Фотосуреттер AntiFake орталығынан алынды
«Fake news»-тің көздегені не?
Осыдан бірер ай бұрын түрлі аккаунттарда «Елімізде бір уақытта бірнеше жерде жұмыс істеуге тыйым салынады» деген ақпарат тарады. Әлеуметтік желілерде бұл әлі де талқыланып жатыр. Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығының хабарлауынша, бұл шындыққа жанаспайтын ақпарат. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ресми түсіндірме де жасады.
«Еңбек кодексіне сәйкес, ел азаматтары бір уақытта бірнеше жұмыс орнында және әртүрлі жұмыс берушілерде еңбек ете алады, алайда негізгі жұмысы күніне – 8 сағаттан, ал қосымша (қосалқы) жұмысы 4 сағаттан аспауы керек, яғни барлығы бір тәулікте 12 сағаттан аспауға тиіс. Айта кету қажет, Кодекстің 26-бабының 2-тармағының 5-тармақшасына сәйкес, он сегіз жасқа толмаған адамдарды, сондай-ақ ауыр жұмыстарда, зиянды және (немесе) қауіпті еңбек жағдайларында еңбек ететін жұмыскерлерді (медициналық жұмыскерлерді қоспағанда) қосымша жұмысқа қабылдауға жол берілмейді. Сонымен қатар «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет туралы» заңына сәйкес, қосымша жұмыс істеуге мемлекеттік қызметшілерге тыйым салынады. Осылайша, жоғарыда аталған шектеулерге жатпайтын кез келген кәмелетке толған азамат қосымша жұмыс істей алады», делінген министрліктің мәлімдемесінде.
Сондай-ақ «Қант диабетімен ауыратындарға берілетін көмек жойылды, бұл дерт әлеуметтік маңызы бар аурулар тізімінен шығарылып, пациенттер көмек алу құқығынан айырылды», деген ақпарат та бұрмаланып берілгенін алға тартты Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы.
Шын мәнінде, 2026 жылдың қаңтарынан бастап диабетпен ауыратын науқастарды емдеу МӘМС жүйесіне ауыстырылады. Бұл көмекті алып тастауға емес, керісінше науқастарға көрсетілетін әлеуметтік қолдауды күшейту мақсатында енгізіліп отыр. Қазірдің өзінде пациенттердің 96 пайызы қамтылған. Әлеуметтік осал топтарға мемлекет есебінен жарна төленеді.
«Мұндай фейк ақпараттар денсаулық сақтау сияқты маңызды әлеуметтік саланы нысанаға алған. Мақсат – МӘМС жүйесін қаралау, реформаларға деген сенімді әлсірету, қоғамда наразылық тудыру», деп хабарлады Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығынан.
Тағы бір жалған ақпартты мысалға келтірсек, балалардың жылауы, айқайы және түнгі уақытта жүгіруі заң бұзушылық болып саналады, ол үшін айыппұл салынады-мыс. Жалпы, елімізде тыныштықты бұзу туралы заң азаматтардың қалыпты тынығуына кедергі келтіретін шулы әрекеттерге қатысты. Бұған сағат 22.00-ден 09.00-ге дейінгі уақытта жасалатын жөндеу және өзге де шулы жұмыстар жатады.
«Полиция тексеру жүргізу үшін жеке немесе заңды тұлғаның өтініші негіз болуы шарт. Әрбір жағдай жеке қаралады және құқықбұзушылықтың объективті және субъективті жағын анықтауды талап етеді. Ал сәбидің жылауы әкімшілік жауапкершілікке тартуға негіз болмайды. «Түнгі шудың бір ғана жағдайы ата-аналарға материалдық салдарға әкелуі мүмкін» деген тұжырымдар – жалған ақпарат тарату белгілері. Мұндай жалған ақпаратты таратушылар заң аясында жауапкершілікке тартылуы мүмкін», деп хабарлады Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы ресми дерекке сілтеме жасап.
