазақ күй өнерінің мәуелі бір бұтағы – Жетісу күйшілік дәстүрі дер едік. Бұл «Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі» атты іргелі еңбекте тайға таңба басқандай көрсетіліп, ол туындыларға, орындаушыларға молынан орын берілген. Ақиқатына келсек, бұрын бірлі-жарым күйшілердің аты аталғанымен, жүйелі зерттеле қоймаған еді. Күй атасы Құманғазымен тағдырлас Қожеке Назарұлы бастауында тұрған саңлақтар сапқа қосылды. Олар: Сыбанқұл, Рақыш, Қосдәулет, Омархан, Тілеміс, Шаңия, Шіде, Ыбырайымхан, Ясын, Таласбай, Оразақын, тағы басқалар. Бұлардың бәрі де «Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі» кітабына енгендер.

Ұлы өнердің өкілі

Табиғи таланттың жөні бөлек. Ол жаратылысынан жасандылықтан аулақ, құбылмайды. Қалыбын бұзбайды. Алда дәйекке келтірген күйшілердің арасында Омархан Керімқұлов табиғи талант иесі еді. Жады мықты болатын. Шекараның сыртында қалған Құлжа қаласында өткен қазақ-қырғыз күй сайысына он алты жасында қатысып, 120 күйді іркіліссіз тартып, топ жарып, жүлдегер атанған. Репертуарында 200 туынды болған деседі.

Атажұртқа келгеннен кейін Дәнеш Рақышев бастаған, Омархан Керімқұлов қоштаған өнерлі ұрпақтың атын естіген ұлт зиялылары тыңдайық деп, оларды Алматыға алдырады. Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, өзге де игі жақсылар алдында ән қалықтап, күй шертіледі. Жаңа үн, тың сазға бар зейінімен құлақ қойған ұлы Мұхтар: «Жақсы, жұрағатым!», деп ыстық ықылас танытыпты. «Жұрағатым!» деген қандай кең тынысты сөз десеңізші! Оны журналист Ғ.Тыныбаевтың естелік мақаласынан оқып-білдік. Сонда өнер иелеріне, білім алу керек деген кеңес беріледі. Бірақ оған Омарханның жағдайы қайдан келсін? Қоныс аудару да жанға батып жүрген. Оның үстіне өткен ғасырдың 60-жылдары, Хрущев халықты қара нанға зар қылған қиын кезең еді. Ауылда жер таянған анасы, жас балалары бар. Еңбек етуге бел буып, ауылға қайтады.

Бір отар қойға ие болып, қасиетті қара домбыраны қой­шының қара таяғына айырбас­тайды. Бұл жол сорабы 25 жылға созылады. Қойдан қолы босаған соң, айналасы домбыраны қайта қолға ал деп тілек білдіреді. Алғашында қол қатайып кетті деп ырық бермейді. Сөйтіп жүргенде, Құманғазы атындағы Алматы консерваториясының студенті Базарәлі Мүптекеев диплом жұмысын Жетісу күйлерінен алғанын жеткізіп, киелі домбыраны қолына ұстатады. Құдай берген талант қайта қомданғанда, көңіл түкпірінде қалған күй сарындары бірте-бірте қанаттанады. Базарәлі де қамшылап бағады. Бастау басы ашылып, 40 күйді «тірілтеді». Кейін оған 20 туынды қосылады. 120 күйден 60 шығарма айналымға түседі. Оны ұлттық консерваторияның фольклорлық қорына өткізеді.

Ұлт құндылығының жоқ­шысы, жаңалық жаршысы болып жүретін, музыка зерттеуші Жарқын Шәкәрім Омарханды алға салып «Қайта оралған Жетісу күйлері» деген тақырыпта алты телетүсірілім жасайды. Қазақ радиосының алтын қорына 20 күй жазылады. Осыдан келіп, жо­ғарыда аттары аталған күй­шілер таныла бастайды. Б.Мүп­текеев пен С.Медеубекұлы «Жетісу күйлері», «Жетісу әндері» атты екі том шығарғанын да еске сала кетелік.

Көрнекті жазушы Марал Ысқақбаев «Елге оралған өлмес рухтар», белгілі домбырашы, профессор Айтжан Тоқтаған бастаған өнер қайраткерлері «Қос ішектегі құдірет» деп, өзге де азаматтар мақалалар жазды.

Сыбанқұлды туралы айтсақ, ол сөз емес, күйді сөйлетеді екен. Мал­дас құрып отырып домбыра тартқанда төрден есікке, есіктен төрге қозғалып кетіп, көргенін күймен жеткізген. Академик Ахмет Жұбанов күй сазын «Домбыра сөздері» деген ғой. Ендеше, ерекше дарындарды – күй жырауы десе жарасатындай.

Омарханның орындауында бұрын белгісіз болып келген ондаған халық күйлері, Қожекенің, Сыбанқұлдың, Қосдәулеттің, Рақыштың, Шіденің, қырғыз Асанәлінің, Шаңияның, Кәтіптің, басқа да ел іші білгенмен, жалпы жұртқа жете қоймаған дүниелері – ұлт руханиятына қосылған байлық деп шегелеп айту парыз.

Иә, бір кездері Қожеке күйші ғана аталып келсе, енді оның жолын жалғаған, дәстүрін сабақтаған тума таланттардың мол болғаны, алтын арқаудың үзілмегені, Жетісу күй мектебі қалыптасқаны дәйектеліп отыр. Қазақ күйінің білгірлері жеті мыңнан он мыңға дейін күй мұрамыздың барын айтып жүр. Сол құндылықтың елеулілерінің басын біріктірген «Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі» атты екі кітаптан тұратын еңбекке Жетісу күйлерінен 35 туынды енсе, «Қазақ күйлері антологиясы» жинағынан да ондаған туындыға орын берген екен. Ел өңірлерінде әлі де көне көздердің, олардың сарқытындай зеректердің бары анық қой.

Саз өнерінің саңлағы Омархан Керімқұлов өмірден озғалы да жиырма жылдан асып барады. Ол орындаушы ғана емес, ондаған күйдің авторы да еді. Бір жылы орындауындағы күйлерді, әсіресе Сыбанқұлдың «Үш аққуын» тыңдап отырып, сөз бен өнердің білгірі, академик Рахманқұл Бердібай: «Қаймағы бүтін халық мұрасы ғой, өнер мұхитына қосылған өзен ғой, талай аққу туралы күйлерді естіп едім, үш оқиғаға құрылған мына үш аққу керемет екен, Нұрғисадай (Тілендиев) мықтының қолына тисе, тіпті құлпыра түскелі тұр!», деп сүйсініп еді. Қазақтың аңғарымпаз Ақселеуі де (Сейдімбек) жазбай танып, «Қазақтың күй өнері» кітабынан ойып тұрып орын берген еді.

Биыл саңлақ күйшінің тоқсан жылдығы өтіп жатыр. Ол өнер мұхитына қосқан дүниелер жаңғыру үстінде. Алда айтқан «Үш аққуды», басқа да күйлерді Алматы консерваториясының оқытушылары А.Құдайбергенов, Е.Жәменкеев, Н.Бекенов түрлі саз аспаптарында шәкірт­терімен қанаттаса тартып, қалың қауымға ұсынды. Оркестрге түсірген күйлер де аз емес, «Абай» телернасы деректі фильм жасап шығарды. Бұл іздеушісі болса өнердің өшпейтінін, халықпен бірге жасап, ұрпақ тағылым алатынын көрсетсе керек.

 

Сүлеймен Мәмет,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері