Жалпы өсімнің 30%-ы – өнеркәсіп секторының еншісінде. Сауда мен көлік салаларымен бірге есептегенде бұл көрсеткіш 70%-дан асып жығылады. Экономиканың тірегі саналатын тауар өндіру көлемі 8,2%-ға, ал қызмет көрсету секторы 5,3%-ға артқан. Әсіресе өңдеу өнеркәсібіндегі 5,8% өсім өндірістің нақты бағыттарында өнім көлемінің ұлғаюымен тікелей байланысты. Мәселен, машина жасау саласы 11,5%-ға, соның ішінде автомобиль өндірісі 13,3%-ға, химия өнеркәсібі – 10,9%-ға, азық-түлік – 9,1%-ға, мұнай өнімдері – 6,3%-ға, металл бұйымдары – 14,1%-ға, құрылыс материалдары 5,3%-ға өскен.
Құрылыс саласындағы өсім ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асырумен байланысты болып отыр. Құрылыс жұмыстары көлемінің артуы 2025 жылғы қаңтар-қыркүйектегі 14,9%-бен салыстырғанда 15,1%-ды құрады.
Ал ауыл шаруашылығы саласы маусымдық өсу кезеңіне енді. Жалпы өнім көлемі қаңтар-қыркүйек айларымен салыстырғанда 5,4%-ға артты. Өсімдік шаруашылығында өсім 6,7%-ға, мал шаруашылығында 3,4%-ға жетті. Жалпы өнім мемлекеттік қолдау шараларымен, агротехнологияларды сақтаумен және егін жинау кезіндегі қолайлы ауа райымен байланысты болып отыр.
Бірқатар өңірде дәнді дақылдардың өнімділігі артты. Оның ішінде Ақмола (+13,6%), Қостанай (+14,9%), Павлодар (+7,4%) облыстары бар. Сүт өндірісі – 5,2%-ға, ет өндірісі – 2,8%-ға, жұмыртқа өндірісі 1,4%-ға өсті.
Саудада өсім деңгейі 9%-ды құрады. Өсу қарқыны саладағы үлесі 66,5% болатын көтерме сауда кәсіпорындарында байқалды. Айналым қаражатының ұлғаюы Павлодар, Атырау облыстары мен Астана қаласында тіркелген.
Сондай-ақ көлік саласында да едәуір жоғары өсім тіркелді. Барлық көлік түрі бойынша тасымалдың өсуіне байланысты көлік қызметінің көлемі 20,7%-ға артты.
Жоғарыдағы көрсеткіштер ел экономикасының құрылымдық тұрғыдан дамып, әртараптандырылып жатқанын айғақтайды.