Мамандардың айтуынша, негізі жалған ақпараттарды анонимді Telegram секілді арналар тарады. Мұндай арналар авторларын жасырады. Анонимдік – бұл технология. Ол шынайылықтың иллюзиясын қалыптастырады, ескі арналарға келген сұрақтарға жауап бермей, жаңаларын ашуға және тапсырыс берілген материалдарды «ақиқат» ретінде көрсетеді.
«Мұның бәрі қоғамдық пікірге қысым жасау мен тиімді нарративтерді алға жылжыту үшін қолданылады. Ең дұрыс шешім – мұндай дереккөздерге назар аудармау. Аноним арналардан жазылудан бас тартып, тек тексерілген ресурстарды таңдау қажет», деп ескертеді Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы.
Мәселен, 25 қыркүйекте әлеуметтік желілердегі анонимді пайдаланушылардың аккаунттарында әскери қызметшілер арасындағы дөрекі қатынастарды бейнелейтін бейнеролик таралды. Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығының қызметкерлері дереккөздерді зерделеп, бейнежазбаның Қазақстанға қатысы жоқ екенін анықтады. Ол – «Қырғызфильм» киностудиясының «Баткен» көркем фильмінен алынған үзінді. Қолданушыларды шатастыру мақсатында материал авторлары бейнежазбаға қазақ тілінде дыбысты қоса салған. Бұл аудиторияны шатастырып әкетті. Ал осы сынды материалдарды қасақана бұрмалап, жариялау құқықтық жауапкершілікке әкеп соқтыруы мүмкін. Жекелеген жағдайларда заңнамаға қайшы мазмұнды әдейі тарату (қайта жариялау) да құқық бұзушылық болып саналуы – ықтимал. Сондықтан азаматтар интернет желісінен алынған контентке мұқият қарап, ақпараттың дереккөзін тексеріп алғаны жөн.
Қауесетке бейімделген технологиялар
Қазір Sora 2 нейрожелісінің жаңартылған нұсқасы шыққаннан кейін, заңға қайшы келетін контент көлемі бірнеше есе артқан. Ол қарапайым мәтіннен шынайы бейнесахналар жасай алады. Интернет желісінде аноним интернет пайдаланушылар белгілі саяси тұлғалардың, мәдениет және мемлекеттік қызметкерлердің жалған бейнесі бар бейнероликтерін жаппай жариялап жатқанын көріп жүрміз. Бұл видеоларда аталған адамдарға айтпаған сөздерін айтқызып, өзге қырынан көрсетеді. Көптеген интернет пайдаланушы бұл видеоларды шынайы деп қабылдап, оларды әрі қарай таратып отыр. Осылайша, жалған ақпарат лезде таралып кетіп жатыр.
«Мұндай әрекеттерде адамның теріс ниеті болмаса да, құқықтық салдары болуы мүмкін. Құқыққа қайшы контент үшін жауапкершілік тек оны жасаушыларға емес, сондай-ақ таратушыларға да жүктеледі. Жалған ақпаратты, қорлау немесе жала жабу сипатындағы видеоларды таратудың өзі заң бұзушылыққа қатысы бар әрекет ретінде қарастырылуы мүмкін. Атап айтқанда, мұндай материалдарды жасап, тарату барысында «Жеке деректер және оларды қорғау туралы» заңның адамның келісімінсіз оның бейнесін пайдалану, Қылмыстық кодекстің жала жабу, көрінеу жалған ақпарат тарату, әлеуметтік, ұлттық немесе өзге де араздықты қоздыру, жеке өмірге қолсұғылмаушылық, сондай-ақ авторлық және сабақтас құқықтарды бұзу баптары бұзылуы мүмкін», делінген Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы хабарламасында.
Сондай-ақ интернет кеңістігінде «Mellstroy Game» дейтін қауіпті челлендж кеңінен таралып жатыр. Оны қазіргі уақытта Ресей мен Беларусьта халықаралық іздеуде жүрген стример Андрей Бурим (Mellstroy деген атпен белгілі) іске қосқан. Ол қатысушыларға жалпы құны 1,5 млн долларды құрайтын пәтерлер мен бағалы сыйлықтар ұтысын уәде етеді. Ойынға қатысу үшін пайдаланушылар «#MellstroyGame» хэштегін қойып, оның аты немесе казино атауы көрсетілген бейнеролик түсіру жеткілікті. Басты мақсат – құмар ойындарды кез келген тәсілмен вирустық жарнамалау.
