Ал ұстынсыз қашанда – ұсқынсыз. Ол ерте ме, кеш пе, әйтеуір бір өртке оранады, құлайды, құлағанда да ойран-ботқасы шығып, қайта келместей шылпара ыдырайды. Бірақ күйремей тұрып өзінің құбыжық кейпін «сүйкімді», ібіліси тірлігін «баянды» ете түсу үшін қаншама ұлттардың, ұлылардың тағдырын рәсуа қылады. Осы зілман салмақты – немістің эссеист ақыны Готфрид Бенн айтпақшы: «…ерлер мен тобыр көтереді». Ұлт тағдыры сондай тәркіге түскен шақта ерлер мен сатқындар қатар пайда болады. Ерлер отқа кіреді, сатқындар сапқа кіреді. Сатқындар – кемталанттар мен менмендерден, мансапқорлар мен дүниеқорлардан, өлермендер мен пысықайлардан шығады. Бұл да бір жазылмаған заңдылық шығар.
Адамзаттың өткен-кеткенін зерделеп отырсақ, бағы тайған ұлттардың нәнталант, алайда кемталант ұлдарының халал қаны тарих беттерін айғыздап тастаған. Оны жуып, не тырнап тазарту мүмкін емес. Күндердің күні болғанда, бір зерделі зерттеуші шығып, уақытта есесі, тарихта ақысы кеткен ұлттардың – топырағының шегі мен ел-жерінің кегі жолында шәйіт кеткен ерлерін түгендей қалса, қазақтан асып теперіш көрген, қазақтан асып тепкі жеген, қазақтан асып асылдарынан айрылған ел жоқ болып шығарына иманым кәміл.
Орыстың екі империясы қатар талаған атажұрттағы қазақты айтпағанда, қытай аждаһасының көмейінде жұтылып кеткен аяулыларыңды ойлағанда, шайналған бармағың темірқақпандағы көкбөрінің жіліншігіндей сырқырары хақ. Бұл не деген сөз? Демек бұл – атыңнан айналайын айжүзді азаттықты қазақтай сүйетін ел де кем деген ұғымға ырықсыз әкеледі. «Атасы Айға шауып мертіксе де, арыстандығын қоймайтын» бұл неғылған теміржұлын тәуекел деп таңғалмасқа әддің жоқ!
Жә, айтпақ кепке төте көшейік. Біз кешегі кеңестік «теміршымылдық» дәуірінде «Қытайдағы қазақ әдебиетімен» там-тұмдап қана таныса алдық. Екі мемлекет те қазақтың бір-бірімен қойын-қолтық етене болып кетуіне еш мүдделі емес-тін. Таңжарық Жолдыұлы, Бұқара Тышқанбаев, Қажығұмар Шабданұлы, Омарғазы Айтанұлының шығармаларынан некен-нұқан хабардар болдық. Қытай қазақтарының өмірімен сонау 70-жылдар өресінде жазылған Қ.Жұмаділовтің «Соңғы көш» дилогиясы арқылы ғана мейіріміз қана қауыштық. «Үш аймақ көтерілісі», «Шығыс Түркістан республикасы», «Мәдени революция» деген ұғымдар бізге бір жырақ мекендерде өткен алыс оқиғалар секілді елес беретін.
Қытайдан қоныс аударып келген ағайындар да, неге екенін білмеймін, өздері жайлы тым сараң сөйлейтін. Сөйтіп, жүргенде Тәуелсіздік таңы атты. Ел мен ел жамырай табысты. Сол кезде (1999) атажұртқа асығып жеткендердің бірі – қазақтың қабырғалы қаламгері, таңжарықтанушы, арғы беттегі қазақ ауыз әдебиетін жинаушы Оразанбай Егеубаев ақсақал болатын. Ардақты ақын Таңжарық Жолдыұлының ғажайып мұрасын тастиықтап жиып, түбіжіктеп жариялап, тәпсірлеп ғылыми айналымға түсіру, қазақтың ең бір қомақты да сапалы бөлігі – Алтай, Тарбағатай, Іле аймақтарын жайлаған елдің көкірегінде қатталған асыл қазына – ауыз әдебиеті мұраларын шашпай-төкпей жинау тұтас бір ғылыми институттың атқара алар қызметі десек, еш әсіре сөз емес.
* * *
1935 жылдың желтоқсанында Шыңжаңның Шағантоғай ауданы Ойқұдық ауылында дүниежарық қақпасынан енген болашақ жазушының тағдыры да өз замандастары сықылды тар кезеңге тап келді. Оның балалық шағы «Үш аймақ көтерілісінің» нәтижесінде құрылған Шығыс Түркістан республикасының өте жымысқы жолмен – Кеңес өкіметі мен Қытай тараптың ымыраласуы, ым қағысуымен құрдымға кеткен тұсы еді. Қасиетті қанмен келген Жеңіс көзапара баянсыз етілді. Шығыс Түркістан Қытайдың құрамындағы автономиялы өлкеге айналып, бұрынғы ұлт қол жеткізген жетістіктердің бәрі уыстан шығып кетті. Енді еркін демала бастаған қазақтың мойынына ажырғы, қолына қолатқы қайта кигізіліп, ділі мен тіліне күзет қойылды.
Ал Оразанбайдың және оның қандас-тағдырластары: Мағаз Разданұлы, Омарғазы Айтанұлы, Қажығұмар Шабданұлы, Зейнолла Сәнік, Рахметолла Әпшеұлы, Оразхан Ахмет, Қаусылхан Қозыбай, Жұмаділ Маман, Құмарбек Сақарин, Қасымхан Уатханұлы, Серік Қапшықбай, Әзілбек Кінәзбек, т.б. сынды сөз иелерінің өмірлері Такламакан шөлінің Тарым аймағы мен Тұрпандағы азапты лагерьлерде өксіді.
Сөйтіп, әрқайсысы күллі бір ұлтқа айбар, абырой болажақ тұлғалардың алтын бастары – қайдағы бір «қызыл» есуастың «мәдени төңкеріс», «үлкен секіріс» сықылды есауан идеясымақтарының добына айналды. Шындығында, Мао өзінің жунгоішілік идеялық жауларына қарсы соғыс ашып қойған жоқ, ол сол сылтаумен қазақтай ұлы халықтың кеудесінен жүрегін жұлып алып, миын тарыдай шашып тастамақ болды.
Қанша жүрегін жасытам, жігерін құм қылам дегенмен қазақ арыстары ол азапты сапардан қайта бұрынғыдан да қайралып, шыңдалып, шынығып, тұлғаланып оралды. Міне, солардың бірі Оразанбай Егеубай еді.
Орекеңнің арғы беттегі шығармашылық жолын үстірт шолып өткенде көзге ілінгені мыналар: «Өмір өткелдері» (әңгімелер мен повесть, 1982, Үрімші), «Адам, ат, ит» (повестер, 1991, Үрімші), «Тау ұлы» (кинороман, 1991, Іле), «Таңжарық» (бес сериялы көркем телефильм, 1992, Бейжің), «Таңжарықтану» (1995, Іле), «Қазақ тарихындағы әйгілі адамдар – Таңжарық Жолдыұлы» (2000, Бейжің), «Таңжарық». Таңдамалы шығармалары» (құрастырған О.Егеубаев. 1985–1995, Үрімші), «Таңжарық ақынның екі томдық толық жинағы» (2001, Үрімші), «Зерттеу материалдары» (Діндік қиссалар, 1985, Үрімші), «Қазақ хиссалары – батырлық, тарихи жырқисса» (4т., 1984–1987, Бейжің), «Қазақтың ғашықтық жырлары» (3 т., 1982–1996, Үрімші) және бұлардан басқа 13 шығармасы ханзуша жарияланған.
Оразанбай аға елге келіп, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында жұмыс істеген жылдарын, институт шығарған 100 томдық «Бабалар сөзі» жинағына сүбелі үлес қосқанын, Шыңжаң қазақтары ауыз әдебиеті мұраларының 20 томын шашау шығармай туған әдебиет мұхитына ағынды ақ дария ғып жалғағанын ептеп білуші едім.
Ал мұрасымен дендеп танысқаным, автордың 2017 жылы шыққан бес томдық шығармасы қолыма тиюімен басталды. Көп ұзамай жазушының ұлы Айдынмен жүздестім. Іскер, кәсіпкер азамат екен. Мақсаты – Сарыарқаның ойы мен қырын қазақтың қасиетті тілінде сөйлейтін елге, елдің алдын «қазақша маңырайтын» малға толтыруды армандайтын Айдын түйдей құрдасым болып шықты. Бұл байланысымызды одан әрі нығайтты. Қаламгердің қарашаңырағында әлденеше мәрте мейман болып, Меңтай шешеміздің ақ батасын алудың сәті түсті. Осы жерде анамыз Меңтай Қабылқызы туралы бір әңгімені қозғаудың реті келгендей…
80-жылдардың басы болса керек, ұзақ жылғы айдаудан оралған қазақ қаламгерлері бір шаңырақта бас қосады. Дастарқандағы көңілді отырыс үстіне Меңтай кіріп келеді. Сол кезде төрде отырған Қажығұмар Шабданұлы орнынан тұра келіп әз басын иеді. Мұны ерсілеу көрген Мағаз Раздан: «Келінге басыңды игенің не болғаның?» деп ескерту жасайды. Сонда Қажығұмар: «Ей, Мағаз, мен келінге емес, қазақтың қастерлі Анасына басымды идім! Кәне, қайсымыздың қатынымыз осы Меңтай құсап ерінің соңынан еріп жүріп, Тарымның тақсіретін тартып, азаматы көрген азабын бірге кешіп, қамын қамдап, бабын тауып, онымен қоймай адалдан перзент сүйіп қайтып еді?» Мынау уәжге, қарсы сауалға:
Сәлем саған, Алтайым,
Тентегің сонша сағынды.
Жоғалып кеткен бір тайың,
Тарландап барып табылды, – деп көкірегі өксік пен сағынышқа толып келген ақын Мағаз жауап бермей, басын ғана изей береді…
* * *
Міне, менің алдымда Оразанбай ағаның «Көкбөрі» романының қолжазбасы жатыр. Уызына жарыған бай тілмен суреттелетін шығарма ғұмырнамалық сыпаттағы туынды. Романда автор өз тағдыры арқылы ұлт кешкен қилы кезең, қиын түйін, шиыр жолдарды аса шыншылдықпен суреттейді. Қытай империясының қитұрқы саясатының ішкі сырлары жазушы қаламының қуатымен шынайы әшкереленеді. Сөйтіп, келешек қазақ ұрпағына дұшпанның ішін ашады. Бұл туындыны сонау күллі ұлт тағдыры талқы мен тәркіге түскен қысталаң шақта жұртына сөз келтірмей, арына кір жұқтырмай өте алған азамат-қаламгердің ерлік дастаны десе жарасар…
Өкініштісі, бұл – «Көкбөрі» трилогияның алғашқы кітабы. Ал барлық материалы жинақталып, жазуға дайындап қойған екі романы сол күйі қағазға түспей жазушының қиял әлемінде біржола қалып қойды. Оның себебін қаламгердің бір сұхбатынан табамыз: «Арғы бетте жазып жариялауға өмір ауқымы жар бермей, кейін жазармын, атын «Үмітің үзілмесін», «Қашқын» қоярмын деп жүрген екі романға ұзақтан жинап-терген мол материалым бар еді. Арқалай келгем, Таңжарық жөніндегі қажеттіліктерді аяқтай салып, сол екеуін жазуды жоспарлағам. Ұлт тағдырының Қазақстанда сынға түсіп жатуы көкірегіме шоқ болып түскен соң бұл жоспарымды қоя тұруға бекідім. Ұлтқа, ұлт намысын қорғауға, тәуелсіздік тағдырына дәл қазір зәру, шипалы дәрі ол романдар емес, оны кейін жазуға болар, керегі – шеттегі қазақтар мен атамекендегі бірін-бір: жатсырай бастаған қазақтарды жақындастыру, табыстыру, қайда жүрсе де қазақ екеніне, тағдырының бір екендігіне көздерін жеткізу және Қытайдағы қазақ фольклорын бір арнада тоғыстыру, сол арқылы әлемге тұтас және биік тұғырмен көрсету болды. Өйткені ұлттың фольклорымен өзін-өзі тәрбиелеуі, жігерлендіруі ұлттық рухты оятады. Өшіп бара жатқанын лаулатады. Тілін, ділін, дінін, салт-санасын, отанын, ұлтын жанынан артық бағалайтын, ол жолда әрқандай құрбандыққа дайын тұратын отаншылдық жігерін, ұлттық идеясын асқындатады, мәңгілік ғұмыр бағыштайды. Қазақ фольклоры өз бойына шипалықтардың бәрін сыйғызған!» дейді жанкешті тұлға.
* * *
Міне, шын қаламгердің хас мұраты қайда жатыр? Ұлт қажеті үшін өзінің ең басты мақсатын құрбандыққа шалып отырған жоқ па? Мұндай тәуекелі бар ерлер болмаса мынау аладию дауылдар мен өңі жаман өрттер түткілеген жер бетінде ізіміз де қалмас еді.
Светқали НҰРЖАН,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты