Сурет: qazyr.kz
Келісімнің мазмұны – «Cove Capital» (АҚШ) және «Тау-Кен Самұрық» (Қазақстан) арасында Қарағанды облысының Солтүстік Қатпар және Жоғарғы Қайрақты вольфрам кен орындарын игеру. Жобаның жалпы құны – 1,1 млрд доллар, оның ішінде 900 млн долларын АҚШ-тың Экспорт-импорт банкі қаржыландыруға ниетті.
Бұл келісім Қазақстанмен тәуелсіздік жылдарынан бері экономикалық серіктес болып келе жатқан, соның ішінде бірлескен кәсіпорын құру арқылы Каспий теңізі мен оның жағалауындағы мұнай кен орындарын игеріп отырған АҚШ мүддесінің енді еліміздің батыс өңіріне ғана байланбай, оның орталық бөлігіне де ойысқанын білдіреді. Еліміз үшін бұл – алпауыт елдің құтты да жаңа қадамы.
Егер мәселенің геосаяси және экономикалық мәніне келсек, АҚШ үшін бұл келісім – стратегиялық минералдарға қол жеткізуді қамтамасыз ету және Қытайға тәуелділікті азайту жолындағы маңызды қадам. Ал Қазақстанға экономиканы әртараптандыру, қосылған құны жоғары өндірісті дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу, аймақтық инфрақұрылымды жақсарту мүмкіндігі.
Біздің ойымызша, мәселе енді мұнымен де шектелмеуі мүмкін. Әзірге нақты бір келісім Қарағанды облысындағы вольфрам кен орны жөнінде жасалса, іргеде тұрған Шығыс Қазақстандағы вольфрам, молибден, уран, алтын сияқты стратегиялық ресурстар да назар аудартпай қоймайды. Жалпы, еліміздің шығыс өңіріндегі кен орындарына алып көршіміз Қытай елінің де сұранысы артып отырғанын білеміз. Екі алпауыттың геосаяси және экономикалық мүддесі осы өңір аумағына қарай ойысуы түптің түбінде еліміздің орталық бөлігі мен шығыс өңірінің геоэкономикалық салмағын арттыруға, инфрақұрылым мен логистиканы дамытуға, жастар мен жергілікті кадрларды жұмысқа тартуға жол ашатыны түсінікті.
Біздің білуімізше, Қазақстандағы вольфрам кенін өңдеу үшін «Cove Capital» мен «Тау-Кен Самұрық» бірлескен кәсіпорын құрып, өңдеу зауыттары мен логистика жүйесін жоспарлайды. АҚШ-қа тасымалдау теміржол мен теңіз порттары арқылы жүзеге аспақ. Қазіргі нарықта тазартылған вольфрам бағасы шамамен 30-45 доллар/кг аралығында. Вольфрам – барынша тығыз металл түрі, яғни ауыр зат.
Сөйтіп, бұл жоба елімізде сирек металдарды терең өңдеу саласының дамуына серпін береді. Бұрын негізінен шикізат күйінде экспортталған вольфрам енді қосылған құны жоғары өнімге айналады. Бұл ішкі ІЖӨ-ге тікелей әсер етеді.
Енді мәселенің геосаяси және экономикалық тепе-теңдік жағына келсек, Қазақстан бұл келісім арқылы Қытай мен Ресейге тәуелділікті азайтып, көпвекторлы саясатын нақты экономикалық әрекетпен бекіте түсті деген ойдамыз. АҚШ-пен стратегиялық шикізат бойынша серіктестік энергетикалық қауіпсіздік пен логистикалық әртараптандыруға жол ашады. Еліміздің Орталық Азия өңіріндегі рөлін күшейтеді, әсіресе сирек металдар нарығында жаңа саяси-экономикалық салмақ қосады.
Сондай-ақ вольфрам келісімінің Қазақстан үшін саяси және дипломатиялық астарлары болуы мүмкін. АҚШ-тың көпвекторлы саясаты арқылы ендігі жерде оның Қазақстанның бүкіл аумағында теңгерімді қатынас орнатуға ұмтылуына – тек шикізат емес, институционалдық даму, білім, денсаулық, экология, ауыл шаруашылығы салаларында да серіктестік іздеуіне әкелуі ықтимал. Оның үстіне, Қазақстанның орталық және шығыс өңірлері Қытай мен Ресейдің ықпалындағы аймақтар болып келеді. АҚШ бұл өңірлерге назар аудару арқылы тепе-теңдікті сақтауға тырысуы мүмкін.
«Cove Capital» жобасы Қазақстанда өңдеу зауыттарын салуды көздейді. Қытайлық компаниялар вольфрамды байыту және металлургиялық өңдеу технологиялары бойынша әлемдік көшбасшы болып отырғандықтан еліміздегі өңдеу инфрақұрылымының дамуы – Қытай технологиясына сұранысты арттырады. Өйткені Қазақстан бұл технологияларды Қытайдан сатып алуы мүмкін, яғни Қытайдың технологиялық экспорты артады.
Екіншіден, АҚШ пен Қазақстан арасындағы тасымал Ресейді айналып өтетін Транскаспий бағытына негізделетіндіктен логистикалық маршруттардың кеңеюі Қытайдың Транскаспий бағытына қолдау есебінде қызмет етеді. Бұл бағыт Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасымен логистикалық тораптарда қиылысады, әсіресе Грузия, Әзербайжан, Түркия арқылы. АҚШ Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» жобасын қолдаған емес. Енді Қазақстанда өндірілген вольфрамды тасымалдау арқылы оған жүзі жыли түсуі мүмкін.
Үшіншіден, Қытай бұл маршруттарды өз экспорты үшін де пайдалана алады, яғни инфрақұрылым ортақ мүддеге айналады.
Сонымен, түптеп келгенде, вольфрам өндірісі мен тасымалы Қазақстанның Шығыс пен Батыс арасындағы географиялық қолайлы орналасуының мәнін одан әрі арттыра түспек. Ал ол еліміздің қауіпсіздігіне, халықаралық беделінің арта түсуіне қызмет етеді.
Сұңғатолла ӘЛІПБАЙ,
«Egemen Qazaqstan»
газетінің ардагері