«Хайп тудыру және бұған дейін «Mellstroy» уәде еткен бағалы сыйлықтар мен ақшалай сыйақылар арқылы аудиторияны демонстративті әрі қауіп деңгейі жоғары әрекеттерге итермелеп отыр. Әсіресе құмар ойындарға тәуелді осал топтарға, қаржылық қиын жағдайда қалғандарға «жылдам ұтыс» туралы уәделер ерекше әсер етеді. Мұндай тәсілдер еліктеуді күшейтіп, қауіпті әрекеттердің қоғамдық ортада қайталануын арттырады. Құмар ойындарды жарнамалауға қатысты челлендждерге қатысу еліміздің және кейбір ТМД елдерінің заңнамасын бұзуына әкеледі», делінген орталық мәлімдемесінде.
Шындықты жасыру мүмкін емес
Бүгінде «Clone Detection» әдісімен кескін фрагменттерді, ондағы мәтінді талдап, қолдан жасалған контентпен оның жасалу техникасын анықтауға болады. Мәселен, жақында Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы анонимді аккаунттар арқылы журналистер мен БАҚ редакцияларына жаппай таратылған, Премьер-министрдің ресми ақпараттық ресурсына тиесілі «скриншотты» зерделеді. Арнайы мамандандырылған бағдарламалар арқылы жүргізілген тексеру нәтижесінде жалған мәтіннің ресми ақпараттың үстіне қолмен енгізілгені анықталды. Суреттегі қызғылт сызықтар бірдей сандық «ізге» (пиксельдік үлгіге) ие бөліктер арасындағы сәйкестікті көрсетеді. А және Б суреттерінің бөліктері арасындағы мұндай сәйкестік бейненің бір бөлігі екіншісінің көшірмесі екенін растайды. Мұндай жағдайлар әдетте жазуды жасыру үшін фон көшірілгенде, фонның үстіне жаңа мәтіндік блок енгізілгенде, логотип, күн немесе фамилия сияқты элементтер өзгертіліп, кейін сол аймақ қолмен толықтырылғанда кездеседі. Бұл бөліктер көшіріп, қайталау әдісі арқылы өңделгенін көрсетеді. Мұндай көрініс әдетте материал қолмен жиналғанда (мысалы, «Word», «Canva» немесе «Photoshop» бағдарламаларында) және оған веб-сайтының үлгілерінің бөліктері енгізілген кезде пайда болады. Интерфейстің симметриялық емес бөліктерінде көптеген «clone сызықтардың» болуы өңдеудің айқын ізін көрсетеді. Бұл скриншоттың түпнұсқа емес, қолмен құрастырылған немесе ретуш арқылы жасалғанын дәлелдейді. Фактологиялық сәйкессіздіктермен (грамматикалық қателер, сөйлеу стиліндегі айырмашылықтар) қатар қарастырғанда, бұл суреттің ресми сайттағы материалды пайдалана отырып, жаңалықты имитациялау үшін жасалған жалған материал екені анықталады.
Бүгінде мұндай «жаңалықтарды» кез келген адам өз бетімен тексере алады. Мәселен, «Forensically» – қайталанатын бөлімдерді («clone lines») талдауға және іздерді анықтауға арналған құрал. «FotoForensics» қате деңгейін талдау (ELA) арқылы жасырын өзгерістерді анықтайды. «JPEGsnoop» метадеректерді оқиды және сәйкессіздіктерді анықтайды. Ал «Image Edited» арқылы суреттің өңделгенін жылдам білуге болады.
«Егер скриншот ашу қорқыныш немесе шок секілді эмоция тудырса, оның дереккөзін тексеру қажет. Манипуляторлардың мақсаты да осы – жедел реакция туғызу. Жалпы контентке жауапкершілікпен қарау қажет», деп ескертеді Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы.