Қоғам • 11 Қараша, 2025

Жергілікті органдардың дербестігін күшейту маңызды

30 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару жүйесі – елдің демократиялық дамуының маңызды тірегі. Осы бағыттағы жаңа заң жобасы мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырып, азаматтардың шешім қабылдау үдерісіне қатысуына кең жол ашуға тиіс. Алматыда Мәжіліс депутаты Айдос Сарымның төрағалығымен өткен Парламент Мәжілісі жанындағы Қоғамдық палатаның кезекті отырысында «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланды.

Жергілікті органдардың дербестігін күшейту маңызды

Жаңа заң жобасының басты мақсаты – басқару жүйесінің ашықтығы мен есептілігін қамтамасыз ете отырып, жергілікті билік органдарының дербестігін күшейту. Бұл тұрғындардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін мәселелердің жедел әрі әділ шешілуіне жол ашады. Сонымен қатар осы реформа өңірлік даму жоспарларын халықпен бірлесіп талқылау, бюджетті басқару ісіне қоғам өкілдерін тарту сынды тетіктерді жетілдіруге мүмкіндік бермек.

Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, дамыған елдерде өзін-өзі басқару органдарының құзыреті кеңейіп, әкімшілік-аумақтық бірліктерде халықтың сұранысына сай шешім қабылдау мүмкіндігі артып келеді. Қазақстан бұл бағытта ілгері жылжуға ниетті. Жаңа заң жобасында ауыл, аудан, қала деңгейінде мәслихаттардың рөлі мен жауапкершілігі нақты белгіленіп отыр. Депутаттар заң жобасы жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасын іске асыру, сондай-ақ Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында көзделген азаматтардың жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуге қатысу тетіктерін инс­титуционалды тұрғыдан нығайту жөніндегі саяси реформаны жүзеге асыру шеңберінде әзірленгенін айтады.

Ұсынылып отырған өзгерістер өзін-өзі басқару институттарын дамытуға, биліктің ашықтығы мен есептілігін арттыруға бағытталған.

«Кейінгі екі-үш жылда ауыл, аудан әкімдерін, үлкен шаһар әкімдерін сайлай бастадық. Олар саяси өмірмен қатар бюджеттік өмірге аяқ басып жатыр. Сайланған депутаттар мен сайланған әкім бір-бірімен қалай жұмыс істеуі керек? Олардың халыққа берген уәдесі, сайлауалды бағдарламасы бар. Басқосуға бірқатар сайланған ауыл, аудан әкімдерін арнайы шақырып отырмыз. Олардың да үнін тыңдағымыз келеді. Еліміздегі мәслихаттардың рөлін көтеру де – маңызды мәселе. Аймақтардағы әріптестеріміз қазіргі мәжілісте бар дүниені өздеріне алып келуді, басқармалар өздеріне келіп есеп беретіндей жағдай туса деген тілектерін білдіріп жатады. Меніңше, осы заң енді осындай қарым-қатынастардың негізін жасайды. Мәселен, аудандық, қалалық, облыстық бюджет қоғамның назарын­дағы үлкен мәселе болуы керек. Сол кезде жемқорлық азаяды, талап өзгереді, сонда ғана біз осы қазір республикалық дәрежеде болып жатқан үлкен өзгерістерді аймаққа жеткізе аламыз», дейді А.Сарым.

Елімізде әкімдерді сайлау рефор­ма­сы жүзеге асқалы бері күні бүгінге де­­йін 3 500 әкім сайланған. Олардың 48-і – аудан әкімдері. Басқосуда сөз алған Ұлттық эко­номика вице-министрі Бауыржан Омар­­беков әкімдердің сайлауалды бағдар­ламасы мен берген уәделеріне қатысты нақты тетік­тер мен жауапкершіліктің болмауы мә­селе туындатып отырғанын айтып бір­қатар ұсынысын жеткізді.

Жиында сондай-ақ заң жобасының бастамашыларының бірі, Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева, Алматы облысы Райымбек ауданының әкімі Дастан Құдабаев, Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Балтабай ауылының әкімі Сәуле Алипова және басқа да сарапшылар өз пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды.

 

АЛМАТЫ